Аймақтағы спорт 18 Шілде, 2019 (0) (185)

Сән-салтанаты келіскен спорт сайыстары өтті

«Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» бұқаралық спортқа, оның ішінде ауыл спортына жіті көңіл бөлінген. «Бұқаралық спорт саласында ел халқының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр», – делінген аталмыш құжатта. Осыған орай, әр аймақтың тұрғындары шама-шарқы келгенше түрлі турнирлерді өткізіп жүр.

Авторы: Мадияр Арстанбаев


Сондай додалардың бірі  - Үржар ауданы Айтбай ауылында Отан соғысы ардагері Ақан Тоқбаевты еске алуға арналған дәстүрлі спорт сайыстары. Биыл үшінші рет өткізіліп отырған спорт мерекесінің мақсаты бір жағынан қан майданда шейіт болға құрбандарға тағзым ету болса, екінші жағынан ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын берік ұстануына қажетті мереке іспеттес.

     «Айтбай ауылының тұрғындары асыға күтетін турнирге тек Үржар ауданы спортшылары ғана емес, Аягөз ауданынан да командалар келіп жүр. Бұл жарыс географиясының жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанының белгісі», - дейді ұйымдастырушылар.  Арнайы шақырылған құрметті қонақтардың ішінде Қайрат Болатұлы Тұрлыхановтың, Нұр-Cұлтан қалалық әкімдігінің Олимпиадалық резерв дайындау орталығы басшысы Самат Амангелдіұлы Қабдулин жане Нұр-Cұлтан қалалық әкімдігінің №7 БЖСМ  басшысы Азамат Болатұлының Имашевтердің қатысуы аталмыш жарыстың беделін айқындаса керек.  Ашылу салтанатында жарысқа қатысушыларға ақ жол тілеген меймандардан кейін, тартысқа толы ойындар басталып та кетті.   

     Шағын футбол, волейбол сынды командалық спорт түрлеріне қоса, гір тасын көтеру, үстел теннисі және қол күресі  сияқты бес додада 100-ден астам  сақа спортшылар мен жас өрендер бақ сынасты.

     Алдымен қол күресіне куә болдық. Алпыс келіге дейінгі бәсекеде Б. Жұмағалиев, А. Тілеуханов және Е. Төкейхановтар  үздік шықса, 60 келіден жоғары салмақта Д. Көшеков, Аңсар Әшімов және Мадияр Ақанқажиевтер топ жарды.  Жеңімпаз атанған Дулат Көшековтен жарыс жайлы сұрағанымызда «Қарсыластарым қарымды жігіттер екен. Жас та болса күші толысқан азаматтармен қол күрестіру қызық болды. Өзім жастайымнан осы спорт түрін серік етемін. Облыстық турнирлердің жеңімпазы да атанғанмын. Дегенмен, осы жолғы бәсекенің жөні бөлек болды. Ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіргім келеді», деп жауап қатты.

     Бізге қызық болғаны гір көтеру еді. Тартысқа толы жарыста Д. Әнжібай, А. Қожамсейітов және Б. Көшкенбаевтар  қарсыластарынан қара үзіп кетті. Қабанбай ауылынан келіп, гірді 90 рет көтерген Данияр Әнжібай былай дейді: «Жарыс деңгейі өте жоғары. Айтбай мен Шолпан ауылының марқасқалары мықты екен. Менің бірінші орын иеленгенім, 10-сыныптан бастап осы спортпен айналысқанымның арқасы деп білемін. Жатпай еңбек етіп, шеберлігімді шыңдап отырамын. Әйтпесе бәсекелестік жоғары болса, жүлдеге таласуың неғайбыл».

     Үстел теннисін меңгергендердің ойынына қарап, еріксіз қол соқтық. Жасөспірімдер үлкендерден қалмай өнер көрсетті. Спорт өнер емес, дей тұрғанмен теннисті өнер қыла білген өрендер арасында суырылып алға шыққан Арсен Әсет, Манарбек Анарбеков, Ернұр Нұрахметов сынды спортшылар өзгелерден озық ойын өрнегін көрсетті. Тенниске төрелік еткен Шалқар Әбішев жарысқа қатысушылар деңгейінің жоғары екенін, тіпті таң қалғанын айтады. «Бүгінгі үстел теннисіне қатысушылар өз ауылдарындағы осы спорт түрінің деңгейін айқындап берді. Олай дейтінім, бір ауылдан бір мықты ойыншының ғана шығуы мүмкін емес. Демек, ол жерлерде бәсекелестік өте жоғары және мұны түсіну қиынға соқпас».

     Волейболда Егінсу, Шолпан және Таскескен ауылдарының жігіттері жүлдегер атанды. Көпшілік қызыға тамашалаған  шағын футбол кеш батқанда бір-ақ бітті. Оған себеп, командалардың көп жиналуы еді. Нәтижесінде Үржар командасы 1-орынды иемденсе, финалға дейін үздік ойын көрсеткен аягөздіктер 2-орын және Жаңа тілек ауылының футболшылары қола жүлдеге қанағат білдірді.

     Барлық жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар диплом мен ақшалай сыйлықтар берілді. Жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын тудырған сайыстарды ауыл тұрғындарының келер жылы да асыға күтетіні анық. Таланттар көзі ауылда дейтін болсақ, бұқаралық спорттың шалғайдағы елді мекендерге ауадай қажет  екенін ұғыну қиын емес.



Ұқсас жаңалықтар

Жақсының аты өлмейді

10 Шілде, 2019 239

Туған жерге тағзым

02 Шілде, 2019 1038

Пікір қалдыру