Аймақтағы спорт 02 Шілде, 2019 (1) (920)

Туған жерге тағзым

Әдетте әлемдік және елдегі спорт жаңалықтарын халыққа жеткізуде қалтқысыз қызмет ететін спорт порталдарының ауыл спорты мен бұқаралық спортқа аса мән бермей жататыны жасырын емес. Негізі, таланттар көзі ауылда екені ешкімді таң қалдырмайтыны анық. Елбасының тапсырмасы бойынша, бұқаралық спортты қолдау мақсатында ауыл спортына көңіл бөліне ме, ол жағы бізге беймәлім. Біздің айтпағымыз мүлде басқа дүния еді.

Автор: Мадияр Арстанбаев

Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында Таскескен атты қаймағы бұзылмаған ауыл бар. Кезінде аудан орталығы болып дүрілдеген мекен дәл қазір тірек ауыл болып тұр. 90-жылдардың топалаңында жұрты қала жағалап, жөңкіле көшкен. Жасы кетіп, жасамысы қалған, ауыл баққан ері азайған Таскескеннің сонда да болса, түтіні түзу ұшып, халқы тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, қалаға ағылған жастар туған жерін ұмытпай тағзым етіп тұратыны қуантады.

      Биыл 1999 жылы Ы. Алтынсарин және Ақтанберді жырау атындағы мектептерін бітіруші түлектердің 20-жылдық кездесуі еді. Шілденің басына жоспарланған айтулы шара 1982 жылы туған азаматтардың  ұйымдастыруымен өтті. Мектептегі кездесулері, асы мен басқа да шаралары өз деңгейінде болды. Біздің баққанымыз спорттық іс-шаралар болатын.  Аталмыш азаматтар ауылға шағын футболға арналған заманауи алаң салып берді. Сонымен қатар, 20 шақырымдық аламан бәйге, тай жарысы, қазақ күресі мен шағын футболдан дүбірлі додалар ұйымдастырып, оған қоса көкпар мен ту қойды көтеру сияқты ұлттық спортқа да көңіл бөлді. Тағы бір айта кетерлігі,спорттық ойындарға тек ауыл тұрғындары ғана емес, Үржар, Аягөз, Сарқан аудандарының спортшылары, ал қазақ күресі үшін біраз жерден спортшылар ат арытып келді.

     Шағын футболда Жаңа тілек ауылының командасы үшінші орынға ие болса, Аягөз қаласынан келген жігіттер күміспен күптелді. Ал 1-орын Қызыл тудың аяқдопшыларына бұйырды. 

     Аламан бәйгеде Үржар, Таскескен және Тасбұлақ ауылдарының арғымақтары басқалардан оқ бойы озық келді. Тай жарысы додасында 1-орынды Науалы ауылының тайы еншілесе, қалған екі орын Аягөз және Сарқан қалаларының тайларына бұйырды. 

Бұдан бөлек қазақ күресі де жоғары деңгейде өтті. Аягөз қаласынан келген балуан бас жүлде алды, қалған орындар Таскескен мен Жарбұлақ ауылдарының балуандарына тиесілі. 

Қой көтеру сайысында қазақ күресінің жеңімпазы топ жарды. 

     Осылайша үш күн бойы туған дала төсін дүбірге бөлеген ауыл тумаларының мерекесі осылайша өз мәресіне де жетті және өздерінен кейінгі 1983 жылы туған інілеріне салтанатты ту тапсырылды.


Ұқсас жаңалықтар

Жақсының аты өлмейді

10 Шілде, 2019 141

Пікір қалдыру