Футбол 01 Шілде, 2019 (0) (77)

ҚПЛ: Көшбасшылар айқасы

Кеше Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры матчтары ойналды. Бір қызығы, бұл турда турнир кестесіндегі алғашқы алтылық өзара кездесті.


Алдымен қос мықтының ойынына тоқталайық. Бұл енді таза принципке сүйенген матч еді. «Астана» мен «Қайраттың» басы бір "қазанға сыймайды". Бұл жолы номиналды қожайын нұр-сұлтандықтар болғанымен, олар Павлодар стадионында ойнауға мәжбүр болды. «Қайрат» жақында ғана "Қазақ Мессиі" саналатын Сейдахметті қатарына қосқан. Бұл жанкүйерлер үшін тамаша жаңалық болды. Бір аптадан кейін Еурокубоктарға басталатын жорықты ескерсек, «Қайрат» үшін бұл бір таптырмас трансфер болды. Жә, ойынға келейік. Екі мықты ойынның 68-минутына дейін аңдысқаны анық. 68-минутта Дугалич есеп ашып алматылықтарды алға шығарса, араға 3 минут салып Айбол Әбікен есепті еселеп кетті. Бір қызығы, 2017 жылы Айбол дәл осы «Астанаға» 71-минутта гол соққан еді. Тарих қайталанады деген осы болса керек. Шпилевский баптайтын команда осы матчтан кейін 3-орынға берік орнықты.

«Тобыл» «Жетісуды» өз жерінде тізе бүктірді. Есеп 1:0. Гол авторы - Кассай (32). Қостанай командасы топ бастады. Олардың еншісінде 38 ұпай. Тіпті екінші орындағы Астананың екі ойыны артық, үш ұпайы кем.

«Ордабасы» «Қайсарды» қабылдады. Оңтүстік дербиі делінген ойында Қызылорда "қасқырлары" жеңіске жетті. Алдымен есепті Мбомбо ашқан. Ол 37-минутта қақпаны дәл көздеді. Үш минуттан кейін ерекше голдардың авторы атанып жүрген, "қазақтың Златаны" Тоқтар Жаңғылышбай есепті теңестірді. Дегенмен, қонақтар сапынан Махан белсеніп, 90+7 минутта командасына жеңіс сыйлады. Дәл осы тұста айта кетерлігі, екі команда да 30 ұпай жинап 4-5 орындарды бөлісіп тұр.



Қалған матчардың қорытындысы мынадай:

«Шахте»р «Таразды» жеңді, есеп 1:0. Гол авторы: Оралхан Өміртаев, 15.

«Оқжетпес» «Атырауды» талқандады. Нөсербаев, Алвес және Жұмахановтар көзге түсті.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ертісті» жеңді. Алдымен қонақтар есеп ашқан. Мулдинов 10-минутта-ақ мергендік танытты. «Ақтөбе» қарап қалмай, толассыз шабуылдап, Кәкімов пен Волковтың гол соғуына команда болып жағдай тудырды. «Ақтөбед»е қазіргі сәтте -1 ұпай бар.


Фотолар kazfootball.kz және fckairat.com сайттарынан.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру