Футбол 08 Маусым, 2019 (0) (190)

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА АРНАЛҒАН АЛАМАН ЖАРЫС

Артына ізгілікті із қалдырып кеткен жандарға құран бағыштап, игілікті шаралармен еске алып отырудың үлкен мәні бар. Ең бастысы - жастарға өткенді үлгі етіп, тәрбие дәнін еге білу. Бүгінгі еске алып отырғанымыз - 45 жыл бойы ауыл мектебінде бала оқытып, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан аяулы ұстаз, Казақ КСР оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері,Ұлы Отан соғысының ардагері, Қордай ауданының құрметті азаматы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагоикалық университетінің 1948-1951 жылдардағы түлегі, Ордабай Сәдібеков. Ұлағатты ұстаз биыл тірі болса 100 жасқа толмақ екен.


Осыған орай, Ордабай ақсақалдың туған ұлы, белгілі спорт журналисі, Ақын Ордабайұлы  шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы республикалық  ашық турнир ұйымдастырыпты. Ол жайлы әңгіме барысында айта жатармыз, алдымен Ордабай Сәдібеков туралы аз -кем мағлұмат бере кетсек.

«Ұстаздық еткен  жалықпас, үйретуден балаға» деп, данышпан Абай айтқандай, ұстаз – аяулы жан, құрметті адам. Солардың бірі – Ордабай Сәдібеков. Қазақтың оқу ордаларының ішіндегі ең алғашқы киелі қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоикалық университетін тәмамадап, бар  ғүмырын бала тәрбиесіне арнаған жандар жетеді, солардың бірі - Ордабай Сәдібеков. Ордабай атамыз Ұлы Отан соғысынан туған елге жеңіспен оралғаннан кейін, 1948-1851 Қазақ ұлттық педогоикалық университетіне түсіп  білім алады. Содан кейін туған ауылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Иірсу, Ворошилов елді-мекендеріне барып, ауыл балаларын оқытып, сауатын ашады. Сөйтіп ұстаздық жолға түседі. Содан табаны күректей 45 жыл мұғалім болып, ел қадірлеген  ұлағатты ұстазға айналады. Ордабай ағайдан оқып білім алған шәкірттер бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі қызметті, әр салада еңбек етіп жүр. Мәселен, бүгінде арамызда жоқ қоғам қайраткерлері Билібай Қашағанов,  Шабан Бәзілов, сатирик Бектұрсын Мәдиев, ақын Рза Қунақова тағысын тағы елге танымал адамдар - сол кісінің бел шәкірттері. Тәжірибелі ұстаз жас буындарға білім беруде педагогиканың соңғы жаңалықтарын шебер пайдаланып, өз тәжірбиесін де ортаға салып ерінбей еңбек еткені елеусіз қалмаған. Қордай ауданы бойынша ең үздік мұғалім атанып, Қазақ КСР-і Оқу ағарту ісінің үздік қайраткері деген атаққа ие болады. Сонымен қатар, Қордай ауданының құрметті азаматы атағымен де марапатталған.Ұлы Отан соғысында туған елді фашистерден азат етуде батырлығы үшін алған орден-медальдардің орны бір төбе. Сонау 1932 жылдары ел басына төнген нәубет ашаршылықты көзбен көріп, Ұлы Отан соғысында  майдан шебінде қантөгісті басынан кешірген ардақты ұстаз, 1939 жылдан әскерге алынып, 1946 жылы Жапон,Фин  соғысына да қатысып  туған елге аман- есен  оралады. Жыр алыбы Жамбылдың алдынан бата алып, ақиық ақын-композитор, Алатаудың бұлбұлы атанған  Кенен Әзірбаевпен бір ауылда бір ауаны жұтып, етене жақын  туыс болған інісі Ордабай Сәдібеков міне осындай адам болған. Ол кісі жеті баланы үлгілі етіп  өсіріп, қатарға қосыпты.  Бәрі де қазақ қоғамының зиялы азаматтары. Ал зайыбы Рәпия Халықова бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп отыр. Ел анасы атанған апамыз - қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш  киномеханик, КСРО кинематографиясының үздігі. Жемісті еңбектің иесі. Бақытты апаның омырауында «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы»  ордендері жарқырайды.  



Ордабай ақсақалдың жасы тоқсанға таяған шағына дейінгі өмірлік ұстанымы салауатты өмір сүру болған екен. Ендеше, ардақты ұстаздың құрметіне ұйымдастырылған шараның өскелең ұрпақ үшін мәні айрықша деп білеміз. Республикалық басылымдарда қызмет ететін қаламгерлердің басын қосқан аламан жарыс, Алматы  қаласының Орталық саябағындағы Спартак стадионында бас қосты. Жарысқа түсіп бағын сынауға келген  10 команда екі топқа бөлініп таңазаннан алғашқы ойындарын бастап кетті. Жарыстың салтанатты ашуылуына  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тахир Оспанұлы Балықбаев, Қазақ спорт журналистикасының ардагер майталмандары, белгілі комментаторлар Рабат Жәнібек, Диас Омаров, кикбоксингтен Еуропа чемпионы Елмұрат  Қайыпжанов, Алматы облысы Талғар ауданы спорт мектебінің директоры Дәурен Үшкемпіров сынды қадірлі қонақтар келіп қатысты. Жарыстың ашылуы рәсімінде  Ақын Орадабайұлы «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің құрметпен беріп жіберген «Патриоттық белсенділігі» үшін деген медалімен бірге, Ордабай  Сәдібековтің 100 жылдық мерейтойына арнайы  жасап шығаралған төсбелгіні айтулы жарыстың  өтуіне зор үлесін қосқан, салауатты өмір салтының жаршысы   Қазақ ҰПУ ректоры Тахир Балықбаев мырзаға салтанатпен табыс етті. Елге белгілі құрметті қонақтар жарысқа ақ тілектерін айтып, қатысушыларға ақжол тілегеннен кейін, еліміздің әнұраны ойналып, жарыс шымылдығы ашылды. Сонан кейін, командалар жасыл алаңда ойындарын бастап кетті.



Қаламгер қауымы, тартысты да тамаша өнер көрсету үшін бар шеберліктерін ортаға салды. Журналистер үшін шағын футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың мәні ерекше. Өйткені, ақпарат айдынында жүрген қаламгерлер бірі-бірімен  араласып, шер тарқасатын орындар әрине осындай дүбрлі жарыстар екені рас. Міне, осындай аламан жарыстарды аңсап қалған қаламгерлер үшін айтулы доп додасының  орны айрықша еді. Хош, сонымен күн көтеріле басталған Казақ КСР-і оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері,Ұлы Отан соғысының ардагері, Қордай ауданының құрметті азаматы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагоикалық университетінің  1948-1951 жылдардағы түлегі,  Ордабай Сәдібековтің 100 жылдық мерейтойына арналған, шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы республикалық  ашық турнир кеш бата бірақ мәресіне жетті. Ақтық финалда турнир иесінің туған ауылы Қордай ауданы Кененнен келген «Кенен-1» командасының  ойыншылары мен «Қаламгер» журналистер құрамасы кездескен еді. Екі команда да финалға дейінгі кездесулерінің барлығын жеңіспен аяқтап, тартысты ойындарымен көрермендердің көзайымына айналған жұптар болатын. Сондықтанда ақтық ойынның өте шиеліністі өтетініне күмән болмады. Солай болып шықты да. Жанарбек Әшімжан, Жандос Айтбайұлы, Оңғар Қабденов сынды танымал жураналистерден тұратын, тісқаққан ойыншылар жеңіс үшін барын салды. Дегенмен ауданаралық сайыстарда қарсыластарын сан соқтырып, жеңіспен желпініп жүрген Айдар Әуезтайұлы сынды ауыл спортының саңылақтары жұп құрған Кенен-1  командасы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, айтулы турнирдің бас кубогін жеңіп алды. Ойын соңында осындай керемет ойын додасын ұйымдастыруды қолдан келген көмектерін барынша  жасаған, турнирге бас  демеушілік еткен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагоикалық университетінің  ұжымына қатысушылардың да айтар алғыстары көп болды. Расыменде су жаңа стадиондағы  жаңа замануи технолгиялық төселген төсеніштер үстінде доп тепкен журналистердің алған әсерлерін айтып жеткізу мүмкін емес еді.

Сонымен, тартысқа толы өткен турнир де мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Қордайдан Айдар Әуезтайұлы бастап келген «Кенен-1» командасы иеленсе, жүлделі екінші орынды Жанарбек Әшімжан бастаған «Қаламгер» командасы жеңіп алды. Ал, қола жүлде алаң иелері  Абай атындағы ҚазҰПУ командасына бұйырды. Келесі кезекте ойын барысында көрермендерің қошеметіне бөленген талантты ойыншыларды марапаттайтын сәт те келіп жетті. Турнирдегі «Ең үздік ойыншы» атағына «Қаламгер» командасының ойыншысы Диас Қапжаппаров  ие болса, жарыстың ең үздік шабуылшысы болып Нұрлан Ақынбеков танылды.  Ал «Ең үздік қақпашы» номинациясы бойынша «Кенен-1» командасының ардагер қақпашысы Мұрат Кененов лайықты деп танылды. Сонымен қатар, ойын алаңында белсендік танытқан ойыншылар да назардан тыс қалмай мақтау грамоталары табыс етілді. Негізі турнирді ұйымдастырушы  Қазақстан журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов сыйлығының лауреаты, турнир иесінің баласы Ақын Ордабайұылының мақсаты дүбірлі өткен жарыс арқылы журналистер арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортқа соның ішінде футболға деген сүйспеншілікті арттыру болса, ол мақсаты жоғары деңгейді орындалды деп айтуға толық негіз бар. Жарыстан үлкен әсер алған қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп жатты. Дүбірлі өткен турнирдің  салтанатты жабылу сәті болып өткеннен кейін, аспанда бұлт торлап ақ жауын  себелеп жауа бастады. Көңілді күймен тарап бара жатқан халық, табиғаттың бұл көрінісін  нұр жауды деп жақсылыққа бағалады.





Қуаныш Бажақ


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру