Футбол 06 Маусым, 2019 (0) (112)

Қазақстан құрамасының маңызды ойыншылары саптан шығып қалды

Ұлттық құрамамыз Брюсселге ұшпай жатып, бірнеше ойыншысынан айырылды.


Еліміздің ұлттық құрамасы маусымның 1-інде Талғарға жиналып оқу-жаттығу жиынын бастаған. Бұл - 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясындағы Бельгия және Сан-Марино футболшыларымен өтетін ойындарға дайындығы еді. Алайда бәрі де ойдағыдай болмай тұр. Қазірдің өзінде төрт ойыншымыз қатардан шығып қалды.

Дайындық жұмысы басталған бетте Юрий Логвиненконың бұрынғы жарақатынан әлі толық айықпағаны анықталып, ол үйіне қайтарылды. Әрі оның орнына «Қайраттың» қорғаушысы Елдос Ахметов шақыртылды. Бұл басы ғана екен. Екі күннен кейін Азат Нұрғалиев пен Дмитрий Шомко да буынып-түйініп, өз клубтарына қайтуға мәжбүр болды.

Ресми түрде екеуі де «жарақаттарына байланысты өз клубтарына қайтарылды» деген ақпарат таратылды. Содан аталған екі ойыншының орнына «Ордабасы» командасынан Тимур Досмағамбетов шақыртылды. Ал бүгін Бактиер Зайнутдиновтің де алдағы екі ойында ұлттық құрама сапында жасыл алаңға шыға алмайтыны жарияланды.

Сөйтіп, Чехия маманы Михал Билек жаттықтыратын Қазақстан құрамасы төрт ойыншысынан айырылып отыр. Бәрі де – халықаралық додаларда шыңдалған, тәжірибелі ойыншылар. Әйтсе де, бүгін таңертең Талғарда соңғы жаттығу жиынын өткізіпті.

Енді Брюссельге жол тартып, маусымның 8-інен 9-ына ауған түні Бельгия құрамасымен додаға түседі. Енді бір жағымсыз жаңалық, «Хераклес» (Голландия) клубы сапындағы Александр Меркель Талғарға келген жоқ. Алатау бөктеріндегі оқу-жаттығу жиынына қатыса алмады. Естуімізше, ұлттық құрамаға Брюсселде қосылуы керек. Бірақ оның тамағы ауырып жүрген көрінеді. Десек те, сенбіге дейін жазылып кетеді деп үміттенеміз.


Дереккөз: InBusiness.kz

Автор: Маруан Түсіп


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру