Бокс 06 Маусым, 2019 (0) (134)

"Ғажайып атмосфера сыйлаймын". Головкин мен Роллс жекпе-жек алдында соңғы сөздерін айтты

Қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс алдағы жекпе-жек алдында соңғы ресми баспасөз мәслихатына қатысты.


Головкин осы сенбіде өтетін жекпе-жекте жанкүйерлеріне шоу сыйлайтынын мәлім етті. 

"Бәріңе сәлем. Мұнда келгеніме қуаныштымын. Бұл менің екінші үйім екенін білесіздер. Бұл мені қашан да қолдайтын отбасым. Маған мүмкіндік берсеңіздер, сіздерге ең үздік шоу көрсетемін. Менде ұзақ үзіліс болды, бірақ қазір ақылдырақ әрі мықтырақ болып оралдым. DAZN-ға, демеушілеріме, командама көп рақмет", - деді Головкин. 

Қазақстандық боксшы өзін жақсы сезінетінін және қарсыласты сыйлайтынын айтты. 

"Стив Роллс - жеңілмеген жігіт. Бұл үлкен бизнес әрі спорт. Ол сенбіде өтетін үлкен жекпе-жекке дайын деп үміттенемін. Бұл жақсы шайқас болады. Оның да "аш" екеніне 100 пайызға сенімдімін. Менің жекпе-жегімді өткізіп алмаңыздар, мен ғажайып атмосфера сыйлауға уәде беремін. Егер бокстың нағыз фанаты болсаңыздар, менің жекпе-жегімді жіберіп алмаңыздар", - деді Головкин.

Ал Стив Роллс осы сенбіде GGG-ге оңай қарсылас болмауға уәде берді. 

"Құдайға, DAZN мен GGG Promotions-ке алғыс айтқым келеді. Осында болу үшін ұзақ сапар жүрдім. Бұл қиын мақсат және жақсы мүмкіндік. Бұл жаттығу жекпе-жегі болмайды. 8 маусымда өзімді орта салмақтағы үздік боксшылардың бірі ретінде көрсетемін", - деді Роллс. 

Ал Головкиннің бапкері Джонатан Бэнк GGG-дің алдағы қарсыласын дұрыс бағалау керек екенін айтты. "Роллс өмірінің соңғы жекпе-жегіне шыққандай жұдырықтасады. Джошуаға қарсы жекпе-жек те сондай болған - Энди Руис бар күшін салды. Стив секілді оның да жоғалтар ештеңесі болмады. Сондықтан, Роллс - қауіпті қарсылас. Оған бей-жай қарамаймыз. Жоспарымыз бар. Сол жоспар бойынша сенбіде GGG жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантады деп үміттенемін", - деді Бэнкс.

Естеріңізге салсақ, Головкин - Роллс жекпе-жегі 164 келіге дейінгі аралық салмақта өтеді. Бұл Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегі болады. Головкин үшін бұл - DAZN стриминг сервисімен келісімшарт аясындағы алты жекпе-жектің алғашқысы. Сонымен қатар, ол алғаш рет жаңа бапкері Джонатан Бэнкстің жаттықтыруымен жұдырықтасады. Кездесу қазақстандық уақытпен 9 маусымда таңда басталады. Жекпе-жекті QazSport және Qazaqstan телеарналары көрсетеді.


Дереккөз: Tengrinews.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру