Футбол 29 Мамыр, 2019 (1) (133)

Еуропа лигасы: Қос ағылшын клубының қайсысының бағы жанады

Бүгін УЕФА Еуропа лигасы финалдық ойынын өткізеді. Аталмыш кездесу Әзербайжан астанасы - Баку қаласындағы Олимпиадалық стадионда Англияның «Челси» және «Арсенал» командалары арасында болады.


Қос команда да бұдан бұрынғы жылдарда негізінен Чемпиондар лигасы ойындарында бақ сынап жүргені белгілі. «Челси» командасы 2011/2012 жылғы кезеңде сол бәсекеде  кубокты төбесіне көтерсе, «Арсенал» 2005/2006 жылғы кезеңде финалға дейін жетті. Ал алғашқы атауы Жәрмеңке кубогы аталып, одан кейін УЕФА кубогы болған, одан кейін Еуропа лигасы сайысы ретінде жанкүйерлерге белгілі сайыста «Челси» 2012/2013 жылғы кезеңде жеңімпаз атанды. Ал «Арсенал» 1969/1970 жылғы кезеңде дәл сондай жетістікке қол созды. Сондықтан екі команда аталмыш дүбірлі додада бір-бір мәрте кубок иегері болды. Бүгінгі жеңіс қайсысына да екінші жүлде есебінде саналады.

Былтыр «Челси» Англия Премьер-лигасында бесінші орынды қанағат тұтты. Бұл аталмыш командаға УЕФА Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік берді. Турнирде ағылшын клубы L тобында сынға түсті. Топтық кезеңде Грекияның ПАОК клубымен 1:0, 4:0, Венгрияның МОЛ «Види» командасымен 1:0, 2:2, Беларусьтің БАТЭ клубымен 3:1, 1:0 есебімен ойнап, өз тобында бірінші орын алды. Одан кейін 1/16 финалда Швецияның «Мальме» клубын 3:0, 2:1 есебімен орта жолда қалдырып кетті. Ал 1/8 кезеңде Украинаның «Динамосын» 6:0, 3:0 есебімен тас-талқан еткен олар ширек финалда Чехияның «Славиясын» 4:3, 1:0 есебімен жеңіп кетті. Жартылай финалда Германияның «Айнтрахт» (Франкфурт) командасымен екі ойында да 1:1 есебімен тең түскен олар финалға пенальти тебу арқылы шықты.

Өткен жылы «Арсенал» Англия Премьер-лигасында алтыншы орын алып, УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Е тобында Украинаның «Ворскласымен» 4:2, 3:0, Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) клубымен 1:0, 0:0, Әзербайжанның «Карабах» командасымен 3:0, 1:0 есебімен ойнады. Олар жарыстың 1/16 сатысында Беларусьтің БАТЭ клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, өз алаңында 3:0 есебімен басым түсті. Ал 1/8 финалда «Арсенал» Францияның «Ренн» командасына сырт алаңда 1:3 есебімен есе жіберсе де, өз алаңында 3:0 есебімен қарымта қайтарды. Ширек финалда Италияның «Наполиін» екі кездесуде де 2:0, 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Испанияның «Валенсиясын» 3:1, 4:2 есебімен сүріндірді. Осылайша финалға берілген жолдаманы қалтаға басты.

Қос команда бүгінгі күнге дейін 198 мәрте өзара шеберлік байқасты. Бұл ойындарда «Челси» 63 мәрте жеңіске жетсе, «Арсенал» 76 рет мықты екенін көрсетті. Ал 59 кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ.

Болжам жасаушылар бүгінгі кездесуде екі команданың да жеңімпаз атануға мүмкіндігі бірдей екенін айтады. Әрине, оны жасыл алаң төріндегі шеберлер тартысы анықтап береді. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу УЕФА Еуропа лигасы бомбардирін анықтауы мүмкін. «Челси» шабуылшысы Оливье Жиру еншісінде 10 гол болса, «Арсенал» футболшысы Пьер-Эмерик Обамеянг 8 голдың авторы атанды. Ендеше, олар бүгінгі кездесуде сол көрсеткішін жаңалауға мүмкіндік алады. «Челси» мен «Арсенал» арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 00.50-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Дереккөз: ҚазАқпарат


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру