Футбол 19 Мамыр, 2019 (0) (130)

«Қайсарды» кім тоқтатады? «Астанаға» не болды?

Апта соңында, әдеттегідей Қазақстан Премьер-лигасының тағы бір туры өтті. Бірқатар матчтарды қызықты өтті деуге де болады. Әсіресе Қызылорданың «Қайсары» нағыз қасқырға тән өрлік көрсетіп жатыр. «Астана» тағы жеңілді. Енді соларға жеке-жеке тоқтала кетейік.

    

 

«Оқжетпес» - «Қайсар» - 1:2

Ең қызықты матч сенбі күні Көкшетауда ойналды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі, 5 ойын бойы жеңілмей келе жатқан сәйгүліктерді қызылордалық «қасқырлар» «жеп қойды». Сөйтіп «Қайсар» өзінің жеңіліссіз сериясын 11 матчқа ұзартты. Соңғы рет бұл команда наурыз айының 13-і күні «Тобылдан» жеңілген болатын. Матчқа келетін болсақ, армян легионері Барсегян 10-минутта-ақ Сыр командасын алға шығарды. Араға 27 минут салып, Алвес есепті теңестірген. Дегенмен, екінші таймның бел ортасында Мақсат Байжановтың орына шыққан Джон жеңіс добын соқты.

«Тобыл» - «Атырау» - 3:0

Үздіктер қатарында жүрген  қостанайлық клуб «Атырауды» ойсыратты. Алаң иелері сапынан Федин, Жулпа және матч түгесілгенде Валиуллиндер гол соқты.

«Ордабасы» - «Тараз» - 3:0

Дәл осындай есепке оңтүстік өңірдің қос командасы арасындағы матчта куә болдық. Көршілер ойнаған ойында Жанғылышбай, Жоау және Махлангу көзге түсіп, шымкенттік команданы алға сүйреді. Алдыңғы екеуі мергендігімен көбірек танылып жүр соңғы кездері. Әсіресе қазақстандық жас шабуылшының қимылы көз сүйсінтеді.

«Жетісу» - «Ақтөбе» - 1:1

Турнирдің айқын аутсайдері «Ақтөбе» Талдықорғанда ұпай ұстанды. Сөйтіп өзінің минучтағы ұпайын тағы 1-ге азайтты. Алаң қожайындары сапынан Жақсылықов мергендік танытса, Абат Айымбетов те қарап жүрмей, командасын тең нәтижеге жеткізді.

«Қайрат» - «Ертіс» - 2:1

«Халық командасы» деп аталатын алматылық клуб бүгін жеңбесе, жанкүйерлері кешірмес еді. Соны түсінген Шпилевский шәкірттері маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Адеринсола Эсеола 6 және 41 минуттарда дубль жасаса, Рохер Каньяс есепті қысқартуға ғана жететін бір доп соқты.

 «Астана» - «Шахтер» - 1:2

Нұрсұлтандықтар жеңіледі десе, ешкім сенбес пе еді, кім білсін?! Бірақ бұл футбол ғой, сонысымен де қызық. Алаң иелері үшін бәрі сәтті басталған. Жүйелі шабуылдар, сәтті қорғаныс... 34-минуттағы Роман Мұртазаевтың голы... Ал екінші таймда қарағандылықтар таң қалдырды. «Астананың» бұрынғы ойыншысы Марат Шахметов пен Зенев айналасы он минуттың ішінде қос гол соғып, қонақтарды жеңіске жетеледі.

Турнирлік кестенің алдыңғы орнында «Астана» келеді. Басқалардан екі матч артық ойнаған Григорчуктың командасы ешкімге жеткізер емес. Дегенмен екі матчтары кем «Қайсар» мен «Тобыл» оларды өкшелеп келе жатыр. Ал «Ордабасы» кешегі жеңісінің арқасында төртінші орынға көтерілсе, «Қайрат» шымкенттіктерден бір саты төменге жайғасты. Көш соңында -5 ұпайы бар «Ақтөбе» келе жатыр.


Фото "Астана" ФК ресми сайтынан алынды


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру