Футбол 13 Мамыр, 2019 (0) (65)

Қазақстан Премьер-Лигасы: Ірі клубтар тағы жеңілді

Өткен аптаның соңында Қазақстан Премьер-Лигасының 10-туры ойындары өтті.



Бұл жолы да сенсациялар сериясы (сенсация деуге келсе, әрине) жалғасты деуге болатындай. Әлде бұл болуы тиіс дүние ме, кім білсін?..

Бұрындары жиі жеңіле қоймайтын «Астана» екі тур қатарынан сүрінді. Бұл жолы «Тараз» командасы нұрсұлтандықтардың адымын аштырмады. Әсіресе жас қақпашы Мұхаммеджан Сейсен тамаша сейвтер жасап, жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болды. Матчтың алғашқы таймы алма-кезек шабуылдармен есте қалса, екінші таймның басында Ньюадзи есеп ашты. Елордалық клуб қанша шабуылдағанымен, түк шықпады. Қайта «Тараз» есепті еселеп кетті. Лобжанидзе 76-минутта ойынның нүктесін қойды.

«Қайратым», қайда қайратың», деп жүр оңтүстік астананың жанкүйерлері. Батысқа барған «Халық командасы» тағы жеңілді. Атыраулықтар Бьедовтің 35-минутта, Аблитаровтың 69-минутта соққан голдары арқасында үш ұпай олжалады. Эсеола екінші таймның басында есепті теңестірген болатын. Дегенмен Шпилевский шәкірттерінің шамасы тең ойынға да келмеді.

«Қайсар» - «Тобыл» - 5:1. Естеріңізде болса, өткен турда қостанайлық команда Алматыда жергілікті «Қайратты» дәл осындай есеппен іремей сойған еді. Енді міне, «бұқаға туған күн бұзауға да туды». «Қасқырлар» матч басынан-ақ шабуылға иек артты. 9-минутта Барсегян белсеніп, есеп ашты. Бірінші таймның соңына дейін Мбомбо мен Асхат Тағыберген есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші таймның бас жағында Квеквескири есепті қысқартқан. Алайда бұл гол «Қайсарды» қамшылағандай. 85-минутта Барсегян дубль жасаса, Абзалов ойын соңында көзге түсті.




«Ертіс» - «Ордабасы» - 0:2. Жанғылышбай мен Жоаудың қос голы Шымкент жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

«Ақтөбе» - «Оқжетпес» - 0:2. 33-минутта Қазақстан құрамасының экс-ойыншысы Жамбыл Көкеев автогол авторы атанды. Бұл әрине көкшетаулықтарға қол еді. Араға 20 минут салып, Димитриев тағы бір гол соғып, қонақтар жеңіске ие болды. Бір ескере кететін жайт, «Оқжетпес» қатарынан бесінші ойында жеңілген жоқ. Ортаңқол ұжым үшін бұл тамаша жетістік.

«Шахтер» - «Жетісу» 2:0. Алаң иелері сапында жас пері Пайруз ойын бастала салысымен мергендік танытты. «Жетісудің» салы суға кетті, оның үстіне 59-минутта Керімжанов алаңнан қуылды. Ал Пешич болса, «Шахтерды» алға сүйреп, бір голдың авторы атанды.

10-турдан кейін, 11 ойын өткізген «Астана» 1-орында тұр. «Тобылды» жеңген «Қайсар» 20 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпай «Тобылда» бар еді.

Өткен айда үздік ойыншы атанған Азат Нұрғалиев «Тобылға» ауысқалы ғаламат ойнап жүр. Оның еншісінде әзірге 5 гол.

Ел біріншілігінің келесі туры 18-мамырда өтеді.


Суреттер fckaysar.kz, fctaraz.kz сайттарынан алынды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру