Сұхбат 03 Мамыр, 2019 (0) (160)

Тұрсынбай Құлахмет: Мадримовпен өткен кездесу финалдық жекпе-жектен кем болған жоқ

Бокстан Бангкокте өткен Азия чемпионаты елімізге жаңа чемпиондар сыйлады. Таиланд төріндегі додада 75 келіде қарсылас шыдатпаған боксшылардың бірі – Тұрсынбай Құлахмет. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ірі жарысында алтыннан алқа таққан жас боксшы Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, құрлық додасынан кейінгі әсерімен бөлісті.


- Азия чемпионатының алтыны менің ересектер арасындағы алғашқы жүлдем. Осы додаға қаңтар айынан бері үздіксіз дайындалдық. Ғалымбек Кенжебаев пен Мырзағали Айтжанов ағаларымыз бар білгенін үйретіп, бабымызды келтірді. Құрлық сынында чемпион атануыма бапкерлер көмегі мен өзімнің жеңіске деген құштарлығым себеп болған сияқты, - дейді Тұрсынбай. 

Тұрсынбай Құлахметтің құрлық додасындағы ең басты қарсыласы – өзбекстандық Исраил Мадримов болатын. Көрші елдің беткеұстар боксшысы біздің жас таланттың алдында қауқарсыз болып шықты.



- Шыны керек, Мадирмовпен кездесу мен үшін финалға пара-пар жекпе-жек еді. Ол әуесқойлардан бөлек, кәсіби бокста да өзін көрсетіп үлгерген спортшы. Оның кездесулерін сырттай бақылап жүретінім рас. Ал Азия чемпионатында одан басым түсуіме жеңіске деген жігерім көмектесті деп айта аламын. Дәл сол Мадримов сияқты мықты боксшыларды жеңсем деп армандайтынмын. Сол ойымды орындаудың сәті түсті. Одан бөлек, жекпе-жек алдында бапкерлерім жігерлендіріп, сүйектен өтетін сөздер айтты. Осыдан кейін жеңілу мүмкін емес еді. Кейін Исраилді қонақүйден кездестірген ағайлар оның бет-жүзі көгеріп кеткенін, менің соққыларым оңай болмағанын айтуда (күлді). Бірақ өзім тікелей көрген жоқпын. Бір байқағанымда бас киімін төмен қаратып киіп алған екен. 

75 келідегі финалдық бәсеке де біздің боксшы үшін оңай болған жоқ. Тұрсынбайды үнділік боксшы күтіп тұрған еді. 



- Финалдағы қарсыласым мен үшін сәл ыңғайсыздау болды. Бойы да, қолдары да менен әлдеқайда ұзын. Десе де, алтыннан көз жазып қалмау үшін барымды салдым. Жекпе-жек өте оңай болды деп айта алмаймын. Бастысы, аянып қалған жоқпын,  - дейді боксшы.

Тұрсынбайдың Азия чемпионатындағы жеңісінен соң 75 келідегі бәселестік одан әрі шиеленісе түсті. Өйткені, бұл салмақтың көшін 2017 жылғы әлем чемпионатының, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл бастап тұр. 

 - Менің салмағымда Әбілхан еліміздің үздігі саналады. Оған күмән келтіруге болмайды. Одан бөлек жас бокшылар да бар. Бірақ бәрін шаршы алаң көрсетеді. Әбілханмен былайғы өмірде сәлеміміз түзу, ал рингте қарсыласпыз. Барлығын екеуара жекпе-жек шешетіні сөзсіз. Алдағы Президент кубогі додасында кездесетін шығармыз. Кім мықты болса, сол жеңеді деп ойлаймын. Менің де әлі білмейтінім көп. Бапкерлерім Азия біріншілігінен кейін де тоқтауға болмайтынын, жетілдіретін тұстарым бар екенін ескертуде. Соның бәрі жадымда тұр. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Бәріміздің көкейіміздегі арман – Олимпиада ойындары. Мен де төртжылдық додасына қатысу үшін барымды саламын, - дейді ол. 




Сөз соңында Тұрсынбай өзіне жанкүйер болған халыққа ризашылығын айтты. 

 - Жанкүйерлерге көп рахмет! Халықтың ықыласы қай жерде жүрсең де сезіледі. Жеңіске жеткен соң ең бірінші болып ата-ана, бауырларым телефон шалды. Анам финалдық жекпе-жекті көре алмай, тек жеңімпаз есімін атайтын кезде ғана теледидар алдына келіпті. Мен жұдырықтасып жатқанда бір орында отыра алмаса керек. Ата-анамның, халқымның сенімін әлі талай ақтағым келеді, - дейді Тұрсынбай Құлахмет. 


ФОТО: Данияр Майлыбаев


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру