Alaman Ақпарат 26 Сәуір, 2019 (0) (114)

ХОК Қазақстан спортшыларынан олимпиада жүлдесін қайтаруды талап етуде

Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындары кезінде допингке қарсы ережелерді бұзған қазақстандық спортшылардан медальдарды қайтарып беруді талап етуде.


2016 жылы ХОК Тәртіптік комиссиясы мен Спорттық арбитражды сот (CAS) 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лондонда өткен XXIX  және XXX Олимпиада ойындарына қатысқан жеті қазақстандық спортшының көрсеткішін жоққа шығарды. Олар допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстан шеттетіліп, иеленген жүлделерінен айырылды. 

Алайда, ереже бұзған спортшылардың барлығы медалін қайтаруға асығар емес. Олимпиада жүлдесін толығымен қайтарған спортшылар қатарында Илья Ильин, Владимир Седов, Алмас Өтешов пен Зүлфия Чиншанло бар. ХОК талаптарын ең бірінші болып Илья Ильин орындағанын айта кеткен жөн. 



Зілтемірші Мария Грабовецкая қола медалін қайтаруға міндетті. Алайда, спортшы жүлдені қайтарып, федерациямен байланысудан бас тартып отыр. Ирина Некрасова мен Майя Манеза да осы бағыттан таяр емес. Некрасова 2008 жылғы Олимпиада ойындарының күмісін, Манеза 2012 жылғы Лондондағы доданың алтынын қайтаруы тиіс.

Светлана Подобедова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын медалін жоғалтып алғанын жеткізді. Медальді іздеу шаралары әлі де жалғасуда.



2008 жылғы Олимпиада ойындарында еркін күрестен күміс медаль иеленген Таймураз Тигиев те көптеген әріптестері секілді медальді қайтаруға асығар емес. Сондай-ақ, қазіргі таңда ол Ресей Федерациясының азаматы саналады. 

Грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетов Бейжіңдегі қола медалін қайтару туралы тәртіптік комиссия шешімімен келіспегендіктен, ХОК-қа арнайы хат жіберді. 

ҚР ҰОК ресми хаттарды 2019 жылдың 2 сәуірінде ауыр атлетика федерациясына, 2019 жылдың 3 сәуірі күні күрес федерациясына қайтадан жіберді. 

«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ХОК Тәртіптік комиссиясының міндетті шешімдерін орындау туралы жұмысты жалғастыруда.  ҰОК бекітілген тәртіптік ережелерді толығымен орындайды. Медальды қайтарудан бас тартып, ХОК талаптарын орындамау толығымен алғанда Олимпиадалық қозғалыс ережелері мен Олимпиада хартиясын орындамау болып табылады». Сол себепті, біз бірнеше рет біздің федерацияларды ережелерді толығымен орындауға шақырдық. ХОК медальды қайтару туралы бізге бірнеше рет хат жіберді. Біз өз федерацияларымызға жолдадық. Соңғы сұранымдар ағымдағы жылдың сәуірінде жіберілді, - дейді халықаралық қатынастар жөніндегі директор Әлімжан Ақаев. 


Дереккөз: Olympic.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру