Хоккей 25 Сәуір, 2019 (0) (64)

«Сарыарқа» қалай жеңіске жетті?

Күні кеше хоккейден «Петров кубогының» финалында қарағандылық «Сарыарқа» Ресейдің «Рубин» құрамасын сырт алаңда 4:1 есебімен ұтып, 2-ші мәрте жеңімпаз атанды.

Чемпионат қалай басталды?

2018 жылы біріншілік басталмас бұрын, «Сарыарқа» клубы басты фавориттердің бірі саналды. Оған басты себеп, кезінде Құрлықтық Хоккей Лигасында «Локомотив», «Металлург» сынды мықты клубтармен жоғарғы жетістікке жеткен әйгілі фин маманы Кари Хейккиляның «Сарыарқаны» баптауға келіскені еді. Алайда аты мықты болғанымен, нәтиже көңіл көншітпей, 9 ойында 3 рет қана жеңіске жетіп, 1 айдан кейін-ақ клубпен қоштасты.

Оның орнына келген Дмитрий Максимов та тізгінді көп ұстай алмады. Жеңісті жолға бастай алмаған Дмитрий қарашада «Сарыарқадан» кетуге мәжбүр болды. 3 ай ішінде 2 бапкер ауыстырған клуб 2014-2015 жылдары құрамамен жоғары жетістікке жеткен Леонид Тамбиевке ұсыныс тастап, өзара тез тіл табысты. Одан кейін жағдайы мәз емес 18-ші орындағы «Сарыарқаға» жан бітіп, чемпионатты 10-шы орынмен аяқтады.



ПЛЕЙ-ОФФ

1/8 финал.                                     

Югра(7) – Сарыарқа(10) – 0:4

Ширек финал.

Нефтяник(2)Cарыарқа(10) – 3:4

Жартылай финал. СКА-Нева(1)Сарыарқа(10) – 0:4

Финал.

Рубин(4)Сарыарқа(10) – 1:4

Біріншілікті төмен орынмен аяқтаған «Сарыарқа» плей-офф барысында кіл мықтылармен иық тіресті. Бірақ жеңімпаз болу жолында ешқандай команда кедергі келтіре алмады. Ол жайында бас бапкер Леонид Тамбиев: «Плей-оффта «Нефтяник» пен «Рубин» бізге қатты қарсылық көрсетті. Алайда біз олардан басым түстік. 4 ай ішінде осындай мықты ұжым құрғаныма өзім таңғаламын. Былтыр «Динамо» жеңімпаз болу үшін, 2 жыл баптап едім. Ал бұл жеңістің орны бөлек.» - деп ағынан жарылды.

Қарсылас «Рубинның» хоккейшісі Максим Веревкин де «Сарыарқаға» жоғары баға берді: «Серияны жеңіспен бастасақ та, кейінгі серияларда өз деңгейімізде ойнағанымызға қарамастан, қарсыластарымыз ойындарына ойын қосып басым түсті».


Бұған дейінгі финалдар қалай аяқталған?

2012/2013 – финал. «Торос» - «Сарыарқа» 4:3

Құрлықтық Хоккей Лигасына кіре алмаған «Сарыарқа» 2-ші деңгейлі Жоғарғы Хоккей Лигасына мүше болды. Алғашқы жыл болса да, жерлестеріміз чемпионатта қарсылас шыдатпай, топ жарды. Сонымен қатар чемпионат барысында 23 ойын қатарынан жеңске жетіп, рекорд орнатқан. Алай біріншілікті 1-ші орынмен аяқтаған қарағандылық клуб финалда фаворит саналса да, тәжірибелі «Торостан»  шешуші 7-ші ойында Қарағандыда 0:3 есебімен жол бердік.


2013/2014финал. «Сарыарқа» - «Рубин» 4:2

Араға жыл салып, «Сарыарқа» чемпионатта топ жармаса да, кеткен есені қайтара алды. Бұл жолы аутсайдер ретінде саналса да, финалдық ойынды сенімді түрде ұтты.


Қандай көрсеткішті жаңартты?

- «Рубинді» жеңу арқылы «Сарыарқа» клубы Жоғарғы Хоккей Лигасын жеңгендердің тізімінде 2-ші орынға шықты.  «Торос» 3 рет жеңімпаз болған.

- «Сарыарқаның» плей-оффтағы жеңісі Жоғарғы Хоккей Лигасының чемпионатында ең төменгі орынмен аяқтаған команда ретінде тіркелді. Себебі, «Сарыарқа» біріншілікті 10-шы орынмен аяқтаған. Бұған дейінгі көрсеткіш «Торос» чемпионатты 8-ші орынмен тәмамдап, плей-оффта чемпион атанған.

- Бас бапкер Леонид Тамбиев 2 жыл қатарынан 2 түрлі клубпен жеңімпаз атанған алғашқы адам. Бұған дейін ол 2018 жылы «Динамомен» топ жарды.

- «Сарыарқаның» бағы Леонид Тамбиев бұған дейін де 2014-2015 жылдары клубтың тізгінін ұстаған. Ол кезде чемпионатта 1-ші орын алып, плей-оффтың жартылай финалында «Торосқа» 0:4 есебімен жол берді.

- Жоғарғы Хоккей Лигасында Ресейдің 25, Қытайдан 2, Қазақстаннан 2 команда өнер көрсетеді. Алайда 2 клуб болғанына қарамастан, жетістіктеріміз ауыз толтырарлық. «Сарыарқадан» бөлек, Өскеменнің «Торпедосы» 2016-2017 жылы чемпионатты жеңіп, плей-оффтың финалына дейін жеткен.


Құрлықтық Хоккей Лигасына өте аламыз ба?

Қарсыластарды сенімді ұтқан Қарағанды командасы ендігі маусымда «Барыспен» бірге ҚХЛ-да өнер көрсетсе деген жанкүйерлердің қарасы мол. Алайда мамандардың пікірі бойынша «Сарыарқа» клубына басты 2 мәселе бар. Біріншісі – Қарағанды аэропорты халықаралық статус ие болмаса, екіншіден, хоккей алаңы ҚХЛ-дың техникалық талабына сай келмейді. Сондықтан әлі де ЖХЛ-де жүретініміз анық!


Автор: Қанат Байұзақов


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру