Футбол 24 Сәуір, 2019 (0) (185)

Төрешілер чемпионаты: Әділ ойынға жете аламыз ба?

Ел чемпионатының 6-шы туры фавориттердің өзара ойынына толы болғанмен, тағы да төрешілер қателіктерге жол берді. Ол жайында «Жетісу» бас бапкері Дмитрий Огай ойын соңы пікірінде ашық айтты.



«Осылай жалғаса берсе, «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы»  өзара бас бәйгені  сарапқа салсын. Біз олардың ойынын көріп отырайық. Бұндай ел чемпионаты кімге керек?» деп мәлімдеме жасаған «Жетісу» бас бапкерінің сөзінің жаны бар. Себебі, «Тобылмен» ойында бұрыштамадан тікелей гол соққаны есептелмесе, «Ордабасымен» кездесуде таза голын ойыннан тыс қалдыға балады. Осылайша, қараптан-қарап, «Жетісу» 6 ұпайдың орнына 1 ғана ұпайға иелік етті. Дегенмен, төрешілердің қателігі «Астана» - «Оқжетпес», «Қайрат» - «Оқжетпес», «Оқжетпес» - «Тобыл» ойындарында да орын алды. Бұл жайында Қазақстан Футбол Федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин: «Мен кей кездесулердегі төрешілердің жұмысына көңілім толмайды. Мысалы, «Тобыл» мен «Жетісу» арасындағы ойын осыған дәлел. Қостанайдағы төрешілердің жұмысын тез арада сараптап, қажет болса төрешілерді футболдан алыстату қажет»  деді.

Төрешілерді алыстату сабақ бола ма?

Біріншіліктің өткен маусымына көз жүгіртсек, бас бапкерлердің төрешілерге деген наразылықтарын оңай байқаймыз.

«Қайраттың» бас бапкері болған испандық маман Карлос Феррер: «Төрешілер пенальти белгілеу үшін, футболшыларды шалып құлату жеткіліксіз, олар алаңда мертіккен жағдайда ғана пенальти қойылады» десе, «Астана» клубы «Тобылмен» болған ойыннан кейін бас қазы Данияр Сахиды кінәлады. Бірақ клуб оның қателігін дәлелдей алмады.

Өткен жылдың басты жаңалығы төреші Алексей Бобровтың футболдан 3 жылға шеттетілуі болды. «Қайсар» - «Ордабасы» ойынынан кейін төреші маған қауіп төндірді деген сылтаумен ҚФФ-ға арызданған еді. Іс барысында Алексейдің қылмыстық топпен байланысы бар екені анықталып, футболдан алыстатылды.

Одан бөлек, Марат Искаковтың 1 ойында 3 пенальти белгілеуі, т.б әрекетін ҚФФ төреші лауазымына сай келмейді деп, Рустам Омаровты футбол барысында қарапайым дүниелерді ескермегені үшін 2018 жылдың соңына дейін алыстатты.

2018 жылдың өзінде біршама төрешілерге «инквизиция сотын» жасағанымен, әзірге 2019 жылы төрешілердің лас жұмысы қашан тыйылатыны белгісіз...



Ел чемпионаты кімге керек?




Төрешілер ойын тағдырын шешеді дегенмен, өзге клубтардың шырылдауының жаны бар. Себебі, жылына тек футболдың өзіне қыруар қаржы құйылады.

Кестеден байқағанымыздай, көптеген өңірлерде спорттық жағынан қаржыны футболға бөлу басым болып тұр. Тіпті ойыншыларына қарыз әрі -12 ұпайымен чемпионатты бастаған «Ақтөбеге» спорттық бюджеттің 40%-ын бөлсе де, тығырықтан шыға алар емес. Яғни, футболдың бір маусымында ел клубтарына 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Алайда оның көпшілігі шетелдік легионерлерді бір жылға жалға алып (2018 жылдың мәліметі бойынша 105 легионер), келесі жылы қайта мемлекеттің қаржысын жұмсайды. Табыс табатындардың ішінде «Астана» мен «Қайратты» ғана айта аламыз. Өзгелердің жағдайы «баяғы жартас сол жартас».

Биылғы ел чемпионаты алдында да «Дене шынықтыру және спорт» заңына сәйкес, футболға бөлінетін қаржы қысқаруы тиіс еді. Дегенмен, «Қайсардың» былтырғыдан қарағанда бюджеті 1 млрд теңгеге артып, 3-тікке таласу мақсаты қойылса, «Тобыл» жаңа стадион соғып үлгерді.

Бұл тақырып жыл өткен сайын қозғалады. Бірақ әкімшілік тарапынан бөлінетін қаржы артпаса, кеміген түрі жоқ. Егер әкімшілік тарапынан бөлінер қаржы көлемі азайса, «Жетісудың» бас бапкері Дмитрий Огай айтпақшы, чемпионатта 4 не 5 клуб қана ойын көрсетпек...

Ойын әділ болу үшін бәлкім, төрешілердің ойын соңынан кейінгі бағалау жүйесін енгізерміз? Көрші Өзбекстан чемпионатында дәл осы жүйе қолданудың арқасында қателіктен сабақ алған әлемге танымал Равшан Ирматовтың шыққанын айтудың өзі жеткілікті. Мүмкін сол жүйе ел чемпионатындағы төрешілердің біліктігін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі қазының шықпасына кім кепіл?!


Автор: Қанат Байұзақов



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру