Футбол 22 Сәуір, 2019 (0) (174)

Соғыстан спортқа: Доп жібермес қақпашы жайында не білеміз?

Күні кеше Чемпиондар лигасында ұтылған «Манчестер Сити»-дің азулы клубқа айналуының басты сыры – араб шейхтерінің сансыз ақша құюы деп түсінеді. Алайда «Манчестер Сити»-дің ХХ ғасырдың бел ортасында да еш ақшасыз әлемді өзіне қаратқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Сол жетістікке жетелеген басты тұлға, қақпашы - Берт Траутманн.



Балалық шағы

Бернхард Карл «Берт» Траутманн 1923 жылы өмірге келген. Берт кішкентай кезінен спортқа жақын болып өседі. Гандбол, футбол ойындарына әуестеніп қана қоймай, Бременнің «ТуРа» футболдық клубының сол қапталында қорғаушы да болды. Алайда 1933 жылы фашистік идеологияның дәурені жүріп тұрған уақытта футболды тастап, «Юнгфольк» атты ұлттық-социалистік жастар ұйымына мүше болды. Ол жерде жеңіл атлетикадан бірнеше мәрте жүлделі орындарға ілігеді. Ал 1941 жылы 18 жасар Берт өз еркімен соғысқа сұранып, аттанады.


Соғыс атты шытырман оқиғаны өз көзіммен көруге қатты ынтықтым. Алайда күн өткен сайын сұмдық жайттарды көрдім. Адам өлімі, жараланған әскерлер т.б. жайттардан шошитындай халге жеттім, - дейді бір естелігінде.

Берттің соғыстағы алғашқы күндері оккупацияланған Польшада өтті. Ешнәрсе істемей іші пысқан Берт үнемі жолдастарымен әзілдесіп жүретін. Сондай сәттің бірінде жүріп тұрған көлікті істен шығарады. Соғыс заңы бойынша аталмыш жайт «атылу жазасына» тең еді. Алайда Берттің бағы жанып, түрмеге кетті. Ол жерде аппендицит дертіне шалдығып, түрмені ауруханаға ауыстырды. Жазылған соң, оны Шығыс фронтқа аттандыру жайында шешім шығарылады. Днепр жеріндегі соғыс өртіне араласқан Берттің жасағы жеңіліске ұшырап, полктерінен тірі қалған 2-3 адам Кеңес Одағының тұтқынына айналды. Бірақ тұтқында көп болмай, қашып құтылады. Осы әрекеті үшін оны неміс басшылығы құрметтеп, Франция жеріне жібереді. Дегенмен, ол жерде де жеңіліске ұшырап, қайта жау әскерінің қолына түседі. Бірақ қайта қашып шығады. Қайта-қайта тұтқындалудан шаршаған Берт өз туған жері Бременге оралады. Алайда ол сәтте батыс одағы немістердің шабуылын тықсырып, Германияға ат басын тіреген еді. Туған қаласында да қашып-пысып жүрген Берттің азаттық өмірі ұзаққа созылмай, АҚШ жауынгерлеріне ұсталады. Атылу жазасына ұшырап, бар амалы - тағы да қашуға бел буады. Бағы жанып, американдықтардың түрмесінен шыққан сәтте оны қарсы алдынан ағылшын әскері күтіп алады.



Осылайша, Берт 1948 жылға дейін Англияның Ланкашир қаласында жазасын өтейді. Сол жерде тұтқындардың арасында өтетін футбол ойынындарында ерекше көзге түседі. «Хейдок Парк» әуесқой клубымен жолдастық кездесуде ол орталық қорғаушы рөлінде ойнап, жарақат алады. Қатты жарақаттанса да, Берт футболды тастамай, қақпашы болуға шешім қабылдайды. Түрмеден бостандыққа шыққан соң да, өз еліне қайтпай, мина тазалаумен айналасады. Бос уақытында футбол ойнап жүргенде, «Сент-Хеленс Таун» клубының көзіне түсіп, құрамына қабылданады. Клуб сапындағы жарқын ойынын «Манчестер Ситиге» қарсы жолдастық кездесуде өткізіп, бірден әйгілі командалардың қызығушылығын тудырды. Бойы ұзын, физикалық күші мықты, шабуылды жақсы бастайтын қақпашы кімді қызықтырмасын?! Бірақ 1949 жылы «Манчестер Ситиге» аяқ басқанда, 20 мың жанкүйер «бізге фашист керек емес» деген желеумен арнайы қарсылық шерулерін ұйымдастырады. Ойынға бармаймыз деген жанкүйерлердің ығын қайтаруда команда капитаны әрі «Нормандия» шайқасында Бертке қарсы соғысқан Эрик Уэствудтың «Біздің жаттығу бөлмемізде соғыс жоқ!» деген сөзі мен Берттің уақыт өте келе мықты ойыны ерекше әсер етті. 3 жыл ішінде тек «Манчестер Сити» ғана емес, қарсылас командалардың ыстық ықыласына бөленген қақпашы жайында ақпарат неміс жеріне де жетеді. Әйгілі «Шальке» клубы қақпашыны сатып алу жөнінде ұсыныс жасаса да, сатудан бас тартады. Тіпті 1954 жылғы Әлем чемпионатына ФРГ құрамасы шақырады деп те күткен еді. Алайда ФРГ бас бапкері қанша мықты болса да оны алудан бас тартты.



«Манчестер Сити» қақпашысының әлемге танылған сәті 1956 жылы Англия кубогының финалында  «Бирменгемге» қарсы кездесуі болып табылады. Неге?


Берт Траутманн: 72 минутта допты қайтару үшін алға жүгіргенімде, қарсыластың шабуылшысы Питер Мерфимен үлкен жылдамдықта соғыстық. Оның тізесі менің мойныма тиіп, бірден талып қалдым. Ол кездері бір ғана дәрі «сиқырлы» губка мен суық су еді. Біздің дәрігер жедел арада мені қалпына келтіруге тырысты. Себебі, 1956 жылы алаңдағы ойыншыны алмастыру қағидасы енгізілмеген еді. Сондықтан менің алаңнан кетуім, жеңіліспен пара-пар болатын. Ойынды әрмен қарай жалғастырғанда көз алдымда барлығының түсі бірде – сұр, бірде – қараға ауысып, тұман арасында жүргендей күй кештім. Тіпті соңғы 15 минуттың қалай өткені есімде жоқ. Кейіннен теледидардан қайталап көргенде, 1-2 керемет голдан қақпамды аман алып қалғаныма куә болдым. Кездесу біткенше тағы 2-3 рет құлап, есімді жиып отырдым, тіпті мойнымды еш қимылдата алмадым. Келесі күні Лондон ауруханасында мойнымның бұлшық еті созылып, тез жазылатындығын айтты. Алайда 3 күн бойы мойным көзіме көк шыбын үймелетті. 3 күннен кейін мойнымды рентгеннен өткізгенде, 5 мойын омыртқамның сынғанын байқадық. Бұл жайттан менің аман қалуым таңғажайып жайт еді.

Бұл жайттан кейін көп ұзамай, ұлы мен әйелін көлік қағып, Берттің футболдық мансабына кері әсерін тигізеді. 1956-1957 жылғы ел чемпионатында «Манчестер Сити» айтулы рекордты орнатады. Қарсылас қақпасына 104 гол салумен қатар, 100 гол жібереді. Әйтсе де клуб Берт Траутманнды бірінші қақпашы ретінде ойната берді. 15 жылдық футбол мансабында 545 ойын өткізген ол 1964 жылы қоштасу ойынында 5:4 есебімен жеңіске жетеді.


Берт Траутманн:

·            Ағылшын кубогын ғана иеленсе де, оны мықты қақпашылардың біріне жатқызады.

·            Траутманн футболдық мансабында өз қақпасына белгіленген пенальтидың 60%-ын қайтарған.

·            1964 жылы оның қоштасу кездесуін 60 мың жанкүйер тамашалады. Бұл дегеніміз жанкүйерлердің оны қатты құрметтегенін көрсетеді.

·            Берт «Манчестер Ситидың» құрмет тақтасына кірді. Ол жайында 1963 жылы Лев Яшин: «Әлемде тек екі мықты қақпашы бар. Бірі – мен, екіншісі – Берт Траутманн», - деп айтқан.

·            1997 жылы «ФРГ үшін еңбегі сіңген» құрметіне, 2004 жылы Британ империясының орденіне ие болды.

·            2013 жылы Испания жерінде 89 жасында қайтыс болды.


Автор: Қанат Байұзақов



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру