Күрес 22 Сәуір, 2019 (0) (125)

Аружан Ережепова: Бекет Махмұтов атындағы Азия кубогының деңгейі өте жоғары болды

20 – 21 сәуір күндері Алматы қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының құрметті президенті Бекет Сапабекұлы Махмұтовтың құрметіне дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтті.


Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өткізіліп отырған Азия кубогы тәжірибе алмасып, жас спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге халықараралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес әлемдік рейтингте ұпайлар беріледі. Жарыс жеңімпаздарына 100 ұпайдан берілсе, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерге 40 ұпайдан қосылады. Жасөспірімдер арасында өткен жарыста Қазақстан құрамасы 11 алтын, 10 күміс және 20 қола жүлдемен медаль кестесінде көш бастады. Жарыстың екінші күнінде татамиге жастар шығып, 14 салмақ дәрежесінде жүлдені сарапқа салды. 8 алтын, 8 күміс, 16 қола жүлдемен Қазақстан бірінші орынға шықты. 

Алтын жүлдеге ие болғандардың бірі, болашағынан зор үміт күттіріп отырған дзюдошы қыз - Аружан Ережепова. Турнир жеңімпазы атанғанда жас спортшыдан қысқаша сұхбат алғанбыз.




Аружан, турнир жеңімпазы болдың, құтты болсын!

- Көп рахмет!

Бекет Махмұтовтың құрметіне арналған Азия кубогына алғаш қатысуың ба?

- Иә. Алғаш рет бағымды сынап тұрмын.

Басқа жарыстардан айырмашылығы қандай екен?

- Бұған дейінгі қатысқан додалардан деңгейі анағұрлым жоғары екеніне көзім жетті. Қарсыластарым да өте қарымды, әрі қарулы екен. Тәжірибемнің толыса түсуіне жақсы себеп болды бұл жарыс.

Қай белдесуің қиындығымен есте қалды және финалдағы қарсыласың Таңсұлу Тілеуберген туралы не айтасың?

- Қарсыласыммен бұған дейін үш рет кездескенбіз. Таңсұлу - өте тәжірибелі дзюдошы. Соңғы рет Тәшкенде өткен Азия кубогында оған жол бергенмін. Бұл жолы барымды салып, жеңіске жеттім. Ең қиын, ең маңызды белдесу осы болды.

Бапкер ақыл-кеңестер берді?

- Жаттықтырушым Бейбіт Сұлтанов үнемі дұрыс бағыт беріп отырады. Татамиге шығар алдында жігерімізді жанып, қарсыластың әлсіз және мықты тұстарын айтып, әдіс-тәсілдерді дұрыс орындауға кеңес береді

Алда қандай жоспарлар бар, тағы қандай турнирлерде қатысасың?

- Алда Польшада өтетін Еуропа кубогы жақындап келеді. Соған қатысатын шығармыз.

Көп рахмет! 



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру