Бокс 19 Сәуір, 2019 (0) (82)

Азия чемпионаты: Қазақстандық боксшылар алғашқы кездесуінде жеңіске жетті

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшелері алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді.


Құрлықтық додада 56 келіде шаршы алаңға шыққан Қайрат Ерәлиев корей жігіті Ю-Чан Лиді тізе бүктірді. Сондай-ақ, 64 келіде Санатәли Төлтаев жарыстың 1/8 финалдық сатысында жеңіске жетті. Ол Индонезиядан келген Либертус Гахтан басым түсті. Ал 75 келіде ел намысын қорғап жатқан Тұрсынбай Құлахмет те өз әріптестерінің жеңісті жолын жалғастырды. Қазақстандық былғары қолғап шебері жарыстың 1/16 финалында Солтүстік Кореядан келген Чон Ил Хонды жеңді. Осындай табысқа 91 келідегі боксшымыз Василий Левит те қол жеткізіп, жарыстың 1/8 финалында ирандық Поурия Амиридің осал тұсын тапты.

Кешкі бағдарламада жарысқа шыққан 52 келідегі Әнуар Мұзапаров моңғолиялық Енхмандахом Хархуды еш қиындықсыз жеңсе, +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев Непал елінен келген ауыр салмақтағы боксшы Ашиша Дувадиден басым түсті.

Сонымен бүгінгі кездесулерде келесі айналымға еліміздің алты боксшысы жолдама алды. Ал өзге салмақтағы спортшылар өз қарсыластарымен жарыстың басқа күнінде кездеседі.





Дереккөз: ҚазАқпарат

Фото: Olympic.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру