Бокс 16 Сәуір, 2019 (0) (104)

Ғалымбек Кенжебаев: Азия чемпионатында көкейдегі көп сұраққа жауап аламыз

Бүгін Тайландта бокстан Азия чемпионатының шымылдығы түріледі. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі биылғы маусымдағы маңызды турнирлер қатарында.


Olympic.kz тілшісі Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевпен тілдесіп, құрлық додасы қарсаңындағы маңызды сұрақтарға жауап алды. 

- Жаттығу деңгейі көңілден шығады. Спортшылар жаттығу жиындарынан тыс қалмай, мүмкін болған халықаралық турнирлердің бәріне қатысты. Қазір олар нағыз бабында, - дейді бапкер. 

- Биыл Олимпиада қарсаңындағы қарбалас маусым басталды. Қандай турнирлерге басымдық беріп отырсыздар?

 - Азия чемпионаты ең маңызды жарыстардың бірі. Тап осы сында біз команданың қандай жағдайда екенін бағамдаймыз. Жігіттердің бәрі де тәжірибелі. Оның үстіне, құрама сапында жасы келген спортшылар да бар. Сондықтан, олардың әлеуетін байқап, қазіргі жағдайын бақылаймыз. Бұл тек Азия чемпионатында ғана емес, барлық турнирлер барысында қаралады. 

Алда Қазақстан Спартакиадасы мен өзге де сындар бар. Ұлттық құрамаға әлем чемпионаттары мен жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынаған жастар қосылды. Жас спортшылардың буыны қатайып келеді. Жақын арада тісқаққан боксшылардың ізін басатын да солар. Азия чемпионатында көптеген басы ашық сауалдарға жауап аламыз. Тіпті, буын алмасу кезеңі де өтуі мүмкін. Тайландқа Қазақстан чемпиондары аттанды. Бапкерлер кеңесі ақылдаса келе, оларға тағы бір мүмкіндік беруді жөн көріп отыр. Осы жарыс қорытындысы бойынша біз лицензиялық турнирлерге кімдердің қатысатынын анықтаймыз.

  - Құрлық біріншілігінде боксшыларымызға басты қарсылас атанатын кімдер?

 - Ең басты қарсыластарымыз – Өзбекстан мен шаршы алаң қожайыны саналатын Тайланд боксшылары. Тайлықтар өз жерінде үнемі жақсы бокс көрсетеді. Одан бөлек, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарынан міндетті түрде медаль алып жүр. Үндістан мен Қытай боксшыларын да есептен шығаруға болмайды. Жалпы алғанда, қазір сары құрлықтағы бокс деңгейі өте жоғары. 2020 жылы Олимпиада ойындарын қабылдайтын Жапония боксшыларының да деңгейі биік. Олардың өте жақсы дайындалып жатқаны байқалады. Оңтүстік және Солтүстік Корея, Моңғолия, Филиппин боксшылары да алға басып келеді. Сондықтан, бұл Азия чемпионаты көптеген мәселелерді шешетіні сөзсіз.

Еске сала кетейік, бокстан Азия чемпионаты 16-26 сәуір күндері Бангкок (Тайланд) қаласында өтеді. Қазақстан спортшылары 10 салмақта бақ сынайды. 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру