Ұлттық спорт 13 Сәуір, 2019 (0) (249)

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінде Ұлттық ат спортынан Жастар арасындағы І Азия чемпионаты мен Бүкіл әлемдік этноспорт конфедерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» атты ІІ Халықаралық этноспорт форумына орай баспасөз мәслихаты өтті.


Алматы қаласы Спорт бас­қармасы басшысының орынба­сары Еркебұлан Кенжеболатов, Алматы облысы Спорт басқар­масы басшысы Нұрбақыт Теңіз­баев, сондай-ақ ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы ди­ректоры Рахат Жақсыбай атал­мыш шаралардың дайындық жұ­мыстарына тоқталып, БАҚ өкіл­дерінің сауалдарына жауап берді.

– Жастар арасындағы І Азия чемпионатына тек еліміздің емес, бірқатар мемлекеттердің ең таң­даулы, жас та болса тәжірибелі спортшылары қатысады. Бұл әсіресе, Ұлттық спорт түрлерінің кең қанат жаюына, жас маман­дардың тәжірибе алмасуына, шыңдалуына ерекше серпін береді, – деді Н.Теңізбаев.

– «Әлемнің 30-ға жуық мем­лекетінен 150-ден астам этно­спорт делегациялары қатысады деп күтіліп отыр. Оның ішінде спорт министрлігі басшылары, ұлттық спорттың майталмандары, халық­аралық дәрежедегі жаттық­тыру­шылар, тәжірибелі төреші­лер, мықты спортшылар мен қоғам қайраткерлері қатысады. Қазір барлық қонақтарды күтіп алу  және форумның жоғары деңгейде өтуі үшін дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр», – деді Е.Кен­жеболатов.

 «Жастар арасында болатын І Азия чемпионаты, Алматы қаласында өтетін Халықаралық этноспорт форумы да барлы­ғымызға үлкен жауапкер­шілікті міндеттейді. Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері осы екі шараға да үлкен қолдау білдіріп отыр. Сонымен қатар, ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігі, Бүкіл­әлемдік этноспорт қауымдас­тығы, TІKA агенттігінің де қамқор­лығын көріп отырмыз. Қалай десек те әлеумет үшін және шет елден келетін құрметті қонақтар үшін де жақсы жағдай жасауымыз тиіс», – деді Р.Жақсыбай.

Айта кетейік, 16–21 сәуірге белгіленген чемпионат көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жам­бы ату спорт түрлерінен Алматы қаласы маңындағы «Байсерке-Агро» атшабарында өтеді. Азия­ның 10 елінің құрама команда­ларының қатысуымен өтетін бай­рақты бәсекеге Қазақ­стан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбек­стан, Тә­жікстан, Ауғанстан, Қыр­ғызстан, Венгрия, Түркия, Малайзия мемлекеттерінің үздік спортшы жастары І Азия чем­пионатының жүлделерін сарапқа салады.

Ал 20-21 сәуірде «Royal Tulіp Almaty» қонақүйінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Бүкіләлемдік этноспорт конфе­дерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» ІІ Ха­лықаралық этноспорт форумы өтеді. Халықаралық шаралардың Бас серіктесі – «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры.

Дереккөз: "Алматы Ақшамы" газеті


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру