Alaman Ақпарат 11 Сәуір, 2019 (0) (139)

ҚР ҰОК спортшылардың Токио-2020 олимпиадасына дайындық барысын талқылады

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР мәдениет және спорт Министрлігі жазғы спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың Токио-2020 Олимпиадасына дайындығын талқылау мақсатында бірлескен жиын өткізді. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама бапкерлерімен өткен кездесуге Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекшілік етті леп хабарлайды Olympic.kz.


Төртжылдық додасының басталуына бір жылдан аса уақыт қалды. Бүгінгі таңда спортшылардың алдында Токио ойындарына жолдама алу міндеті тұр. Жиын барысында бокс, дзюдо, семсерлесу, таеквондо, күрес түрлері, нысана көздеу, су добы, велоспорт пен ауыр атлетикадан бас бапкерлердің есебі тыңдалды. Өзге де олимпиадалық спорт түрлеріндегі бас бапкерлер командамен бірге жарыста жүргендіктен, олардың есебін мамырдың аяғына дейін тыңдау жоспарланып отыр.


 


«Токио-2020 Олимпиада ойындарына дайындықты талқылау үшін бүгінгі жиынды ұйымдастырған Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс білдіреміз. Министрлік, ҰОК және федерациялар бірлесе отырып, қазақстандық спортшылардың Олимпиадаға іріктеу кезеңінен сәтті өтуіне жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ, олардың сапалы түрде дайындалуына күш салуымыз керек»,  - деді министр.

 

Жиын барысында бапкерлер барлық командалардың қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталғанын, кадр мәселесі мен медициналық жабдықтау тұрғысындағы қиындықтардың шешілгенін атап өтті. Қазақстан ҰОК президенті кешенді-ғылыми топтардың мәселесіне назар аударуды тапсырды.

 «Ең алдымен спортшылардың функционалдық дайындығы мен фармакологиялық тұрғыдан қамтамасыз етілуін реттейтін ресурстарымыз болуы тиіс. Сондай-ақ, спортшыларды ең басты жарыстарға нағыз бабында апаруға міндеттіміз. Кешенді-ғылыми топ мүшелері олармен тығыз жұмыс істеуі керек», - деді Т. Құлыбаев.

 Қазіргі таңда кешенді-ғылыми топ құрамындағы 110 маман (дәрігер, массажшы, психолог пен биохимик) күн сайын спортшылармен бірге оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарда қызмет етуде. 




Қазақстан ҰОК басшысы «таза спорт» ережелерін сақтаудың маңыздылығына тағы да тоқталып өтті.

 «Допингке деген теріс көзқарасымызды нақты әрі сенімді түрде жариялауымыз керек. Сол себепті, әрбір спортшы, әрбір бапкер мен әрбір кешенді-ғылыми топ қызметкері біздің спортшыларды аталған проблемадан сақтандыру керектігін түсінуі қажет. Бұл тұрғыда біз ең мықты ұстанымнан бас тартпаймыз. Егер қандай да бір ереже бұзушылық байқалып, дәлелденсе, спортшылар мен жаттықтырушыларды түрлі тәсілдермен жазалауға міндеттіміз. Бүгінде Парламентте спортшының жауапкершілігін арттыра түсетін допингке қарсы заң жобасын қаралып жатыр. Осы орайда депутаттардың спортқа оң көзқарас танытып, мұндағы проблемаларды бірлесе шешуге үн қосқанына алғыс айтқым келеді», - деді ҰОК президенті.

 Сондай-ақ, ол отандық спортта допингпен күресу мәселесі бірінші кезекте тұратынын ескертті.

«Бұл мәселеге өте сақ болып, үнемі бақылауда ұстау қажет. Әрбір құрама мен әрбір спортшы үшін іс-шара жоспарының нақты болуын ұсынамын. Спортшылардың міндеті болуы тиіс. Олардың допинг қабылдауға құқығы жоқ», - деді ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

 Айта кетелік, Қазақстан ҰОК допингке қарсы орталық және спорттық федерациялармен бірлесе отырып, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы допингке қарсы шаралар аясында әрбір спортшымен жекелеген жұмыс жүргізуді жалғастырады және жыл бойына жарыстан тыс бақылау өткізеді. Бір жыл шамасында Халықаралық Олимпиадалық комитеттің талаптарына сәйкес жарыс кезінде және жарыстан тыс уақытта 3000 сынама алу жоспарлануда.

Қазіргі таңда алда тұрған басты міндет – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Бүгінде қазақстандық жеңіл атлет спорттық жүріс бойынша Олимпиада ойындарының жолдама беретін нормативті орындады.

2019 жылы ұлттық құрама командалар 28 лицензиялық әлем чемпионатына, 19 Азия чемпионатына, сондай-ақ, Олимпиада ойындарына квота беретін 12 әлемдік іріктеу турниріне қатысуды жоспарлауда. 2020 жылы біздің командалар 3 әлем чемпионаты, 19 Азия аймақтық, 18 әлемдік іріктеу турнирлеріне қатысады. Сондай-ақ, лицензия алу үшін рейтингілік ұпай беретін 50-ден аса әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынау міндеті тұр. 2020 жылдың 25 маусымында лицензиялық жарыстар тізбегі толығымен аяқталады. 



Мамыр айында Манчестер қаласында таеквондодан әлем чемпионаты өтеді. Әлемдік дода алдында Оңтүстік Кореяда өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Біздің алдымыздағы ең маңызды дода – Токиодағы  Олимпиада ойындары. Төртжылдық додасына қатысу үшін Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы түзген рейтингте үздік бестікке ену қажет. Әзірге бізде мұндай спортшылар жоқ. Десе де, әлем чемпионатынан кейін өтетін Азия аймақтық іріктеу сынында олимпиада жолдамасын иеленетін мүмкіндігіміз бар», - дейді таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ю Йонг Джин.




Су добынан ерлер командасының бас бапкері Александр Шведов Токио-2020 ойындарына жолдама алу туралы жоспарларымен бөлісті.

 «Су добынан Олимпиада ойындарына Азия аймағындағы іріктеу турнирі келесі жылдың ақпанында біздің астанамызда өтеді. Бүгінде командамыз аталған сынға дайындық үстінде. Барлық қарсыластарды жеңуге болады. Сол себепті, Олимпиада ойындарына қатысатын мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда команда Ресей чемпионатындағы кездесулерін аяқтап, Әлемдік лиганың суперфиналына дайындықты бастайды. Аталған турнир арқылы әлем біріншілігіне дайындығымызды пысықтаймыз. Бәрі жоспар бойынша өтуде. Қазақстан ҰОК бізді барлық қажетті құралдармен, кешенді-ғылыми топ мүшелерімен жабдықтады», - дейді су добынан Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Шведов.

Еске сала кетейік, Токиодағы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру