Alaman Ақпарат 09 Сәуір, 2019 (0) (110)

Эверест шыңын бағындырған қазақ

Тәңіртаудай шыңы бар қазаққа тау спорты – альпинизм, әрине, жат емес. Жер жаннаты Жетісу, қарлы Алатау тәңірдің біздің халыққа берген сыйы десе болғандай. Кезінде альпинизм тек жүрегінде түгі барлардың ғана әуесі десек, бүгінде альпиниада белсенді туризмнің бірі болды. Алматыда жыл сайын «Алматы Альпиниадасын» өткізіп, Шымбұлақта мереке ұйымдастыру дәстүрге айналған.


Ал жалпы альпинизм деген кәсіби дүниеге келсек, «қазақ альпинизмінің» басында тумысы бөлек Қазбек Валиев тұр. Қаз­бек 1982 жылы Бірінші Кеңес Гималай экспедициясы сапында жердің ең биік шың­дарының бірі Эвересті бағын­дырған тұңғыш қазақ. Бүгінгі альпи­низмге келсек, қазақта атақты альпинист Мақсұт Жұмаев бар. М.Жұмаев әлем­дегі барлық 14 «сегізмыңдық» шыңдарды ба­ғын­дырған санау­лы спорт­шылардың бірі.

Алматы қаласы Альпинизм федерациясының қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Ол – белгілі қазақстандық шыңға шығу­шы­лармен кездесу ұйымдас­тырып, спортшы-студенттерге ашық сабақ өткізу. Осындай лекция-кездесулердің бірі Қазақтың спорт және туризм академия­сында атақты Қазбек Валиевпен өтті. ҚазСТА-ның Туризм факу­ль­тетінің студенттерімен өткен кездесуде «Алатау барысы» – Қазбек Валиев Кеңес Одағы кезіндегі альпинизмнің тарихы мен жеңістері жөнінде, Қазақ­стан альпинизмнің қалыптасуы жайында айтып берді.

– 1970 жылдардың аяғы 1990 жылдардың басы альпинизмнің шарықтау дәуірі десе болады. Маған талай қызықты да қиыншылықты тау сапар­ла­рына, мега-маршруттарға қатысу бұйырды. Әрине, КСРО командасы сапында. Ол кезең Қазақстан альпинизмнің де қалыптасқан уақыты болатын, қазақстандықтар КСРО құра­масының 35 пайызын құрайтын. Біздің өз «стадион-тауларымыз» болатын. Біз әлемдегі ең күшті командалардың бірі едік, – дейді Қазбек Валиев.




Қазбек Валиев Эверест шыңын 1982 жылы серіктесі В.Хрищатыймен бірге Е.Ильин­скидің жетекшілігіндегі әске­рилер командасы сапында бағындырды. Сосын Валиев-Хрищатый жұбы Памирдің (7495 м.) Коммунизм шыңын бағындырды. 1988 жылы Қ.Ва­лиев, Ю.Маисеев және чех Золтан Демьян тұңғыш рет Оңтүстік-Батыс Дхаулагири шатқалына шықты (Гималай, 8167 м.). Бұл сол жылдың ең жоғары альпинистік жетістігі деп танылды.

1989 жылы КСРО-ның бірне­ше дүркін чемпиондары қазақ­стандық альпинистер екінші Кеңес Гималай экспедициясына қатысып, Канченджангу шыңын бағын­дырды (Гималай, 8586 м.). 1997 жылы Қазбек Валиев жетекшілік ететін Хантәңірі шыңындағы халықаралық аль­пинистер ла­геріне планетаның ең мәртебелі альпинисі Райн­хольд Месснер келді. Атақты альпинист «Мен қазақстандық спортшыларды қатты құрмет­теймін. Олар тікжар тауларға тұңғыш шығып, биік шыңдарды бағындыратын. Ол кезде бұл әлемдік аль­пи­низмдегі тың жаңалық болатын» деген сөз айтқан.

КСРО еңбек сіңірген спорт­шысы, Халықаралық дәреже­дегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Ва­лиев кейін де бірнеше Гималай экспеди­циясының ұйымдас­тырушысы, жетекшісі болды.

Спорт академиясында өткен кездесуде студенттер нағыз «Барыс қазақпен» кездесіп, тамаша тәлім, ерекше әсер алды. Кездесуде Туризм факультетінің деканы Т.Иманқұлова ҚазСТА-да Альпинизм және тау туризмі мұражайының ашылғанын ха­барлады.


Нұрлан СҮЙІН

Алматы Ақшамы газеті


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру