Бокс 09 Сәуір, 2019 (0) (117)

Головкинге жаңа қарсылас табылды

Өткен жылдың қыркүйек айынан бері шаршы алаңға шықпаған Головкинге лайықты қарсылас табылар емес.

Маусым айында келесі жекпе-жегін өткізеді деген жерлесіміздің қарсыласы күн сайын ауысуда. Бастапқыда АҚШ-тың мықтысы Деметриус Андрадемен (27-0, 17KO) жұдырықтасады деп шуласа, кейіннен польшалық  Камил Шереметпен  (19-0, 4 КО) шығуға тиіс болған. Алайда қос боксшымен де кездесудің орайы келмеді. Сондықтан британдық Джон Райдермен (27-4, 15 КО) бокс кешін өткізу мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бүгін Головкин канадалық боксшы  Стив Роллс (19-0, 10 КО) пен камерундық Хассан Н'Дам Н'Жикамға (37-3, 21 КО) ресми ұсыныс жіберілгені хабарланды.

Көп боксшылардың аты таныс болғанымен, Стив Роллстың атын енді ғана естіп жатқан жайымыз бар.



Ол кім?

1984 жылы туылған канадалық солақай боксшы. Кәсіпқой рингке келмес бұрын әуесқой бокста 97 кездесу өткізіп, 83-інде жеңіске жеткен. Ең айтулы жетістігі ретінде 2009 жылы Миландағы Әлем чемпионатына қатысуын айтуымызға болады. Бастапқы 2 кезеңде грузин Леван Гуледан мен италияндық Лука Подданы жеңсе де, 1/8 финалда 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері үнді боксшысы Виджендра Сингхаға жол берген. Соның арқасында әлем чемпионатында №12 орынды иеленді.

Ал кәсіпқой боксты 2011 жылы бастаған. 13 жекпе-жегін Канадада, 6 кездесуін АҚШ-та өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Алайда оның қарсыластары көпшілікке беймәлім. Қазіргі сәтте  WBC рейтингісінде  16-шы орын,  IBF — 9,  IBO — 29-шы орында тұр. Соңғы рет 2018 жылдың желтоқсанында американдық Кеандре Лезервуданы (21-5-1) төрешілер шешімімен жеңіп, USBA ваканттық титулына ие болған.

Проумотері Лу ДиБелланың сөзіне сенсек, ол "рингтен тыс нағыз азамат, ал рингте нағыз террорды ұйымдастырушы. Ешкімнен қорықпайды. Кез-келген шақыруға дайын".



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру