Сұхбат 08 Сәуір, 2019 (0) (38)

Өз мүмкіндігінің шектеулілігін шектеусіз еткен жан

Бауыржан Әсемханұлы Әбілов – голбол (көзі нашар көретін жандарға арналған спорт түрі) спортынан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі. Өз ісіне құлай берілген, ерік-жігері мықты жан.

- Бауыржан Әсемханұлы, алғашқыда өзіңіздің өміріңіз жайлы айта кетсеңіз. Қай жердің тумасысыз?

-  Мен 1985 жылы  қыркүйек айының 7-сі күні Қызылорда облысы, Арал ауданы, Мергенсай ауылында дүниеге келгенмін. 1991 жылы №58 орта мектепке                         1 сыныпқа бардым. 2000 жылы 9 сыныпта оқып жүргенімде көзіме доп тиіп, содан көзіме зақым келді. 2002 жылы «Жас түлек» атанып, мектепті бітірдім. Кейіннен 2005 жылы көзіме операция жасалынып, содан мен 1 топтағы мүгедек болып тіркелдім.

2005 жылдан 2015 жылға дейін 10 жыл бойы ауылда үйде жаттым, ешқайда бармадым. 2015 жылы Алматыдағы Республикалық Медицина колледжіне өзімнің бағымды сынайын деп құжаттарымды тапсырдым. Құдай қолдап грантқа оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітірдім. Сөйтіп, тағы да бір рет бағымды сынайын деп, Қазақ спорт және туризм академиясына құжаттарымды тапсырып, Алланың қалауымен грантқа түстім.

- Бауыржан Әсемханұлы, сіздің спортқа қатысып, біраз жетістіктеріңіз жайлы хабардармыз. Сіз жалпы спортқа қалай келдіңіз? Спорттық ғұмырыңызды қашан бастадыңыз?

- Ұзақ демалыстан кейін қайта оралып, спортқа көңіл бөле бастадым.  Спортпен айналысқаныма 2 жарым жылдан асты. Әуелі голболға қатысудан бастадым. Ол кезде мен колледжде оқып жүрдім. Колледждің атынан команда құрып, Республикалық және ашық турнирлерге қатысып жүлделі орын алып жүрдік. Кейіннен 2017 жылдың мамыр айында Қарасай аудандық мүгедектер спорт клубына тіркеліп, сол жақта бағымды сынадым.

- Спорт әлеміндегі тырнақалды табысыңыз, жеткен жетістіктеріңіз туралы айтып өтіңізші.

- Қазіргі таңда голбол спортынан ҚР ұлттық құрамасында ойнаймын. Ұлттық құрамаға Қазақстан бойынша 10 команда ішінен 6 адамды іріктеп алды. Соның ішінде мен де бармын. Қазақстан құрамасында ойнаудың өзі мен үшін үлкен жетістік. 2017 жылдың тамыз айында Голболдан Тайландта болған Азия Чемпионатына қатыстық. Шет елді көріп, басқа мемлекеттермен қатар, деңгейлес ойын көрсетудің  өзі жетістік. Біздің ойнағанымызға 2 жыл ғана болды, Австралия, Қытай, Жапония сияқты 20-30 жыл бойы дамып жатқан мемлекеттермен ойнау бізді биіктен көрсетті. Талдықорған қаласында өткен облыстық спартакиадада мен Қарасай ауданы атынан шықтым. Ядро лақтырудан 1-ші орын алдым, 100 метрге жүгіруден де 1-орын, ал 200 метрге жүгіруден 3 орынды иелендім. Сөйтіп, сол облыстан өтіп, республикалық турнирге жолдама алдым. Атырау қаласында былтырн қыркүйек айында Республикалық спартакиада өтті, сол жерде ядро лақтырудан 1 орынға ие болдым. Ал 100 метрге жүгіруден 2 орынды қанағат қылдым.

- Демек, жан – жақты спортшы болдыңыз ғой?

- (Күлді) Ия, голболмен де, жеңіл атлетикамен де айналысамын. 

- Бауыржан Әсемханұлы, әрбір адам – өз бақытының ұстасы дейді. Сіздің бұл голбол спорт түрін таңдауыңызға не себеп болды?

-   Мен негізі спортқа мектеп кезінен өте құштар едім, мектепте оқып жүргенімде «Дене шынықтыру» пәнін  өте қатты жақсы көретінмін. Одан кейін сол футбол ойнап жүргенде көзіме доп тиіп, жарақат алдым, содан кейін көп жыл үйде томаға тұйық өмір кештім. Оның үстіне мен мүгедектерге арналған осындай спорт түрі бар екенін білмедім. Кейіннен естіп, осы спортқа келдім. Басты себебі осы, негізі өзім де бала кезімнен допты ойындарды қатты жақсы көретінмін, осындай голбол ойынын естігенде бірден келдім.

- Сізге спорт әлеміне бағыт берген бапкеріңіз кім? Осы спортқа бағыт берген адамдар жайлы айтсаңыз.

- Колледжде оқып жүргенде спортқа деген қызығушылығымды голболды ұйымдастырушы Кенжеғұл Сейітжан ағай оятты. «Осындай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ойыны бар, келіндер» - деп, содан кейін Мұсрат аға да және Нәзира тәте де барынша қол ұшын созып, көмектесіп, шақырып, қолдау білдірді. Ал жеңіл атлетикаға мені Тахир ағай мен Валерий Анатолиевич икемдеді. Осы адамдардың менің өмірімде алар орны бөлек, олардың маған берген кеңестері көп болды. Менің өмірге басқаша көзқараспен қарауыма, мені дұрыс жолға бағыттап, қолдау көрсеткендері үшін оларға деген алғысым шексіз.

- Алғашқы жеңіске жеткен күніңіз есіңізде шығар? Қандай сезімде болдыңыз?

-Ең бірінші 2016 жылы Алматы облыстық спартакиадаға қатысып 1 орынды иелендім. Өте керемет, ерекше, басқаша бір әсерде болдым. Мысалға, менің он екі мүшем сау болса, бұндай жеңіске жеткенде, әрине жай ғана қуанышты бастан кешер едім, ал мүгедек жан бола тұра, осындай дәрежеге жеткенім мүлдем басқаша қуанышты сезімге бөледі. Жеңіс жігерімді жандырып, қайраттана түсуіме себепші болды. Ата-анама өзімнің мақтан тұтар азамат болғанымды, өз өміріме өзім жауапты екендігімді дәлелдеген күн болды. Олар жүректері жарыла қуанды.

- Жалпы Қазақстанда голбол спорты қандай қалаларда дамыған?

- Республика бойынша жалпы 10 команда бар. Соның ішінде Семей, Астана, Атырау, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Алматы қаласы және Алматы облысының командалары бақ сынасады.  

- Ендігі алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Осы Қазақ Спорт және туризм академиясын жақсы бітіріп және спортта кәсіби жағынан шыңдалып, биік шыңдарға қол жеткізсем деймін. Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің туын көкке көтеріп желбіретсем, атағымды әлемге мәшһүр етсем деген арманым бар. Болашаққа деген жоспарларым көп. Қазақ спорт және туризм академиясында оқып жүргенімді мақтан тұтамын.

- Сізді еліміздің жастары үлгі тұтар, мақтан етер азамат деп айта аламыз. Қазіргі жастарға айтар кеңесіңіз бар ма?

- Дені сау жастардың ішінде, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендері бар. Қазір босқа уақытын кетіріп, ішімдік ішіп, темекі шегіп, теріс жолмен жүретін жастарымыз көбейіп барады. Олар он екі мүшесін сау қылып өздеріне берген Құдайдың сыйын бағаламай, жастық өмірлерін даңғаза тіршілікпен мән-мағынасыз өткізіп жатыр. Ал олардың қасында, өмірге деген құштарлықтары зор, талпыныстары жоғары өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізген мүгедек жандар жүр. Біз әр түрлі салада әлемдік биік шыңдарды бағындырып, өздерін мойындатып жүрген азаматтарымызды үлгі тұтуымыз керек. Олар мүгедек бола тұра, өздерінің мүмкіндігінің шектеулілігінің шектеусіз екенін дәлелдеп жүрген жандар.

Қазір бұл мәселеге мемлекет те баса назар аударып отыр. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. 

- Бауыржан Әсемханұлы, Сіздің барша ісіңізге сәттілік тілейміз! Ісіңіз өрге бассын! Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан:                           

 Серікова Саяна Сәбитқызы,

ҚазСТА, Олимпиадалық спорт факультетінің

 4 курс студенті                    


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру