Сараптама 07 Сәуір, 2019 (0) (187)

Неге Лев Яшин ұлы қақпашы?

Әлемнің үздік қақпашысы кім? Бұл сұраққа жауап беруде үлкен кісілердің барлығы бірауыздан Лев Яшин деп айтатыны сөзсіз. Біз секілді жастар Буффон, Нойер, Де Хеа т.б өнеріне тәнті болып жүріп, Яшинның не ерекшелігі бар деген сұрақтың да туатыны орынды жайт. Сонымен Лев Яшин әлемді қандай кереметімен таңғалдырды?


2014 жылы неміс газеттері 1963 жылғы «Алтын доптың» иегері Лев Яшинді қайта еске түсірді. Себебі, «Алтын доп» номинациясы пайда болғаннан бері қақпашы бір рет қана осы жүлдені иеленген еді. Ал 2014 жылы осындай мүмкіндікті қайталау сәті Әлем чемпионы, «Баварияның» қақпашысы Мануэль Нойерге бұйыра жаздады. Оның қарсыластары «өзге планеталық» Лионель Месси мен Криштиану Роналду болғандықтан, амалсыздан 3-ші орынға жайғасты.

 

Балалық шағы

 - 1929 жылы дүниеге келген Лев Яшинның балалық шағы Ұлы отан соғысының уақытына тұспа-тұс келді. Мектепті толық аяқтамай, 14 жасында зауыт жұмысына қызу кіріскен оған әкесі темекі шегуді үйретті. Себебі, ұзақ уақыттық жұмыс күнінде станоктың қасында Яшин қалғып кетпеу үшін, ермек қажет еді. Темекіні үйренудің әсерінен ол «мықты қақпашы» ретінде ғана емес, ең көп темекі шегуші (күніне 80 темекі) адамдардың қатарынан орын алды.

-  1947 жылы Яшинді Мәскеудегі әскери-әуе күшіне шақырады. Әскери өмір оның бағын ашты десек болады. Заңды түрде әскери өмір болғанымен, ол сол жерде мықты қақпашы ретінде «Динамоның» бас бапкері И.Чернышевтың көзіне түседі. Жазда футбол, қыста ауа-райының қолайсыздығына байланысты хоккей ойнауға мәжбүр болған Яшин қос тарапқа да шақырту алды.

-  1949 жылы әскери борышын аяқтаған Яшинді Чернышев «Динамоның» 3-ші қақпашысы ретінде тіркеді. Алайда бас бапкер барлық футболшыларды футболдан тыс күніне 6 сағат көркем гимнастика, жүзу, суға секіру, жүгіру, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, коньки, шаңғы сынды спорттармен айналыстырды.

 

Яшинның жетілуі

  «Динамо» сапындағы алғашқы ойынды 1950 жылы «Тракторға» қарсы жолдастық ойында өткізді. Ойын барысында Лев Яшин өз қорғаушысымен қақтығысып қалып, қарсыластың бос қақпаға гол салуына мүмкіндік жасады.

-   Чемпионат барысында «Спартакпен» ойынның 75 минутында негізгі қақпашы Хомич жарақатына байланысты алаңнан кетуге мәжбүр болды. 2-ші қақпашының ауырып қалуымен, Лев Яшин амалсыздан ойынға араласты. 80 мың жанкүйердің алдында қатты қобалжыған ол орынсыз қателікке жол беріп (тағы да өз ойыншысымен соқтығысты), қолда тұрған жеңісті уыстан шығарды. 1:1!

-  Бірінші толыққанды ресми кездесуі 1950 жылдың 2 шілдесінде КСРО кубогы аясында «Динамо» Тбилисимен өтті. Клуб 4:1 есебімен айқын жеңіп тұрғанына қарамастан, Лев Яшинның кесірінен қарсыластың 5:4 есебімен жеңіске жетуіне жол берді. Осыдан кейін оны қосалқы құрамға аттандырды.



-  Футболда жолы болмаған Яшин мансабын хоккейде жалғастырды. 1953 жылы 2 наурызда хоккейден ел чемпионы атанған соң, ол КСРО-ның негізгі қақпашысына басты кандидаттардың біріне айналды. Алайда футболдағы Хомич 33 жасында мансабын аяқтауына орай, қайта Лев Яшинге мүмкіндік берілді. Қыркүйек айында олар ел біріншілігінде жеңіске жетті. Осылайша Лев Яшин 1953 жылы хоккей мен футболда да жеңіске жеткен сирек жандардың қатарынан орын алды.

-   Сталинның өлімінен кейін 1954 жылы Ұлттық құрама қайта құрылды. Бірақ Әлем чемпионатына қатыса алмады. Лев Яшин үшін құрама сапындағы алғашқы кездесуі Швецияға қарсы өтіп, 7:0 есебімен жеңіспен аяқталды.

-  Лев Яшинның әлемге танылатын ойыны 1955 жылға тұспа-тұс келеді. Себебі, КСРО 1954 жылғы әлем чемпионы әрі басты жауы ФРГ-мен жолдастық ойын ойнауға келіседі. 21 тамызда 70 мың көрермен алдында өткен кездесуге ФРГ әлем чемпионы атанған 7 ойыншыны негізгі құрамға шығарды. Өйткені НАТО-ға енді кірген ФРГ мен Варшава ұйымын ашқан КСРО үшін бұл жай ғана кездесу емес, идеологиялық күрес еді. Хрущев, ГДР басшысының қатысуымен өткен ойын қиян-кескі шайқаспен 3:2-мен КСРО-ның пайдасына шешілді. Әлемдік баспасөз беттері Яшинның мықты ойынына, КСРО-ның жылдамдығы, шаршамайтындығына таңғалды. 1956 жылы қос құрама Ганноверде қайта кездесіп, КСРО 2:1-мен ұтты.

-  1956 жылы КСРО Олимпиадалық ойындарға қатысты. Лев Яшин турнирде үздіктердің қатарынан орын алып, «Алтын доп» бәсекесінде 5-ші орыннан көрінді. Ең басты ойын финалда 1952 жылы КСРО командасын таратқан Югославиямен өтті. 1:0-мен жеңген КСРО өз есесін жақсы қайтара білді.

 

Лев Яшин не үшін мықты?

-  Өз мансабында 151 пенальтиді қайтарған. Пенальти қайтару бойынша әлемнің үздігі.

-  1958 жылы Әлем чемпионатында Пеле бастаған Бразилиядан 2:0-мен ұтылғанына қарамастан, Лев Яшин өз командасын ірі жеңілістен сақтап қалды. Ойын соңында қарсыластың қақпашысы Жилмар өз қолғабын Яшинге мықты ойыны үшін ризалықпен табыстады.

-  Нойерді алаң ортасына дейін жүреді деп таңғалғанымызбен, Лев Яшин бұл әдісті өз кезеңінде жақсы қолданды. 1958 жылғы ӘЧ–да басылымдар КСРО 12 ойыншымен ойнайды деп, Лев Яшиннің қорғаушы ретінде мықты ойнайтындығын жазды.

- 1960 жылы Еуропа чемпионатында топ жарған Лев Яшинге «Реалдан» ұсыныс түскен. Бірақ КСРО билігі өз ойыншыларын ол уақытта ешқайда жібермейтін еді. Ол жайында Лев Яшин «Еуропада футболшылар ақшамен бағаланады. Мен ақшаға сатылмаймын. «Динамо» мені ойыншы әрі тұлға ретінде жетілдірді. Ешқайда кетпеймін» деп мәлімдеді.

-  Лев Яшинді тек қақпашы ғана емес, балықшы ретінде де журналистер жақсы біледі. Әр жарыс барысында ол көпшіктің қасында балық аулайтын. Бірде тілшілер «балық аулау қақпашыға пайда береді ме?» – деп сұрағанда, ол «балық ұстау маңызды емес, бастысы балық қапқанда оны асықпай, дер кезінде шығара білу керек. Футболда да қақпадан ерте не кеш шығу гол жіберуге әкелгендіктен, балық аулау мені шешімді өз уақытында шығаруға әсер етеді» деп жауап берді.



-  Жанкүйерлер Лев Яшинді қара телпегімен біледі. 1960 жылы Франциядағы Еуропа чемпионы атанған КСРО футболшыларын Эйфель мұнарасында марапаттау сәтінде көп адамның бірі оның телпегін шешіп алып кетті.

- 1962 жылы ӘЧ-да Колумбияға қарсы ойында тікелей бұрыштамадан гол жіберді. Бұл бүгінгі күнге дейінгі жалғыз оқиға. Күтпеген жерден ширекфиналда Чилиге есе жіберген КСРО-ны жеңіліске басты кінәлі адам – Лев Яшин деп танылды. Әлемдік ақпараттар оны ойын кезінде арақ ішіп шыққан деген болжам жасаған. Осы әрекетінен соң, КСРО халқы оған жұмыртқа лақтырып, құрамадан кетірді. Алайда ол мықтылығын дәлелдеп, құраманың негізгі қақпашысы ретінде 1963 жылы оралды. 1966, 1970 жылғы ӘЧ-на қатысты.

-  Футбол мансабында Яшинның 5 рет миы шайқалып, 3 рет сынған. Бірақ ол ешқашан өзін аяған емес.

- Қара киім кигені үшін «қара пантера», «қара өрмекші» және қолы ұзындығына байланысты «сегізаяқ» есімімен танымал. 1963 жылы ел чемпионатының 27 ойынында 6 гол ғана жіберді. «Әлем құрамасы» сапында Англияға қарсы ойында керемет сейвтерімен «Алтын допқа» лайық екендігін мойындатты.

-  Лев Яшин 1963 жылғы жолдастық ойында өзіне тиесілі қақпашы формасын бірінші рет өзімен алып кетті. Ал «Динамо» клубында ол әр маусым біткен сайын формасын өткізуге міндетті еді.

-  1966 жылғы ӘЧ КСРО үшін өте сәтті аяқталды. Жартылай финалда ФРГ-ге 1:2-мен ұтылса да, неміс баспасөздері Лев Яшин болмағанда ойын тағдырын 1-ші кезеңде-ақ шешіп тастаушы едік деп таңғалды.


Түйін

1971 жылы 41 жасында Мәскеуде 100 мың көрерменнің жиылуымен «Динамо» мен Пеле, Эйсебио, сынды футболшылардың қатысуымен «Әлем жұлдыздары» арасында қоштасу кездесуін ойнады. Бір ерекшелігі ол бұл ойында гол жібермеді. Кейіннен ол «Динамоның» әкімшілік жұмыстарымен айналысып,  1990 жылы 60 жасында рак ауруынан қаза тапты.



Өзі өлгенмен, аты тірі Лев Яшинді бүгінгі футбол фанаттары еш ұмытпайды. ХХ ғасырдың «ең үздік қақпашысы» номинациясымен қатар, оның құрметіне Ресейдің басты стадиондарының бірі «Лужники» мен «Динамоның» алдында арнайы ескерткіш орнатылған.

 

Қызықты дерек: КСРО 1952 жылы Финляндиядағы Олимпиада турнирінде сәтсіз өнер көрсетті. Сталин мен Титоның кикілжіңінің өршіп тұрған уақытында жеребе Югославия мен КСРО-ны бір-біріне қарсы түсірді. Футболға қызықпайтын Сталин мен Тито бұл кездесуді бақталастық үшін көрді. 3:1 есебімен жеңілген КСРО құрамасын Сталин таратып жіберіп, бірнеше ойыншыларын ГУЛАГ-қа жіберді.

Қызықты дерек: Мәскеулік «Динамо» клубының негізін қалаушылардың бірі ағылшындық кәсіпкер Гарри Чарнок. Ол 1894 жылы текстиль фабрикасының жұмысшыларын арақ ішуден алыстату үшін осындай қадамға барған. Чарнок ағылшындық клуб «Блэкберн Роверстың» жанкүйері болғандықтан, бүгінде де қос клубтың формалары қатты ұқсайды.

Қызықты дерек: Журналистер Лев Яшиннен мықтылығыңыздың сыры неде? – деп сұрағандарға көп темекі шегу арқылы жүйке жүйесін тыныштандырса, көп арақ ішумен бұлшық етті жаттықтандыратынын айтатын.


Мақала авторы: Қанат Байұзақов


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру