Футбол 07 Сәуір, 2019 (0) (74)

Қазақстан Премьер-лигасының 4-тур ойындары өтті

Бүгін Қазақстан премьер-лигасының 4-тур ойындары өтті. Павлодарда “Ертіс” “Таразды” қабылдаса, қостанайлық “Тобыл” “Ақтөбемен” күш сынасты. Шымкент пен Алматыда қалған екі матч ойналды.

    

  “Ертіс” бәлендей киналған жоқ. Ойынның 18-минутында-ақ Пикалкин өз қақпасына гол соғып алды. “Жығылғанға жұдырық” демекші, 35, 38 минуттарда қонақтар сапынан Рақымжан Розыбакиев екі рет тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Екінші таймда еркін көсілген Павлодар командасы Отарбаевтың автоголы арқасында есепті еселеп, жеңіске жетті. Бір матчта екі автоголдың тіркелуі кездейсоқтық па, басқа ма, әйтеуір павлодарлықтарға бұл қол болды

     Бұрындары “Тобыл” - “Ақтөбе” матчы ел классикасы іспеттес еді. Жанкүйер біткен осы ойынды аңсайтын. Онсыз да ҚФФ шешімі бойынша -12 ұпайы бар “Ақтөбе” тағы жеңілді. 1-таймның орта тұсында Азат Нұрғалиев пенальтиден есеп ашты. 81-минутта Максим Федин тағы бір гол соқты. Тек ойын соңында есепті қысқартқан Жасановтың добы ақтөбелік клубқа жеңіс әпере алмады. Қонақтар турнирлік кестенің соңғы орнына мықтап жайғасты.

     Шымкентте “Ордабасы” “Жетысуды” қабылдады. Бірсыдырғы өткен матчтың 73-минутында Жоау көзге түсіп, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

     “Алматыда жауын жауса “Қайрат” жеңеді”. Ертеректе жанкүйерлер арасында осындай сөз жүретін. “Оқжетпесті” ірі есеппен жүндей түткен алматылықтар ойын басталғанда күтпеген жерден гол жіберіп алды. Жұмаханов мығым соққысымен қонақтарды алға шығарды. Одан кейін Эсеола мен Дугалич белсенсін. 11, 27-минуттарда Адеринсола дубль жасаса, Дугалич те Эсеоланың ерлігін қайталады. Екі таймның да соңында мергендік танытқан Дугалич “Қайраттың” ірі есеппен іремей союына жағдай жасап берді. Есеп 4:1.

     “Халық командасы” астаналықтардың алдына түсіп, әзірге топ бастады. “Тобылда” да 12 ұпай бар. Ертең “Қайсар” мен “Астана”, “Шахтер” мен “Атырау” кездеседі.


Фото: "Қайрат" клубының ресми сайтынан.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру