Күрес 05 Сәуір, 2019 (0) (51)

Айдын Смағұлов: Дзюдода әлем чемпиондарының өзі олимпиададан сырт қалуы мүмкін

Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Екатеринбургте өткен «Grand Slam» және Тбилисиде өткен Гран-при турнирінде қазақ спортшыларының неліктен сәтсіз өнер көрсеткенін түсіндірді. Бапкердің айтуынша, дзюдошылардың төмен нәтиже көрсетуіне бірнеше фактор себеп болған.

- Екатеринбургте өткен Grand Slam турниріне құраманың екі үздік спортшысын апарған болатынбыз. Өкінішке қарай, Елдос Сметов (60 келі) жарыс алдындағы жаттығу кезінде иығын жарақаттап алды да, команда дәрігері оны турнирге қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Өйткені, Елдос бұйырса Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғайтын спортшы. Сол себепті, оның денсаулығы маңызды. Жарақатын одан әрі ушықтырмауды жөн көрдік.

Ал 90 келідегі Ислам Бозбаев бабында еді. Төрешілер оған қатарынан ескерту беріп, жарыстан шеттетті. Әйтпесе, қарсыласын ұтып жатқан болатын. 81 келідегі Руслан Мұсаев Екатеринбургке кешігіп жетті. Мароккодан Түркияға, одан Ресейге жетемін дегенше жолдан шаршады да, турнирге дайын болған жоқ. Руслан да жүлдеге ілігеді деп болжаған едік. 



60 келідегі Ғұсман Қырғызбаев жапон балуанынан ұтылды. Негізі, төрешілер жапондыққа ескерту беруі қажет еді. 100 келідегі Виктор Демьяненконың күресі соңғы кезде көңіл көншітпей жүр. Ол қарсыластарына есе жіберуде. Шыны керек, көп жағдайда шамасы жетпей қалады. 

Тбилисидегі Гран-при турниріне біз ұлттық құраманың төртінші-бесінші нөмірлі спортшыларын жібердік. Мұндағы мақсат – жас спортшыларды ірі бәсекелерде шыңдай түсу. Грузияға аттанған дзюдошылардың ішіндегі ең тәжірибелісі Рустам Ибраев болатын. Рустам 2015 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Алайда, ол да екінші айналымда өзбекстандық Луфтиллаевтан жеңіліп қалды.

Жалпы, Тбилиси татамиінде күрескен жас балуандардың барлығы да болашақта ұлттық құраманың көшбасшысы болуға лайық спортшылар. Әрине, 2020 жылғы Олимпиадаға олардың қатыса алмайтыны анық. Бірақ 2024 жылғы төртжылдық додасына дейін әбден шыңдалып, өздерін көрсетеді деп сеніммен айта аламын. 



Бүгін Түркияның Анталия қаласында кезекті Гран-при бәсекесі басталады. Бұл сынға жігіттерді Елдос Сметов бастап кетті. Бұйырса, жүлделі орындардан үміттіміз. 

Биылғы жылдағы тағы бір маңызды турнирлердің  бірі – Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өтетін Азия чемпионаты. 

Құрлық біріншілігі қашанда тартысқа толы өтеді. Сондықтан үлкен мақсат қойып отырмыз. Азия чемпионатына дайындық кезеңін 7-18 сәуір аралығындағы Алматы қаласы жанындағы «Бәйтерек» спорт базасында өткіземіз. 

Құрлық додасында 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев, 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов, 73 келіде былтыр ел чемпионы атанған жас дзюдошы Серік Ақылбек, 81 келіде Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев, 90 келіде Ислам Бозбаев, 100 келіде Айбек Серікбаев, аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев күреседі. 



Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, команда үздігі Елдос Сметов пен 73 келідегі Жансай Смағұловты бұл жарыстан босаттық. Оған себеп біреу. Екі балуан да әлем чемпионатына мақсатты түрде дайындықты бастайды. Мамыр айында Қытайдың Хохот қаласында өтетін турнирден бастап Олимпиада ойындарына 100 пайыз ұпай беріледі. Осыған дейін спортшылар тек 50 пайыз ұпайға иелік етіп келген. Енді рейтингілік ұпай саны көбейтілді.

Демек, дзюдошыларымыз үшін жан алысып, жан берісетін кезең басталады. Біздің спортта әлем чемпионы болып тұрып, рейтингілік турнирге қатыспасаң, Олимпиадаға бару-бармауың екіталай. Сол себепті, мамырдан бастап құрама спортшыларының барлығында жауапкершілік жүгі артады, - дейді бас бапкер Айдын Смағұлов. 

Еске сала кетейік, бүгін Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при турнирі басталады. 


Дереккөз: Olympic.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру