Бокс 18 Наурыз, 2019 (0) (275)

Айдар Шәрібаев: Біз ерлеріміздің атын жастарға насихаттауымыз керек

Қазақстандық кәсіби боксшы Айдар Шәрібаевтың Alaman спорт порталына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.



- Айдар  мырза, Кәсіпқой боксқа ауысу ойыңызда болды ма, әлде біреулердің ұсынысы арқылы келдіңіз бе?
- Негізі, күтпеген жерден болды. Бір жағынан өзіміз қызығатынбыз. Бір себеп болған ол - Қанат Ислам ағамыз.Сол кісі себеп болып кәсіпқой боксқа кеп қалдық. Содан бері аз жылдар өтсе де Лашын Аймағанбетов ағамыз басқаратын Diamond Ring деп аталатын промоутерлік орталықта өнер көрсеттім. Қысқасы, негізгі себеп болған Қанат ағамыз.

- Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа ауысқысы келетін жас спортшылар өте көп. Жалпы кәсіпқой боксқа қалай ауысуға болады? Сол туралы айтып берсеңіз.
- Әрине, бізде қазір қанша мықты боксшылар болса да, тіпті бізді әуесқой бокстан боксерский держава дейді ғой. Әуесқой бокс жағынан қатты дамыған елдердің қатарындамыз. Бірақ кәсіпқой бокста ондай бір дәрежеге жете алмадық.Тіпті Головкин сияқты мықтылар шықса да, елімізде промоутерлер мен менеджерлер жеткіліксіз және де бізде кәсіпқой бокс нарығы жоқ. Сол себепті бізге сондай мамандар керек.Енді ойлаймын, Құдайға шүкір қазір бастамасы бар. Америкада өнер көрсеттік. Өнер көрсетіп жүрген жігіттер бар. Сол жақтағы бар нәрсені мен еліме де тартқым келеді. Әрине,асығып жасы кеп жатқан боксшылар болса АҚШ-қа тездетіп кету керек. Болмаса аз жылда өзімнің де бір мақсатым бар кәсіпқой боксты елде дамытам деген. Дайындап Америкаға түбегейлі, нақты бір мақсатпен баратындай қылып дайындайтын ойым бар. Сол себепті бәрі ойда аз уақытта жақсы жаңалықтар ести бастайсыздар.

- Елімізде қазір кәсіпқой рингке шығаратын мамандар бар ма? Болса кімдерді айта аласыз?
- Енді мамандар бар ғой.Қазір неше түрлі промоутерлік орталықтар ашылды.Бірақ нақ бір хас шебер әлі де жоқ шығар деп ойлаймын. Мысалы, Diamond Ring-те Лашын Аймағанбетов деген ағамыз болды. Suleymen Promotions деген ашылды, Alban Promotions деген ашылды. Бірақ кәсіпқой бокстың қазаны қайнаған жер ол - Америка. Америкаға барса ол уақыт жоғалтпайды деп ойлаймын.

- Қазақстанда жүріп үлкен жетістіктерге жету мүмкін бе?
- Жалпы бұл сала бізде әлі де қатты дамымаған. Сол нәрсені енді аз уақытта өзім қолға алғым келіп отыр. Сондай бір жаңалықтар жақында естисіздер деген ойдамын.Құдай қаласа Қанат аға екеуміздің ойымыз бар. Қысқасы Қазақстанды Америка қыламыз ғой кәсіпқой бокстағы.

- Қазақстандық көп боксшыларда бірінші ақша болса кәсіпқой боксқа шыға беремін деген ой қалыптасқан, ал кәсіпқой бокста менеджер, промоутердің маңыздылығы қаншалықты, сол туралы айтып берсеңіз.
- Ия құрғақ қасық ауыз жыртады дейді ғой , енді сен ол жақтан бір тиын таппасаң, ешкімнің де  төбелескісі келмейді. Сол себепті боксшы тек спортшы ғана емес, бизнес саласында қатар алып, сол бағытта кітаптар оқып, білім іздегені дұрыс деп ойлаймын. Енді ол промоутер, менеджерге де қатты сеніп қалатын болсаң, Америкада небір алаяқтар бар, олар келісім-шартты өздеріне ыңғайлы қып жасап қояды да, сен солар үшін бокстасатын робот сияқты боласың. Сенің денсаулығың біткен кезде олар сені тастай салады. Сол себепті Америкаға барам деген адам болса тіл жаттай берсін, бизнес жайлы оқи берсін, кәсіпқой бокстағы чемпиондармен таныса берсін. Қысқасы сылтау көп қой, сол сылтауды жоқ қылу керек, қазір интернет бар кез келген нәрсені істеуге болады.

- Сіз спорттық мәнсабыңызды аяқтағаннан кейін жаттықтырушы немесе менеджер болу ойыңызда бар ма?
- Мен мәнсабымды аяқтамай тұрып қазірдің өзінде Aidar Gym деген бокс клубым бар. Сол жерде қазақтың батырларына арнап он екі айда он екі жарыс өткізу жоспарда бар. Қазір Райымбек пен Қабанбай, Исатай мен Махамбет батырлардың атымен жарыс өтті. Неге мен бұны бастадым. Себебі мен осыны үлкейтіп-үлкейтіп кәсіпқой бокс кештерін ұйымдастырамын. Құдай қаласа бүкіл қазақ батырларының аттарын қосқым келеді. Елім дейтін ерлер болмаса, ерім дейтін ел қайдан шығады. Сол себепті біз ерлеріміздің атын жастарымызға насихаттауымыз керек.


- Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа ауысқан боксшылар көп, солардың ішінде қайсысын айта аласыз, үлкен жетістіктерге жетеді деп?
- Мен шыны керек оның бәрін бөліп жарғым келмейді. Әр қазақ - менің жалғызым. Бұл жақта қайсысы болса да біздің жақынымыз. Атағым да келмейді, себебі біреуін айтсаң, біреуі қалады да. Ертең біреуі менің мынау жақсы дегенімді естіп, қанаттанып, ар жаққа барғанда қадалып жатса ұят та.

Сұхбаттасқан: Жақсылық Қырғызәлі


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру