Күрес 15 Наурыз, 2019 (0) (29)

Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Гран При жарысын қорытындылады


Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасы Марокконың Мараккеш қаласынан Қазақстанға оралды. Елге келген соң Қазақстан ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Қален Қалиұлы жарысты қорытындылап, спортшылардың Гран При турниріндегі нәтижесіне көңілі толатынын айтты.


«Гран При жарысы өте мықты деңгейде өтті. Әлемнің 67 елінен 500-ге жуық дзюдошы қатысты. Осы жарысқа Қазақстан ерлер құрама командасынан 12 дзюдошы қатысып, оның ішінде екеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Марокко татамиінде күрескен қазақстандық дзюдошылардың белдесулеріне тоқтала кетін болсақ, 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин бірінші айналымда ұтқанымен, екінші белдесуінде әлем чемпионатының қола жүлдегері грузилық Амиран Папишашвилиден жеңілді. Екінші айналымда Мағжан тактикалық тұрғыда қатеге жол берді деп ойлаймын. Дәл осы салмақта Қазақстаннан тағы бір дзюдошы Бауыржан Нарбаев күресті. Бауыржан өз салмағында 2018 жылы Қазақстан Чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына биыл қосылған болатын. Ол осы уақытқа дейін жастар арасында күресіп жүрсе, кеше Мараккеште ересектер арасында алғашқы жарысына қатысты. Бауыржан жақсы күрескенімен үлкен әлемдік жарыстарда тәжірибесінің аздығы кесірін тигізді деп ойлаймын. Тәжірибе жетіспеді. Алдағы уақытта Бауыржан тәжірибесін шыңдаса, осы күресімен өте жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

66 келіге дейінгі салмақтан да ел құрамасынан 2 дзюдошы қатысты. Әбілхайыр Мәуленин психологиялық тұрғыда дайын болмай, өте сылбыр күресіп, бірінші айналымда-ақ жарыстан шықты. Ал Ерлан Серікжанов болса жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Бірақ, жартылай финалда қарсыласына асығыс әдіс жасап, нәтижесінде, сол әдісіне өзі түсіп қалды. Әйтпесе, Ерлан 100% алтын алатын спортшы еді. «Дзюдо қателікті кешірмейді» дейді ғой. Сол сияқты, бір қатесінің кесірінен алтынды қолдан жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Десе де, Ерланның күресіне көңіліміз толады.

Ал 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Жансай Смағұлов та өз қатесінің кесірінен бірінші кездесуінде грузиялық балуаннан жеңілді. Алдағы оқу-жаттығу жиындарында осы жарыста жіберген қатесімен жұмыс істейтін боламыз. Осы салмақта күрескен тағы бір балуанымыз Серік Ақыдбекке де тәжірибе керек. Екі белдесуін сәтті өткізгенімен, үшінші айналымда өзбекстандық Тураев Хикмотуллохтан қосымша уақытта вазари ұпайымен жеңілді. Серік Ақылбекке де әлемдік ірі жарыстарда күресіп, тәжірибе жинау керек. Әлі де шыңдалу керек.

81 келіге дейінгі салмақта екі дзюдошымызды Дидар Хамза мен Руслан Мұсаевты күреседі деп тіркегенбіз. Алайда, Марракеш қаласында жарыс алдындағы жаттығу барысында жарақаттанып, дәрігердің нұсқауымен екеуі де жарысқа қатыстырылмады.

Өздеріңіз білесіздер, 90 келіге дейінгі салмақта татамиге құрамамыздағы тәжірибелі дзюдошы Азиз Қалқаманұлы мен ел құрамасына биыл қосылған Ерсұлтан Мұзаппаров шықты. Азиз бірінші белдесуінде-ақ жеңілсе, Ерсұлтан екінші кездесуінде Доминика спортшысына жол берді. Ерсұлтан тәжірибесі аз болғанымен болашағы бар бала деп ойлаймын.

100 кг салмақта Айбек Серікбаев 5-орынмен жарысты аяқтады. Айбек әр жарыс сайын өзіне сенімділігі артып, көрсеткішін жақсартып келе жатыр. Жалпы осы жарыста жақсы күресті. Қола медаль үшін күресте өзінің қателігінен қоланы қолдан жіберіп алды. Ал Әділхан Қозыбаев болса жарысты ерте аяқтады. Қатесін ескертіп, алда Әділханмен жұмыс істейміз.

Аса ауыр салмақта күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаев жарыста өте жақсы күресті., финалда тактикалық тұрғыдан қате жіберіп, екінші орынға тұрақтады.

Жалпы, «Grand Slam», Гран При сынды әлемдік жарыстар Азия, Әлем чемпионаты сияқты ірі жарыстарға дайындық кезеңдері деуге болады. Осындай жарыстарда тәжірибе жинап, дзюдошыларымыз әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап, қазақ халқын талай қуантады деп ойлаймын», - дейді Қазақстан ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы Қален Қалиұлы.

Естеріңізге сала кетсек, наурыздың 8-і мен 10-ы аралығында Маракконың Марракеш қаласында дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі өткен болатын. Қазақстан құрамасынан Ерасыл Қажыбаев күміс жүлдегер атанған болса, Ерлан Серікжанов қола медальға қол жеткізген еді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы 1 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы командалық медаль кестесінде 15-орынға тұрақтаған болатын.

ҚР дзюдо федерациясы


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру