Күрес 12 Наурыз, 2019 (7) (3312)

Бекжановқа бұйырмаған баспана...

Бейбіт заманның батырлары кім дегенде ең алдымен ойымызға спортшылар түсетіні белгілі. Ал олардың ішінде бокс пен күрес қазақтың төл спортына айналып кеткелі қашан. Боксшыларымыздың байрақты бәсекелерде қоржындары бос қайтпайтынына көз үйренген. Ал палуандар жайлы олай дей алмаймыз. Әсіресе еркін күресте көбіне есеміз кетіп жүр.


Тарихқа көз жүгіртсек бірде-бір еркін күрес шебері Олимпиада ойындарында немесе Әлем чемпионатында топ жармаған екен. Біздің еншімізге бұйырғаны тәуелсіздік жылдарын алып қарасақ Олимпиада ойындарында алты жүлде  (екі күміс, үш қола), әлем чемпионатында он бір жүлде (үш күміс, тоғыз қола).

Өздеріңіз байқап отырғандай еркін күресте ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз жоқтың қасы. Жүлде алған палуандардың басым көпшілігі легионерлер екендігі де  жасырын емес. Әлем чемпионатында жүлдеге іліккен қаракөздеріміздің саны бесеу. Олар: Мәулен Мамыров, Дәурен Жұмағазиев, Дәулет Ниязбеков, Нұрлан Бекжанов және Ақжүрек Таңатаров. Осы бесеудің ішінде финалға шыққаны жалғыз Нұрлан. Өзгесі қоланы місе тұтқан. 2016 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен Әлем чемпионатында финалға дейін қарсылас біткенді қоғадай жапырып келген Бекжановқа ақтық сында сәттілік серік болмады. Дей тұрғанмен бұл бұрын соңды қазақ баласының бағындырмаған белесі еді.

Күне кеше сол Будапешт төрінде күрес түрлерінен кезекті әлем чемпионаты өтіп, Нұрислам Санаев күміс медальға ие болды. Елге оралысымен Нұрисламды қазақ елі зор қошеметке бөледі. Әсіресе Ақтөбе жұртының құрметі ерекше болды. Санаев өңір басшысының жеке қабылдауында болып екі бөлмелі пәтердің сертификатын алды.



Ақтөбе облысының спортшыларға деген ықыласы әуелден ерекше. Өңір  палуандар бүгінгі күнге дейін күрес жанашыры Еркін Ізбасардың қамқорлығында болды. Жоғарыда айтқан Нұрислам Санаевты да елімізге алып келген қырағы көз Еркін Ізбасар болатын. Халықаралық жарыстырды былай қойғанда ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақына аямай таратқан жалғыз облыс та осы Ақтөбе. Бұл жерде Ақтөбе өңірі балуандарын әрқашан демеп, қай жағынан болмасын қолдау көрсетіп, сол өңірде күрестің дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан бірнеше азамат бар. Жеңіс Жартыбаев, Дәурен Жабасов, Марат Қойлыбаев, Оғлан Кенетаев есімді күрес жанашырлары өңір палуандарына демеушілігін аямауда. Олардың өңір балуандары үшін жасап жатқан жақсылығы әлі талай жемісін берері анық.

Өзге өңірлер кейде Ақтөбе облысынан үлгі алса дейсің. Жасыратыны жоқ, кейбір облыс спортшылары халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүргеніне қарамастан өз аймағында елеп ескерусіз қалып жатады. Оның нақты дәлелі жоғары атап өткен қазақтан шыққан алғашқы әлем чемпионатының финалисі Нұрлан Бекжанов. Тумасынан қарапайым, ешкімге қол жаймайтын Нұрланды Әлем чемпионатынан кейін елеп ескерген ешкім болмағаны өкінішті. Елордамыз Астананың намысын қорғап жүрген Нұрланға аз ғана ғана көңіл бөлсек тақиямызға тар келмейтін еді ау... Ұстағанның қолында тістегеннің аузында кетіп жатқан бір пәтерге Нұрланды лайық емес дей алмайсың. Әлі де кеш емес ау. Естір құлақ болса...

Әлем чемпионатының финалында күрескен Нұрлан бүгінгі таңда да бозкілемнен кеткен жоқ. Әлі де өз салмағында Қазақстандағы үздіктер қатарында.

Нұрлан Бекжанов – Батыс Қазақстан облысы, Бұлдырты ауылында туған. Еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2016 жыл, 70 келі ) атанған бірінші қазақ балуаны. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (2016). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру