Күрес 12 Наурыз, 2019 (1) (517)

Елдос Сметов: Дзюдодан олимпиада ойындарының алтынын алатын мүмкіндігіміз бар

Қазақ дзюдосының мақтанышы 26 жасар Елдос Сметовпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.



Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы олимпиаданың күміс жүлдегері, айта берсең жетістігі өте көп қазақ дзюдосының мақтанышы 26 жасар Елдос Сметовтен кішігірім сұхбат алған болатынбыз. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынсақ.


- Елдос, жақында Парижде өткен «Grand Slam»  турнирінде күміс жүлде алдыңыз. Жалпы бұл жарысқа қалай дайындалдыңыз? Көрсеткен нәтиже көңіліңізден шыға ма?

- Париждегі турнир менің өз көңілімнен шықты. Біздің мақсатымыз-бұл жарыста қандай да бір нәтиже көрсету болды. Сол мақсатымызға қол жеткіздік. Біздің алдымызға қойылған мақсат алтын болғанымен,бұндай «Grand Slam», «Гран-При» турнирларында емес,олимпиада ойындарында, әлем біріншіліктерінде алтын алу керек. Сондықтан да осы жерде кеткен қателіктер мен жеткен жетістіктер олимпиада алтынына алып барады деп сенемін. Сондықтан бұл жарыс біз үшін сәтті аяқталды деген ойдамын. Дайындығымыз тыңғылықты түрде жоғары деңгейде болды. Дегенмен, жүз пайыз дайындалып, жүз пайыздық еңбек жасадық деп айта алмаймын. Бірақ барлығы ойдағыдай болды.


- Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жайттар сізді мазалай ма? Мәселен, жақында болған көп балалы ата-аналардың бас көтеруі. Бұл туралы ойыңыз қандай?

- Елімізде болып жатқан жағдайларға қарайтын болсақ,әрине жағымсыз жайттар болса кез келген қазақты мазалайтын анық. Бұндай мәселелерді шешетін үкімет басшылары,жоғарыда отырған ағалар. Біздің міндетіміз елімізді таныту,еліміздің атын шығару,көк байрағымызды әлемдік ареналарда желбірету. Әрине,біздер өз жағымыздан Қазақстанды танытуға деген үлесімізді қосатын жағдайлар болса бас тартпаймыз. Ал бұндай саясат жағынан қойылатын сұрақтарға жоғарыдағы ағаларымыз жауап беріп, солар шешу керек деп ойлаймын.


- Соңғы жылдары допинг мәселесі спорттың маңайынан шықпай жүргені бәріне де белгілі. Шаңғышы Алексей Полтараниннен допинг шықты деген қауесеттер шығуда. Жалпы допинг мәселесі жайлы пікіріңіз қандай?

- Енді спортта допинг деген нәрсе қатаң тексеріледі. Ол нәрсе тексерілмесе тағы да болмайды. Әр адам өзінің таза еңбегімен, бойындағы таза күшімен жеткені дұрыс қой, әрине. Білмеймін, енді өз басым қандай да бір витамин немесе күш беретін түрлі заттар пайдаланған емеспін. Сондықтан да, басқа да допинг пайдаланып жүрген адамдар туралы ештеңе айта алмаймын.


- Өзіңіздің қандай да бір айналысып жүрген кәсібіңіз бар ма?

- Менің өзімнің айналысып жүрген қандай да бір кәсібім жоқ. Менің кәсібім - ол спорт. Халықта сөз бар ғой - «Екі кеменің басын ұстаған адам суға кетеді»-, деген. Сондықтан да, кәсіп ашып, бизнес бастау секілді жағдайларды әлі қолға алған жоқпын. Менің алға қойған үлкен мақсатым бар. Алдымен сол мақсатқа қол жеткізу керек. Қалған жақтарын болашақта көре жатармыз.


- Қазақ дзюдосын он жылдан кейін қалай елестетесіз?

- Қазақ дзюдосын он жылдан кейін қалай елестететінімді шынымды айтсам білмей тұрмын. Дегенмен өзімнің ойым біздің жастар өте мықты. Талантты жігіттер де өте көп. Сондықтан да, ойлаймын біздің дзюдомыз он жылдан кейін одан әрі үлкен дәрежеде мықты нәтижелер көрсетеді деп. Сондай қылып елестетем, әрі сенемін. Жалпы біздің тарихымызда дзюдодан олимпиада ойындарының алтыны жоқ. Сол осы он жылда қазағымызда төрт-бес алтын болады деген ойдамын. Өйткені біздің ол жетістікке жетуге мүмкіндігіміз бар. Қазағымыздың атын шығаруға, олимпиада ойындарында атой салатын біздің дзюдошыларымыз көп. Сондықтан да жоқ дегенде төрт алтын қоржынымызда болады деп ойлаймын. Алла бұйыртса, сол алтынның басын өзіміз бастасақ па деген ниеттеміз.

- Сұхбат бергеніңізге көп рахмет, жеңістеріңіз көп болсын! Олимпиада чемпионы болуыңызға тілектеспін!

                                                                       

Сұхбаттасқан: Бекарыс Замахун


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру