Күрес 12 Наурыз, 2019 (4) (935)

Демеу Жадыраев: «Біздің балуандар ешкімнен кем емес»



Балуан туралы қысқаша мәліметтер:


1989 жылы 2 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. 


Грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. 


2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы. 


2014,2015 жылдары ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 


2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 


Демеу Жадыраев Париж күмісін олжалағанда барша жанкүйер бөрігін аспанға атып қуанды. Қуанбай қайтейік, біраз жылдан бері жерлестеріміздің алшысы әлем чемпионаты сынды үлкен додаларда оңынан түспей жүрген болатын. Жетісулық балуанның осы жетістігіне дейін грек-рим күресінен тек Алмат Кебіспаев 2011 жылы күміс жүлде еншілеген. «Ақтық айқаста тек сәттілік жетіспеді, әйтпесе алтын алатын қауһарым бар еді», дейді Демеудің өзі. 


Демеумен байланысып, одан блиц-сұхбат алған едік, соны назарларыңызға ұсынамыз


- Демеу мырза, бізді дәл қазір не істеп жүргеніңіз қызықтырады.


- Қазіргі кезде оқу-жаттығу жиынынан кейін, өзіміз күніне бір уақыт жаттығудан қол үзбей жаттығу жасап жүрміз. Яғни, оқу-жаттығу жиынына сақадай сай болу үшін.  Жаттығу барысы өте тамаша. Спортшының көп уақыты залда өтеді, білесіздер...


- Жетістіктің бастауы да дәл сол жаттығуда жатқаны анық. Спортшының жетістікке жетуі үшін алдымен мықты бапкер керекпе әлде күшті дайындық болуы тиіспе?


- Спортшы жетістікке жету үшін алдымен мықты дайындық, содан кейін барып мықты бапкер керек. Бапкер сені сыртынан көріп, қателіктеріңді тап басып айтады, әрі оны жоюға дұрыс бағдар береді. Жаттығу барысында жүктемені азайту, көбейту өте қажет. Спортшыға қажетті мәліметтермен бөлісіп,кемшіліктерді түзеп отырады. Дайындықсыз жоғары жетістіктерге жету қиын. Белдесуге шыққанда жоғары жетістікке жетелейтін мықты бапкер болуы қажет. Бапкерсіз палуан өз нәтижесін көрсете алмайды. Сол себепті екеуі бір-бірін толықтырып отырады. 


- Неліктен палуандарымыз халықаралық ареналарда әлсіздік танытып жүр? Әлем және Олимпиада чемпиондары шықпағанын меңзеп тұрмын.


- Халықаралық ареналарда біздің палуандарымыз әлсіздік танытқан емес. Тек алтын жүлде болмаса, қалған жүлделердің бәрін алып жүр. Оның бәрі психологиялық тұрғыдан өзін-өзі жеңе алмау және қобалжуды баса алмаудан деп ойлаймын. 



- Онда сұрақты былай қояйын. Шетел палуандарының бізден несі мықты?


- Шетелдік палуандарының бізден еш артықшылықтары жоқ. Жоғарыда айтқандай,қазақ грек-рим күрес шеберлері психологиялық тұрғыдан әлем чемпионы бола алмай жатқан жағдайлары бар. Әйтпесе, дайындықтары қандай деңгейде болса да, біздің балуандардың күші де, техникасы да олардан артық болмаса, кем емес. Физикалық және техникалық тұрғыдан алсақта біздің жаттығуларымыз шетел палуандарына қарағанда мықтырақ. Тек психологиялық тұрғыдан өз-өздерінің қобалжуларын жеңе алмай, жарыс алдындағы сәттерде өздерін ұстай алмау жағдайлары әсер етеді. Былайша айтқанда, біздің палуандар шетел палуандарынан бір саты жоғары деп айтуға болады. Қазіргі кезде спорт медицинасы дамып жатыр. Сол себептен спорт медицинасының рөлі көп ойнайды деп ойлаймын. 


- Кімге қарап мотивация аласыз? Сізге кім демеу болады?


- Мотивацияны кімнен емес неден аламыз десек қателеспеспіз. Өзіміздің көк байрағымыздан, «Қазақстан» деген жазудан аламын. Тіпті көк байрақты көкке желбіреткен аға-бауырларымыздың ізбасары болуға лайық болайық. Сол үшін бар күш-жігерімізді салып, өз-өзімізді қамшылаймыз. Мотивация деп соны айтқым келеді. 


- Балуан болмасаңыз, кім болар едіңіз?


- Егер мен палуан болмасам, ұстаз болар едім. 


- Өмірлік ұстанымыңыз? Қысқаша ғана айтыңызшы?..


- «Көз – қорқақ, қол – батыр». 


- Биыл Астанада грек-рим күресінен әлем чемпионаты болады. Әріптестеріңіздің мүмкіндігін бағалап көрсек?


- Менің күресіп жүрген салмағым олимпиадалық салмақ болмағаннан кейін, маған Олимпиадаға жолдама бермейді. Олимпиадалық салмаққа күресетін балуандарымызға, командалас жолдастарыма тілерім,Олимпиада жолдамаларының бәрін жеңіп алуына тілектеспін, әрі байрақты додада атой салса екен деп тілеймін. Олимпиада жүлдесін жеңіл алуына әрдайым жанкүйер боламыз.  Жалпы айтпағым осы.


- Демеу мырза, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет. Алар асуыңыз көп болсын!



Сұхбаттасқан: Іңкәр Таңқай


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру