Күрес 05 Наурыз, 2019 (0) (1297)

Гүлмарал Еркебаева: Қазақ қызына тән сыпайылық күресте кері әсерін беріп жатады



Бірнеше күн бұрын Алексеевкадағы АИБА-ның базасында болып Қазақстан әйелдер құрамасының оқу-жаттығу жиын көріп қайтқан едік. Кезекті жаттығудан соң ұлттық құраманың мүшесі Гүлмарал Еркебаевамен сұхбаттасудың сәті түсті. 


Гүлмарал Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылының тумасы. Бала күнінде спорттың бірнеше түріне қызыққан. Атап айтқанда волейбол, футбол, баскетбол, күрес. Есейе келе соңғысына тоқталып, Талдықорғандағы спорт мектебіне оқуға қабылданады. Бапкері – Қайрат Сағадиев. 


Гүлмарал, соңғы ел біріншілігінде жеңімпаз атандың. Оның алдында Ресейде өткен Миндиашвили академиясының жүлдесіне арналған халықаралық турнирде де топ жардың ... 


 Қазақстанда менің салмағымда мықты палуандар жеткілікті. Дегенмен, басты қарсыласым – Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова. Эльмирамен кездесу мен үшін ешқашан оңайға соқпаған. Екеуіміз құрамада бірге жаттыққандықтан қыр-сырымызды, осал тұстарымызды жақсы білеміз. Қуанышыма орай соңғы ел біріншілігінде чемпион атану бағы маған бұйырған екен. 


 Биыл күрес түрлерінен Әлем чемпионаты Астанада өтеді. Дайындықты бастап кеткен боларсыздыр? 


- Әзірге бірде-бір палуан Астанадағы Әлем чемпионатына нақты мен қатысамын деп айта алмайды. Бәрі өзімізге байланысты. Оның үстіне Әлем чемпионатына дейін бірнеше жарыс бар. Сол жақтағы нәтижелерімізге байланысты болмақ. Бабы мен бағы қатар келіп тұрған палуанның жолын ешкім байлай қоймас. Алда Азия чемпионаты. Әзірге бізге белгілісі құрлық жарысына ел чемпионы атанған палуандар барады. 


 Ұлттық құрамада бапкер ауысты. Бұрын өзіңнің жеке бапкерің Қайрат Сағадиев болса, бүгінде бұл қызметке Нұрлан Аманқосов келді. 


 Қайрат аға да, Нұрлан аға да өз ісінің нағыз мамандары. Екеуін бөліп жаруға болмас. Қайрат аға бүгінде құрамада жүрген қыздардың басым көпшілігін бала күнінен біледі. Жасөспірім кезінен бастап бірге жұмыс жасап келе жатқандықтан қыздардың артықшылығы мен кемшілігі ол кісіге аян. Қайрат аға ұлттық құраманың тізгінін ұстаған тұста Нұрлан Аманқосов оның қол астында бапкерлік қызметте болған. Сол себепті Нұрлан ағаның жаттығуында айырмашылыққа қарағанда ұқсастық көп. Қайрат Сағадиев менің жеке бапкерім болғандықтан бас бапкерлік қызметтен босағаннан бері біздерге көп уақыт бөлетін болды. Соңғы кездергі жақсы нәтижелерім де соған байланысты шығар. 


– Күрестен Қазақстан әйелдер құрамасының тарихына көз жүгіртсек бұрымдылар арасында Әлем чемпионы атанған бірде-бір қыз жоқ екен. Сол олқылықтың орнын Астанадағы Әлем біріншілігінде толтыруға бола ма? 


Бұл күндері әйелдер күресінен азиялықтардың дәурені жүріп тұр. Жапон қыздарының жетістігін таңды таңға ұрып айтуға болады. Қытай мен монғол қыздары да қарымдылар қатарында. Дей тұрғанмен олардың бізден көп айырмашылығы жоқ. Олар жасаған жаттығуды біз де жасап, олар ішкен дәрумендерді біз де ішеміз. Жеке ойым. Біздің қыздарға кей кездері қазақы мінезіміз кедергі болатын сияқты. Қазақ қызы әрқашан сыпайы, ұяң келеді. Ал күресте жұлып жеп тұрмасаң нәпақаңнан айрыласың. Сол жағынан алғанда олар бізден бір бас жоғары. Жапон, маңғол қыздары жай өмірдің өзінде дөрекі, эмоцияналды келеді. 


Ұлттық құрамадағы жүрген қыздардың басым көпшілігі өте тәжірибелі спортшылар. Атап айтқанда, Олимпиада жүлдегерлері Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Азия ойындарының жүлдегері және Рио Олимпитадасында жүлдеге сынық сүйем жетпей қалған Жұлдыз Эшимова. Өз жерімізде өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын кез келген спортшы жерге қаратпай абыройымызды асқақтатуға тырысатыны сөссіз. Оның үстіне бүгінде ел сенімін ақтауға дайын бірнеше таланты жастар да шығып келеді. Шымкенттегі Спартакиадада оған куә болдық. Әсіресе, Ақмола облысының жас спортшылары өздерін жақсы жағынан көрсетті. Айна Теміртасова, Ирина Кузнецова, Эллада Махияддинова, Альбина Қайыргельдинова сынды жас палуандар әйелдер күресіндегі жеңісті жолды жалғастыра алатынына сенім мол.

Сұхбаттасқан:Бақыт Карибеков



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру