Күрес 02 Наурыз, 2019 (0) (346)

Елдос Жұмақанов: Сабырлылық - басты қаруым

28 жасар қазақстандық дзюдошы Елдос Жұмақановтың күні бүгінге дейін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай десек, қателеспеспіз. Тарқатып айтар болсақ, 2015 - 2016 жылдардағы Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, 2013 жылы өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, Еуропа кубогінің иегері, 2017 жылғы «ТОР 16 Әлем шеберлері» додасының күміс жүлдегері, 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының қола жүлдегері, гран-при жарыстарының ең үздік дзюдошы атағына ие болған. Әлемдік рейтинг бойынша қазіргі таңда 66 келі салмақ дәрежесінде 8-ші орында тұр.


- Елдос, бір сұxбатыңызда пір тұтатын балуаным жоқ, бірақ кішкентай кезімде   болған деген екенсіз. Мұның сыры неде? Әлде біреуден көңіліңіз қалды ма?

- Әрине, кішкентай кезімізде барлығымыз біреуге ұқсағымыз келеді. Өсе келе өзіңді өзің көтеріп, басқа жас бүлдіршіндерге жақсы тәрбие бере алатындай болу мақсатыңа айналады. Қазір Аллаға шүкір өзіміздің де жас бүлдіршіндер бізден де ақыл сұрайтындай деңгейіміз көтеріліп келеді. Сол себепті қазір көбірек өзіміздің жүріс-тұрысымызға көп көңіл бөлеміз.


- Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң факультетін окыдыңыз. Қызылға бітіргеніңізді де білеміз. Болашағыңызды спортпен байланыстырасыз ба, әлде екінші оқыған мамандығыңызбен бе?

- Болашақты уақыттың еншісіне тапсырамыз, әрине бәрі Алланың қалауымен болады. Бірақ, ол салада да жұмыс істегім келеді, ойымда бар, негізі. Спорттан кейін мүмкін сол салада еңбек етерміз.


- Әлемнің ең үздік он балуанының қатарындасыз. Сізді осындай биікке жетелейтін күш неде?

- Иә, бұған әуелі Алла, одан кейін ата-анам, жаттықтырушыларым себепші деп айтар едім. Сол кісілердің қолдауы, солардың ақылының  арқасы деп білемін. Одан кейін өзіңнің күш жігерің, еңбегің мен терің арқылы  келеді және үлкен жауапкершілікті де талап етеді спорт.


- Эмоцияға қаншалықты көп берілесіз, татамиде, күнделікті өмірде?

- Күресімді көргендер болса біле жатар. Татамиде эмоциямды көп көрсете бермеймін. Жеңісте де, жеңілісте де бір қалыпты сабырлы болуға тырысамын. Негізі өзім табиғатымнан ұстамдылық қасиетім бар.


- Жарыстағы ең жылдам, әрі оңай болған жеңісіңізді айта аласыз ба?

- Ең жылдам кездесулер болып тұрады. Айта кетсем, 2015-ші жылы әлем чемпионатында 10 секунд күрескенмін, одан кейін «Әлем шеберлері» жарысында 9 секунд күрескенім бар. Әрине, ол жеңістердің оңай келмейтіні анық. Жеңіс жылдам сияқты көрінгенімен, оның артында аққан қан, төккен тер жатыр. Әрбір белдесулерде псиxологиялық қысымдар болады, қаншалықты аз уақыт ішінде болса да. Әрбір белдесу үлкен дайындықты талап етеді. Мейлі ол физиологиялық болсын, мейлі моральдық болсын.


- Біздің спорт саласына не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Біздің спорт саласына не жетіспейтінін нақты айта алмаймын. Әр спорттың өз ерекшелігі бар. Біздің дзюдо спортын айтар болсам  кішкене уақыт жағынан тапшы болып қалды десем болады, өйткені дзюдо Қазақстанға кештеу келді. Бірақ соған қарамастан мемлекетіміздің қолдауы арқылы, қандастарымыздың еңбегі арқасында жақсы қарқынмен дамып келеді. Әлемдік деңгейде қазақтың атын шығарып жүрген балуандарымыз аз емес, артымыздан өсіп келе жатқан жас буындар да бар, ол қуантарлық дүние.


- Әлемдік аренадағы балуандардың қайсысымен күрескіңіз келеді?

- Ондай балуандар бар, олар өткен жарыстарда есе жіберіп қойған спортшылар. Сол спортшылармен қайта шығып, жеңіске жетсем, есемді алсам деген ой да бар.


- Дзюдода сізге қарап өсіп келе жатқан жас спортшылар бар. Олардың алдындағы жауапкершілікті қалай сезінесіз?

- Әрине, ең алдымен өзім үлкен жетістіктерге жетіп, барлығық спортшының арманы Олимп шыңын бағындырып, оларға үлгі бола алатындай, соған лайық болып жүруге тырысамын. Тек спортта ғана емес, өмірде де өз қарапайымдылығымызды сақтап қалу керектігін барынша үйреткім келеді.  Бар білгенімді үйретіп, демеу болуға дайынмын. Қазір әлеуметтік желілердің жақсы дамып тұрған кезі ғой. Бос уақытымда  маған жазатын артымыздан еріп келе жатқан жас бүлдіршіндер мен жанкүйерлерім мен сөйлесіп, көңіл бөліп отырамын.


- Өте қызық сұрақ, күрестегі білетініңізді шынайы өмірде пайдаланып көрдіңіз бе?

- Енді бұл сұрақ көшенің сұрағына ұқсап тұрған сияқты ғой (күлді). Жігіт болған соң ондай кездер болады. Жас кезде әсіресе, жасыратыны жоқ. Бірақ, қазір әрине жас та біразға келді, есейдік, xалықтың адамы болған соң да, ондай жерлерден аулақ жүруге тырысамыз. Барлық нәрсеге сабырлықпен қарап дегендей.


- Спортты сенімділік және тәрбие деп екіге бөлетін болсақ, қайсысы жаныңызға жақын болар еді?

- Өте қиын сұрақ екен... Тәрбие деп ойлаймын өзім ойым, өйткені тәрбие арқылы сенімділікті де, басқасын да көрсетуге болады. Қандай спортшы болсаң да, тәрбие көрген болған  болсаң, барлық жерге сыйлы болып, мерейің өседі.


- Бізден бөлек, қай мемелекеттің дзюдо мектебін жоғары бағалайсыз?

- Қазіргі таңда дзюдо әлем бойыншы футболдан кейінгі жақсы дамып келе жатқан спорт түрі болып табылады. Жақсы дамыған дзюдо  мектептер енді бұрыннан келе жатқан, негізін қалаған Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Франция елдерінің бағыттары, тәжірбиелері жоғары деңгейде деп айта аламын.


- Жауап бергеніңізге раxмет, сәттілік серік болғай!


                                                                                                              Сұхбаттасқан: Альмира Қазыбаева



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру