Қысқы спорт 28 Ақпан, 2019 (0) (130)

Әділетсіз әдістермен жеңіске жетуге түбегейлі қарсымыз - ҚР шаңғы спорты түрлері федерациясы

Қазақстан шаңғы спорты түрлері федерациясы Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында ұсталған шаңғышы Алексей Полторанинге қатысты ақпарат берді.



- Егер оның допинг қолданғаны шын мәнінде расталса, федерация бұл туралы ресми мәлімет жариялайды. Біз допинг қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанамыз. Әділетсіз әдістермен жеңіске жетуге және тыйым салынған негіздемелерге түбегейлі қарсымыз. Бірақ Полтораниннің допингке қарсы ережелерді бұзғаны толығымен дәлелденбейінше және федерация WADA, ХОК, FIS секілді ұйымдардың Алексейге ресми түрде айып таққанына көз жеткізбейінше, біз спортшымызды қорғайтын боламыз, - деді шаңғы спорты түрлері Ұлттық федерациясының баспасөз хатшысы Самал Наурызова ҰОК ресми сайтына


Еске сала кетейік, кеше, 27 ақпан күні Австрияда өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында Алексей Полторанин 15 шақырымға классикалық әдіспен жарысушылар сынына қатысуы тиіс болатын. Алайда, спортшы жарыс жолына шыққан жоқ.


Кейін БАҚ-та еліміздегі үздік шаңғышы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Қазіргі сәтте оқиғаның мән-жайы тексерілуде. ARD мәліметі бойынша, допинг қолданды деген күдікке жарыс иелері - австриялықтар, Эстония мен Қазақстан спортшылары ілінген. Австриялық шаңғышылар Доминик Балдауф пен Макс Хаукені қазірдің өзінде полиция ұстаған. Олардан бөлек, 15 шақырымдық классикалық жарыс жолына Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин, сонымен бірге эстондық Андреас Веерпалу мен Карел Таммъярв шықпаған. 



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру