Бокс 19 Ақпан, 2019 (0) (1086)

Геннадий Головкин қазақстандық боксшыдан жүз мың доллар талап еткен

Руслан Мадиев деген талантты қазақстандық боксшының есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Бірінші кезекте жанкүйерлер Русланды Геннадий Головкиннің жерлесі әрі командаласы ретінде таныды. Сондай-ақ, Мадиев өзінің шаршы алаңдағы сенімді жеңістерімен де жанкүйерлер жүрегін жаулаған.


Міне сол Руслан Мадиев пен Геннадий Головкин арасынан қара мысық жүгіріп өткенге ұқсайды. Бұл туралы Русланның Spotrs.kz басылымына берген сұхбатынан белгілі болды.


Русланның айтуынша бұл күндері ол Геннадий Головкиннің командасымен ара қатынасын үзген. Оған бірнеше себеп те бар көрінеді. Ең әуелі Мадиев Абель Санчестің бапкерлігіне сын келтірген. Жаттығуында ешбір өзгеріс жоғын алға тартқан Руслан өзге промоутерлік компаниямен келіссөз жүргізген. Міне осы жерде кикілжіңнің шеті шыға бастаған. Руслан басқа промоутерлік компанияға ауысуы үшін басы бос болуы шарт. Өзінің сөзіне сенсек ол осы күнге дейін не Том Леффлермен, не Геннадий Головкинмен келісім-шарт жасасып, құжатқа қол қоймаған. Бәрі ауызша келісіммен болған.


Ендігі жерде Геннадий Головкин оған еркін агент ретінде өзге промоутерлік компанияға ауысуы үшін жүз мың АҚШ долларын төлеу керектігін айтқан.


Руслан Мадиевтің өзі Головкиннің бұл әрекеті жігіттікке жатпайтынын, ешуақытта жерлесінен дәл осындай опасыздық күтпегенін айтуда.


Руслан Мадиев кәсіпқой бокста 13 кездесу өткізіп он екісінде жеңіске жетіп, бір кездесуде жеңілген.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру