Футбол 04 Ақпан, 2019 (0) (245)

Михал Билек: Ойыншылардың ел алдындағы жауапкершілігін түсінгенін қалаймын

Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сауалдарына жауап берді.


-  Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері болғаныма қуаныштымын. Оқу-жаттығу жиыны ақпан айына жоспарланған. Сол жиында кеңейтілген тізімге енген футболшыларды қараймыз. Ойыншылардың дайындығы мен әлеуетін білетін боламыз. Жаттықтырушылар штабы ертең Түркияға жол тартады. Сол жақта футболшылардың басын қосып, жиынның жоспарын анықтаймыз. Сонымен қатар, ұлттық құраманың ойын үлгісін талқылаймыз.


- Біздің ұлттық құраманы басқару туралы ұсыныс қашан түсті? Шешімді қалай қабылдадыңыз?


- Келіссөз шамамен үш аптаға созылды. Шешім қабылдау қиын болды. Өйткені, Чехияның «Фастав Злин» командасымен келісімшартым бар еді. Алайда, клуб жетекшілері менің шешіміме түсіністікпен қарады. Олар менің ұлттық құраманы жаттықтыруды қалайтынымды ұғынды. Сол себепті Қазақстан құрамасын жаттықтыруға мүмкіндік берді.


- Тізімдегі футболшыларды қарап шықтық... Бақтияров пен Васильев не үшін шақырылды? Стас Покатилов те ұзақ үзілістен кейін шақырылған екен...


- Кеңейтілген тізімді Қазақстандағы менің көмекшілерім ұсынды. Әр футболшы туралы толық мағлұматқа ие емеспін. Алайда, оқу-жаттығу жиынында жақын танысамын.


- Біздің елге келмей тұрып Қазақстан туралы не білетін едіңіз?


- Қазақ футболымен таныспын. Чехияның «Славия» командасының «Астанамен» ойынын қарадым. Бірнеше жыл бұрын қазақ футболы туралы сол кезде құраманы жаттықтырған Мирослав Беранекпен талқылаған едім. Қазақстан туралы мәлімет жеткілікті.



- Келісімшарт мерзімі қай уақытқа дейін?


- Еңбек шартына бір жылға қол қойылды. Ұлттық құрамада ауыр жұмыс күтіп тұр. Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсету керек.


- Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің басталуына тоғыз апта бар. Қазақстан құрамасының дайындығы қалай болмақ?


- Түркияда оқу-жаттығу жиыны болатынын айттым. Оқу-жаттығу жиыны аяқталғаннан кейін Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің жоспарын дайындаймыз.


- Бұрынғы бапкер Станимир Стоилов ұлттық құраманың ең басты мәселесі жақсы шабуылшылардың жоқтығы деді. Не айтасыз? Біздің құраманың қандай мәселелерін аңғарып үлгердіңіз?


- Жаттығу процесінде зерттейтін шабуылшылардың тізімі бар. Тек жаттығу арқылы олардың мүмкіндіктеріне баға беруге болады. Үйде өткен матчтарда шабуылшылар комбинациялық футбол ойнауға ұмтылды. Сырт алаңда қорғаныс пен стандартқа көп көңіл бөлді.


- Біздің құраманың қандай футбол ойнағанын қалайсыз? Ойын философиясы қандай болмақ?


- Ойыншылардың ел алдындағы жауапкершілігін түсінгенін қалаймын. Тәртіпке бағынған футбол болуы тиіс. Үнемі допты ұстаудың қажеті жоқ деп санаймын. Алайда, шабуылда футболшылардан жылдам әрі батыл ойнауды сұраймын. Жылдам футболды дәріптеймін. Қарсыластың айып алаңында белсенді әрекеттер көп болған жөн.


- Тізімде Зайнутдинов жоқ екен. Алдағы уақытта шақырасыз ба?


- Біздің тізімде Постников те жоқ. Оның жарақаты бар. Ал, Бактиер Зайнутдинов ресейлік «Ростовпен» оқу-жаттығу жиынына барады. Өйткені, оқу-жаттығу жиыны мен жолдастық матч ФИФА күнтізбесіне сәйкес емес.  



- Бірнеше сәтсіздіктен кейін бас бапкер қызметінен айырылып қаламын деп қорықпайсыз ба?


- Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде біздің тобымыз қиын екенін жасырмаймын. Алайда, мен ештеңеден қорықпаймын. Ұлттар Лигасында құраманың бірнеше ойынын қарап шықтым. Алдағы ойындарға дұрыс тактика таңдаймыз.


- Соңғы жылдары шақырылмаған Александр Меркель де тізімге енген. Оның жағдайы қалай?


- Бұл футболшы Голландияда ойнайды. Онымен сөйлескім келеді. Алдағы уақытта кездесеміз деп үміттенемін.


- Сіз қандай адамсыз?


-  Команданың ішкі тәртібіне баса назар аударамын. Егер ұжымда тәртіп болмаса, онда табыс туралы сөз айтудың қажеті шамалы.


- Көмекшіңіз Хипп туралы айтып өтсеңіз?


- Михал Хиппен бірнеше жылдан бері таныспын. Бірге ойнадық. Қарама-қарсы да доп тептік. Маған көмектесіп жүр. Орыс тілін жақсы меңгерген.


ҚФФ баспасөз қызметі


Шорт-тректен әлем кубогі: Қазақстан әйелдер құрамасы үздік бестікке енді


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру