Күрес 25 Қаңтар, 2019 (0) (2927)

Хаджимурат Гацалов: Спортты "көлденең көк аттылардан" тазарту керек

- Хаджимурат, Қазақстанға алғаш келгенде қандай ой түйдіңіз?

- Қазақстанға келгенде осыншама қонақжай һәм қарапайым халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстым, тіпті бұл мәңгілікке жадымда сақталады деуге болады. Күресті жанындай жақсы көретін қазақ еліне келгеніме разы болдым. Қазақ даласында күрестің өзіндік ғұрпы бар екен. Дей тұрғанмен «Қазақстанда күрес дәстүрі мен мектебі бар бола тұра, неге әлем чемпионы жоқ » деген сұрақ мазалай берді. Біздің негізгі мақсат та сол әлем және Олимпиада чемпионын шығару еді.

- Академия ашу сіздің идеяңыз ба?

- Неден бастаймын деп көп талдау жасауыма және ойлануыма тура келді. Миыма Олимпиада және әлем чемпиондары атанған мені және көптеген жігіттерді әлемдік деңгейде жоғары жетістіктерге жеткізген клубты үлгі етуге болады деген ой сақ ете қалды. Тимур Асқарұлы мен Сәкен Жүнісбекұлына Еркін күрес академиясын құру туралы айтқанымда олар мені қолдай кетті және ол көп ұзамай ашылды да! Сол үшін ол кісілерге алғыс білдіремін.

- Аз ғана уақыт қызмет етсеңіз де біраз шаруаның бетін қайырдыңыз. Жетістіктеріңізді тізбелей кетсеңіз...
- Жастарға сенім артуды жөн көрдік. Оларды кәсіпқойлыққа үйретіп, санасы мен психологияларын өзгерту оңайырақ болатын, себебі үлкен спортта маңыздысы осы. Академия жұмысын дұрыс жолға қою және үздіктерді жинау үшін тынымсыз тер төктік. Академиядағы жемісті жұмыс істеудің арқасында Словакияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде бір күміс пен бір қолаға ие болдық. Будапеште ерлер арасында Нұрислам Санаев екінші орын алды. Ол академияда тұрып, сонда жаттықты. Бұл сөзсіз, жақсы жетістік еді, алайда біз аса бір қанағаттана алмадық, біздің ойымыз тек алтын алу болатын. 

- Қазақстаннан неге кеттіңіз?

- Арада біраз уақыт өткен соң Еркін күрес федерациясы басшылығы қаржылық қиындықты желеу етіп, арадағы келісімшартты ұзартпауға шешім қабылдағаны белгілі болды. Маған сенім артқандарға алғыс білдіріп, үйге қайтуға тура келді және солай істедім де... 

- Шәкірттеріңіз туралы не айтасыз және еліңізге қандай оймен кеттіңіз?

- Жігіттерді аядым, оларды отқа да, суға да салдық. Олардың алдында жауапты болдық және ертеңгі күнге деген үміт отын ұялаттық қой! Мен бір істі бастағанда соңына дейін жеткізуге дағдыланғанмын. Ешқандай жағдайға қарамастан! Бұл менің ерекшелігім деп айта аламын. Көптеген жігіттер үйін, туыстарын тастап, армандарына қол жеткізу үшін менің артымнан ерді, оларға қарыздармын. Өз мақсатына жету үшін көптеген нәрсені тәрк ететін спортшылар боз кілемде де, өмірде де чемпион бола алатынын білемін. Спортта мол тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, мемлекет пен спорт саласында жарқын жеңістерге жету мен спортты жоғары деңгейге жеткізу үшін спорт ұйымдарында көк тиын пайдасы жоқ, тек зиянын тигізетін «алыпсатарлар» мен «көлденең көк аттылар» емес, спорт ұйымдарында осы жолда көп қиындықтарды бастан кешкен, не істеу керектігін нақты білетін, өзіне жауапкершілік алып, ол үшін жауап беруден қорықпайтын адамдар жұмыс істеуі тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру