Күрес 24 Қаңтар, 2019 (0) (1516)

Данияр Тұрлыханов: Төрт құбыласы тең адамнан чемпион шықпайды

Дәулет Тұрлыханов есімін тек қазақ елі ғана емес әлем жұртшылығы да жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Даңқты палуан саналы ғұмырының бәрін күреске арнап келеді. Грек-рим күресі аталған жерде Дәулет Болатұлының есімі қатар жүреді. Олай болса Дәулет ағамыздың кіндігінен тараған үлкен ұлы Данияр Тұрлыхановтың да грек-рим күресінің отымен кіріп күлімен шығып жүруі заңдылық іспеттес.


Қазіргі кезде грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі құраманың бапкері болып жүрген, кезінде өзі де айтарлықтай нәтиже көрсеткен «асылдың сынығымен» сұхбаттасудың сәті «Достық» спорт кешенінде түсті. Біз барған шақта Данияр Алматы құрамасымен қызу дайындық жүргізіп жатыр екен. Әңгіменің әлқисасы бүгінгі қызметі жайында болды.


- Данияр, алдымен ұлттық құрамадағы өзіңнің рөлің туралы айтып өтсең?


- Бапкерлік қызметтемін. Грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі құрамды жаттықтырамын. Спорттық мансабымды аяқтағалы үш жыл болды.  Күрес ауылынан алысқа кете алмайтынымды білген соң бапкерлікке бет бұрдым. Оның үстіне әкемнің қолын ұзарту да - перзенттік парызым. Өзімнің білгенімді үйрете жүріп өзім де үйрену үстіндемін. Қазіргі уақытта біздің құраманың жігіттері халықаралық  жарыстардан олжалы қайтып жүр. Нақты деректермен айтар болсам алғаш қол тізгінге жеткен жылы Әлем чемпионатынан бір қола жүлде еншілеп қайттық. Ал соңғы Әлем біріншілігінде қоржынымызға екі қола жүлде түсті. Аманғали Бекболатов пен Қаһарман Қисметов жеңіс тұғырына көтеріле алды.  Біздің басты үмітіміз 67 келіде белдесетін Мейіржан Шермаханбет болатын. Алайда ол он бес күн бұрын ересектер арасында өткен Әлем біріншілігінен кейін өз бабына келіп үлгере алмады. Өзінің жастығына қарамастан Мейіржан өзі қатысқан алғашқы ірі халықаралық додада қола жүлде жеңіп алды.



Он бес жылдай бозкілем үстінде жүрдің. Әртүрлі жаста Қазақстан чемпионатында топ жардың. Құрлық  чемпионатына да қатысқан кездерің болды. Спорттық мансабыңда әттеген-ай деп бармақ шайнаған кездерің болды ма?


- Әрине, балалықпен, жастықпен көп қателік жібердік. Мен өте талантты бала болдым. Өзімнің барлық потенциялымды көрсете алмадым. Ал енді оған не себеп дегенде көп нәрсе айтуға болады. Басынан бастасақ. Он екі жасымда әкем, Дәулет Болатұлы мектеп интернатқа табыстады. Үлкен спортқа қадам сол кезден басталды. Осы жерде мектеп-интернатқа жетектеп әкеліп «еті сенікі, сүйегі менікі» деп табыстаған  әкеме мол алғыс айтқым келеді. Молшылықта, тоқшылықта өмір сүріп келген балаға интернатта тұру оңайға түскен жоқ. Әуелде қиын болғанымен уақыт өте үйреніп кеттік. Спортшыға нәтижеге жету үшін ең бастысы тәртіп керек. Қанша жерден дарынды болып тұрсаң да жанкешті еңбек етпесең ет пен тері арасындағы желігіңе жығылып жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Менің де қателігім осы болған шығар. Жас болдық, жаттығуға көп көңіл бөлмей дала кезіп кеткен кездер аз емес. Ал үлкен спорт ондай қателіктерді кешірмейді.



Әкем Дәулет Тұрлыханов пен Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың тойып жейтін тамағы, киерге киімі болмаса да, ерік жігерінің арқасында бағындырмаған белесі қалмады. Өзімнің тәжірибемнен айтар болсам тоқ баладан чемпион шығуы екіталай.


Биыл Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Қазақстаннан әлем чемпионы шықпай келе жатқалы да жиырма жылдан асты. Бұл олқылықтың орнын толтыратын кез келген сияқты...


- Бүгінде грек-рим күресінен бір шоғыр талантты жастар өсіп келеді. Оның үстіне тәжірибесі тоғысқан палуандарымыз да баршылық. Астанада өтетін Әлем чемпионаты бәріміз үшін үлкен сын болайын деп тұр. Бүл күндері жоғары нәтижеге үмітті бірнеше палуан бар. Бабы мен бағы қатар келсе палуандарымыз жерге қарата қоймас.


- Алда ел чемпионаты келе жатыр. Кімдерден ерлік күтесің?


- 55 келіде былтырғы чемпион Қорлан Жақанша, 60 келіде Бағлан Жақанша бар. Ағайында Фидахметовтар да үздіктер қатарынан көрінуі тиіс. 67 келіде нақты мынау чемпион болады деп дәл қазір ешкім айта алмайтын болар. Тәжірибелі палуан Алмат Кебіспаевтан бөлек соңғы Болат Тұрлыханов турнирінде дәл осы Алматты жеңген Әділхан Сатоев бар. Мейіржан Шермахамбет пен Данияр Қаленов та тұғырдың биік сатысына ұмтылары  анық. Ал аса ауыр салмақта Дамир Күзембаевқа ерекше үміт артамыз.


- Еркін күрестен академия ашылып бұл күндері нәтижелі жұмыс істеп жатқаны белгілі. Даңқты палуан Хаджымұрат Гацалов аталған академияда бір жылдан аса қызмет етті. Әйелдер күресінен де академия бар. Грек-рим күресінен академия ашу керек деп санайсың ба?


- Әрине күрес академиясы бізге де керек-ақ. Өз басым бұл жастардың дамуына даңғыл жол дер едім. Әзірге дөп басып ештеңе айта алмаймын. Мүмкін алдағы уақытта ашылып та қалар...


- Соңғы сұрақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық құрама қатарына легионерлер жиі келетін. Қазір тек өз өрендеріміз ғана жүр. Жалпы легионерлерге деген көзқарасың қалай?


-  Қазақтың жамбасына келетін салмақтар бар. Олар жеңіл салмақтар. Жеңіл салмаққа келімсектерді тартудың керегі жоқ. Онсыз да әр салмақта бәсекеге қабілетті бірнеше палуандарымыз бар. Ал үлкен салмақта олай дей алмайсың. Өзімізде жоқ болғандықтан мүмкін ауыр салмаққа легионерлер де керек шығар. Бәсекелестік болған жерде нәтиже бар.


- Данияр, сұхбат бергеніңе көп рахмет!


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру