Жекпе-жек 19 Желтоқсан, 2018 (0) (275)

«Titan FC» турнирінің қатысушылары өз жеңістеріне сенімді

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында бүгін аралас жекпе-жектен өтетін «Titan FC 51» халықаралық турнирінің қатысушылары ашық жаттығуларын өткізді.

Залға жиналған көрермендер барлық спортшыларды жылы қарсы алып, оларға қолдау көрсетті. Ал, өз кезегінде қатысушылар өз дайындықтарының қандай деңгейде екендігін байқатты.  

Жекпе-жек алдындағы ашық жаттығу өте көңілді өтті. Әр елден келген спортшылар қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанның көркем мемлекет екендігін тілдеріне тиек етті.  

- Маған бұл жер өте ұнады. Адамдары қарапайым, бауырмал екен. Қазақстан өте әдемі ел болып көрінді. Осы қаланы турнир аяқталған соң аралаймын деп отырмын. Ал, өз қарсыласым жайлы айтатын болсам, Бейбіт өте күшті спортшы. Бірақ, мен оны ұту үшін келдім, - деді Бейбіт Назаровтың қарсыласы Мартин Браун.    

Айта кетер жайт, 21 желтоқсанда сағат 19:00-де Almaty Arena көпфункционалды спорт кешенінде халықаралық «Titan FC» ұйымы және «Alem fighters» спорт клубының ұйымдастырумен аралас жекпе-жек (ММА) бойынша «Titan FC 51» халықаралық турнирі өтеді.  

Файткардқа екі титулды жекпе-жек кірді. Жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді (57 келі) колумбиялық Хуан Пуэрта (15-6) мен қазақстандық спортшы Қазыбек Әшімов (13-3) сарапқа салса, бұл кештің басты жекпе-жегінде Бейбіт Назаров (14-3) пен Мартин Браун (12-5) кездеседі. Олар жеңіл салмақта (70,3 кг) уақытша чемпиондық белбеуіне таласады.  


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру