Күрес 15 Желтоқсан, 2018 (0) (557)

Шығыс Қазақстанда грек-рим күресінен Х дәстүрлі турнир жалғасып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауылында грек-рим күресінен Х дәстүрлі республикалық ашық турнирі жалғасып жатыр. Бұл жарыс Қазақстан күрес федерациясының күнтізбесіне енген. Мұнда жеңімпаз атанған балуан Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне кандидат атағын алатынын айта кетейік.

Таскескен – талай дүлдүлдер шыққан мекен. Тектінің тұяғы Болат Тұрлыханов та осы ауылға келіп жаттықтырушылық қызмет атқарып, талай қыранның томағасын шешкен еді кезінде. Қаншама шәкірттері ауыл боз кілемінен түлеп ұшты. Солардың барлығы дерлік Болат Тұрлыханұлының алдын көргендер. Шәкірттері ұстазына қандай құрмет білдірсе де жарасады. Сол шәкірттерінің бірі –  турнир ұйымдастырушысы ауылдың ардақты азаматы, бизнесмен Қанат Сүлейменов.

Қанат Сүлейменов: «Осы жарыстың өтіп жүргеніне 10 жыл болды. Дәстүрлі доданы Сүлейменовтер отбасы өзіміз ұйымдастырамыз.  Болат Тұрлыханұлының атында болған соң абыройы да, мәртебесі де биік болуы тиіс. Ұстазымыз кезінде Қайрат інім екеумізді Дәулет Болатұлына қосып жіберіп, бізді өз ұлына тапсырған. Біздің адам болып қалыптасуымызға үлкен септігін тигізді. Ол кісіге алғысымыз шексіз. Жаны жәннаттан болғай!»

Турнирге Үржар ауданының құрметті азаматы, қазақ күресінен бірінші «Қазақстан барысы» турнирінің финалисі Шалқар Жоламанов қонақ ретінде келген болатын. Жерлесімізден турнир жайлы сұрап қалдық.

Шалқар Жоламанов: «Болат Тұрлыханов атындағы турнир жыл сайын болып жүр ғой. Қай кезде де жоғары деңгейде өтеді. Таскескендіктердің ұйымшылдығының арқасы деп білемін және бұл істің басында іскер ағам Қанат Сүлейменов тұрғанын ескерсек, балуандар бәсекесі  жаман өтпеуі тиіс. Екі күн бойы тамашалаймыз. Жан-жақтан көптеген жеткіншектер де келген екен. Бұл енді турнирге ерекше серпін беруі тиіс».

Турнирдің жоғары деңгейде өтіп жатқанына тағы бір дәлел – төрешілер алқасы деп айтуға негіз бар. Республикалық деңгейдегі әділ қазылар балуандар белдесуінің әр сәтін көз жазбай бақылап, қарап та отыр. Арасында халықаралық деңгейдегі төреші, Жақсылық Үшкемпіровтың досы, классикалық күрестен спорт шебері Қайыртай Оразалинов та бар.

Қайыртай Оразалинов: «Жарыс керемет өтіп жатыр. Жылда келеміз. Әр жыл сайын деңгейі өсе түсуде. Ағайынды Сүлейменовтерге алғысымыз шексіз. Қонақтарды қарсы алуы, орналастыруы бәрі көңілімізден шықты. Залды безендіру жағын да ұмытпапты. Мына кілемнің өзі өте сапалы, республикалық деңгейдегі жарыстарда төселетін боз кілем ғой.  Бүкіл Қазақстаннан жас балуандар келді. Ауыл жастарына да үлгі болып жатыр ұйымдастырушылар. Төрешілер де өз жұмыстарын біледі. Адал атқарамыз. Дүниежүзілік күрес федерациясының жаңа ережесі бойынша күреседі балуандар. Осы мекенде Дәулет Тұрлыханов та, Есен Еңсебаевта, Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметовтар, басқа да мықтылар күрескен. Осы турнирде шыққандар шетелде де күресіп, жетістікке жетіп жүр».

Айдос Қабдуллин, төреші: Әріптесімнің сөзіне қосыламын. Тек қана мақтау айта аламын. Жыл сайын осындай сайыстар көбейсе, жас балуандарға да пайдасы зор. Бақылапр қарап отырмын. Кіл мықтылар келген екен. Алматыдағы спорт интернатынан балуандар келгеннен кейін жарыс деңгейі тіпті жоғарылап кетті. Баршаңызға, ұйымдастырушы тарапқа алғысым зор!

Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы республикалық спорт интернатының  жаттықтырушысы, бұрынғы балуан, Таскескен өңірінің тумасы Ринат Нұржакиев те өз шәкірттерін ала келіпті. Бапкерден пікір сұрадық.

Ринат Нұржакиев: «Таскескен ауылында өтіп жатқан турнирге 15  шәкіртімді алып келдім. Қарап отырсаңыз мұнда ел біріншілігін ұтқан жас өрендер де бар Деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Жарыс республикалық күнтізбе жоспарына енді.  Бұған қатысуды мәртебе ретінде көруі тиіс әр жасөспірім. Сол себепті  біздің интернаттың да қатысуына толық құқығы бар. Келесі жылы бұдан да үлкен залда өтеді деп ойлаймын. Боз кілем бәсекесінің деңгейі жоғары деп бәрі айтып жатыр ғой. Мен себебін айтайын. Мәселен, былтыр қатысқан Исхар Құрбаев  жасөспірімдер арасында Хорватияда үшінші орын алды. Азия чемпионатында күміс еншіледі. Балуандарға сәттілік тілеймін. Ауылымыздан Олимпиада чемпионы шықса деп армандаймын. Мен де осы залда күресіп, осы ауылдан тәлім тердім. Сол үшін де шәкірттерімді алып, осы жарысты қолдау мақсатында келдік».

Еске сала кетейік, бүгін Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Таскескен ауылында грек-рим күресінен Х дәстүрлі Болат Тұрлыханов атындағы республикалық ашық турнирдің жалауы желбіреді. Ашылу салтанатына бірқатар лауазымды тұлғалар да келді. Солардың ішінде Аягөз ауданы әкімі Бақытжан Кәкенғазыұлы Баяхметов, Үржар ауданы әкімі Серік Зинабекұлы Зайнуллин де бар. Болат Тұрлыханов пен оның бақилық болған шәкірттеріне арналып ас берілді.

Автор: Ғалым Молдағожанов


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру