Желідегі жазбалар 05 Желтоқсан, 2018 (0) (442)

Дағдарыс футболға да жеткен екен

Дағдарыс. Әлемді жаппай билеген дағдарыс спортқа ауыз салғалы қашан. Ол футболды да айналып өтпепті. Мұны кеше түнде өткен «Алтын доп» жүлдесінің жүлдегерлерін анықтауға арналған кеш тағы айғақтап берді.


Жалпы, футболдың үлкен дағдарыс үстінде екенін биылғы жазда Ресейде өткен әлем чемпионатында да байқағанбыз. Онда қазір жаһанда шын мықтының жоқ екеніне көз жеткіздік. Сосын сол сұрқай топтың ортасынан, аса мықты болмаса да, Франция чемпион болып шықты. Ең сорақысы, тамам футболшының арасынан әлемнің нағыз жарық жұлдызы деп көрсете алатындай бір адам табыла қоймады. Жұрт сосын бір ойында ғана жарқ етіп көріне қалған кім көрінгенді аузына алып жатты. Ақыр соңында жарқырап ойнай алмаса да, өкпесі өшкенше шаршамай жүгіре беретін жұдырықтай Лука Модричке ел назары ауды. Сосын басқа ешкімге бұйда тағып айта алмайтын болғансын мамандар амалсыз осы футболшыға тоқталып, мундиалдың үздігі атандырды.

Негізі, әлемде 2008 жылы басталған дағдарыстың бүршігі биылғы жазда шешек атқандай болып шықты. Міне, сол 2008 жылдан бері жаһанда бар-жоғы екі футболшы – Криштиану Роналду мен Лионель Мессиден өзге ешкім «Алтын доп» жүлдесін ала алған жоқ. Осы жылы және 2013, 2014, 2016 және 2017 жылдары Криштианудың жұлдызы жанса, 2009, 2010, 2011, 2012 және 2015 жылдары Лионельдің бағы жанды. Сөйтіп, әрбірі бес-бестен «алтын жүлдегер» атанды.

Сондықтан ФИФА басшылығы жазда чемпионаттың ең үздігі атағын қалайда бұл екеуінен басқаға беруді жөн көрсе керек. Сөйтіп тапқаны Лука Модрич болып шықты. Қалған үміт күткендері «тартпады». Мұның үстіне, ана екеуінің командасы да финалға дейін бара алмады.

Сонымен, жылдың соңы келді. Мұнда ФИФА тағы Лукадан басқа ешкімді «таба» қоймады. Осылайша жетім тоқты, қотыр тай сияқты көзге қораш, ойында оғаш, жұлдыз ұғымына оншалықты үйлесе бермейтін бір ойыншы Әлемнің Бас Футболшысы атағын алып шыға келді. Егер ол Хорватия құрамасында, өзі ойнап жүрген Мадридтің «Реалында» нағыз лидер, көш бастаушы болып жүрсе, халықаралық матчтарда жарқырап жүрсе, әңгіме жоқ. Бірақ олай болып жүрген жоқ қой! Бұған оның Ұлттар лигасы мен Чемпиондар лигасындағы қазіргі таңдағы ойындары толық дәлел!

Мен өз басым ешқашан Криштиану Роналдудың «болельщигі» болған емеспін. Маған оның әу бастағы симуляцияға бейімдігі ұнай қойған жоқ. Содан жек көріп кеттім. Жалпы, португал футболы біз алғаш көрген 1966 жылдан бері осындай симуляцияның нағыз дүкені болатын. Кеңес кезінде португалдың «Бенфика», «Спортинг», «Порту», «Боавишта» деген командалары біздің жасақтармен кездесулерінде осындай лас, кір ойындарымен талай қанымызды ішкен. Португалдар сол ауруларынан қазір де айыға қойған жоқ. Оны өткенде Астанаға «Астанамен» ойнауға келгенінде «Спортинг» тағы көрсетті. Ал жақында ол «Арсеналдың» да ойынын ит жеген терідей қылды.

Жә, енді Роналдудың өзіне қайта келейік. Бұл сабаз сол сұмдығын қазір қойды. Тәуір командаларға барғасын, ұялғанынан қойған шығар. Сосын таза ойынымен таныла бастады. Ол Неймар сияқтылардың қасында «адам». Шыны керек, дәл қазір әлемде қай командаға барса да, оны өгіздей өрге сүйреп, ілгері алып шыға алатын, көптеген матчтардың тағдырын бір өзі шешіп кете беретін Роналдуден мықты футболшы жоқ. «Барселонадан» басқа жамағатта көріне алмайтын, өз елінің құрамасында тіпті бар-жоғы да білінбейтін Месси де оның деңгейіне жете алмайды. Ал кеше ФИФА мәслихаты сол Роналдуді әлгі Модричтен кейінгі екінші орынға қойды. Бұл жабыға жақсы жабу жауып, тұлпарға тоқым жапқанмен бірдей болды. Құраманы айтпай-ақ қояйық, Лука Модрич өзі бұрыннан ойнап келе жатқан «Реалында» биылғы жылы 14 рет алаңға шығып, бірде-бір гол соға қойған жоқ. Ал Криштиану Роналду жазда ғана барған «Ювентусы» сапында 14 ойын ойнап, 10 доп салып тастады. Бұл жерде мәселе бірінің жартылай қорғаушы, екіншісінің шабуылшы екенінде де емес. Мәселе кімнің қай командада қандай орны бар екенінде. Өз командасының өзінде бірінші емес, екінші емес, үшінші-төртінші лекте тұратын, командада пәлендей ролі де жоқ біреудің Әлем Футболының Лидері саналып кетуінде! Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, жетім тоқты, қотыр тай Бас футболшы атағын алып кетті.

Айтқандай, оның 2018 жылы құрама мен команда сапында соққан голы небəрі үшеу екен...

Дәл мынадай «табыспен» кез келген футболшыны топ басына шығара беруге болады.

Бірақ, ең таң қалатыны, жаһанда қазір жеке-дара топ бастай алатын нағыз жарқын жұлдыз жоқ. Біз сондықтан Роналдуды ауызға алып жатырмыз. Оның мына жабағыдан он есе артық екеніне еш шүбә келтірмейміз.

Ал басқа жұлдызды біз көріп тұрған жоқпыз. Соңғы он жылдан бері Месси екеуінен басқа ешкімнің «Алтын допты» ала алмауына да сол себеп. Сол сияқты Лионельге кейде бас жүлде Криштиануге «противовес» ретінде қасақана беріліп тұрғанын да жақсы білеміз.

Осы орайда Эйсебио, Бобби Чарльтон, Герд Мюллер, Йохан Кройф, Франц Беккенбауэр, Жан-Пьер Папен, Мишель Платини, Рууд Гуллит, Марко ван Бастен, Лотар Маттеус, Зинедин Зидан, Роналдо, Луиш Фигу, Риналдино, Андрей Шевченко секілді «Алтын доптың» әр жылдардағы иегерлері қасында шолақ тайға мініп, шауып жүрген мына бала кім?

«Алтын доптың» беделі 1986 жылы КСРО құрамасының форварды Игорь Беланов бас жүлде алған кезде де тап бұлай түсіп кетпеген шығар. Ол тым болмағанда сол жылы әлем чемпионатындағы ең мерген - бомбардир шабуылшы атанды ғой!

Әлем футболының терең дағдарыста екеніне бұдан артық тағы қандай дәлел керек?


Серік Пірназар



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру