Бокс 05 Желтоқсан, 2018 (0) (28)

Бокс федерациясының жыл жиналысында не айтылды, не шешілді?

Әуесқой бокстың дамуына кедергі болып тұрған қандай факторлар бар? Бүгін біраз сауалдарға жауап айтылды

Бокстағы 2018 жылдың жетістіктері мен кемшіліктері сараланған бүгінгі жылдық конференцияға «Қазақстандық бокс федерациясы» қауымдастығының вице-президенті Данияр Абылғазин, ҚБФ Атқарушы директоры Бекжан Бектенов, «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының» Бас хатшысы Елдос Рамазанов, өңірлік федерация басшылары, сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР ҰОК мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мәжілісте көтерілген басты жаңалықтардың бірі – келесі маусымнан бастап «Astana Arlans» кәсіпқой клубының бүкіләлемдік бокс сериясынан бас тартатындығы туралы болды.

WSB (World Series of Boxing) біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы атанған Астана арландары бұдан былай АИБА жобасына қатыспайды. Бұған Халықаралық олимпиада комитетінің АИБА ұйымына сенімсіздік білдіруі бірден-бір себеп. 


Екінші бір маңызды жайт, еркектер мен әйелдер ұлттық құрамаларының бас бапкерлері өзгеруі әбден ықтимал. 1994 жылдан бері Азия біріншілігінен алғаш рет алтын медальсыз оралып отырмыз. Демек, нәтиже мардымсыз.

Бокс үшін тағы бір маңызды жаңалық бапкерлерге қатысты. Бұдан былай жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігіне ерекше назар аударылады. Конференцияға қатысушылар отандық боксты дамыту үшін ең алдымен бапкерлерге қолдау көрсетілуі керек деген пікірді бірауыздан қолдады. 

Біріншіден, бапкерлер кәсіби білікті болуы тиіс. 

Екіншіден, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу қажет. 

Өйткені, өңірлердегі бапкерлердің жалақылары өте күлкілі жағдайда. Болашақта мықты бапкерлер әзірлеу үшін елімізде барлық халықаралық талаптарға сай арнайы оқу-орны ашылуы мүмкін. ҚБФ вице-президенті Данияр Абылғазин бұл сұрақты тыңғылықты зерттеп шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді.


Қазіргі таңда әлемдік әуесқой бокс саласы тоқырау кезеңін басынан кешіруде десек артық айтқандық болмайды. Менеджменттегі проблемалар өз алдына, бір ғана төрешіліктегі әділетсіздік фактілерінің өзі боксқа деген елдің ыстық ықыласын су сепкендей басып, тіпті, қалың жұрттың ашу-ызасын тудырып отыр.

Мұндай қитұрқылықтар белгілі бір мемлекеттерде өтіп жатқан жекелеген турнирлерде ғана емес, Әлем біріншілігі, Азия ойындары секілді халықаралық додаларда да байқалуда. Бұл қазіргі күні АИБА халықаралық ұйымына деген сенімнің жоғалуына әкеліп отыр.

Соңғы кездері Халықаралық олимпиада комитетінің АИБА ұйымымен барлық қарым-қатынастарды үзгенін жақсы білесіздер. Сондықтан, бокстың 2020 жылғы Токио Олимпиада ойындарында болу-болмауы әзірге шешілмеген жайт. Бірақ Қазақстандық бокс федерациясы мен ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің Президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев бастаған отандық менеджерлер бұл проблеманы шешу үшін қазір өте белсенді жұмыс жүргізуде.

Осы орайда айта кетері, бүгін ҚБФ халықаралық істер бойынша вице-президенті болып Кеңес Рақышев тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті Алмасадам Сәтқалиев атқарып келген болатын.


Бүткіл әлем қазақ боксшыларын ғана емес, сонымен қатар, отандық спорт менеджерлерінің де есіл еңбектерін, кәсібилігін мойындап келеді. 

Серік Қонақбаевтың АИБА басшылығына кандидат ретінде тіркеліп, 48 мемлекет өкілінің қолдауы біздің еліміздің қаншалықты жоғары сенімге ие екендігін аңғартса керек. Сондықтан осы сенімді ақтап, дүниежүзілік аренада белсенді жұмыс істеу міндеті білгір маман, білікті менеджер әрі кәсіпкер Кеңес Рақышев мырзаға жүктелді.   

Кез-келген спорт түрінің даму жолына қарап отырсаңыз, бірде жоғары өрлеп, бірде төмен құлдилағанын көресіз. Ережесі өзгереді, я болмаса олимпиадалық спорт түрінен алынып тасталады немесе салмақ дәрежелері қысқартылады тағысын тағы.

Айталық, осы күнге дейін 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп келген ерлер арасындағы бокс жарыстары енді 8 салмақ дәрежесіне дейін азайтылмақ. 


«Гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету» деген саясаттың терісін жамылғандар өз дегендеріне жетіп отыр. Алайда, бұл бастаманың орынды-орынсыздығы туралы Халықаралық олимпиада комитетімен келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстандық бокс федерациясы әуесқой бокстың тек еліміздің ішіндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі проблемаларын шешу үшін де жүйелі шешімдер ұсынуда.

Бүгінгі жылдық конференцияда боксқа еңбегі сіңген мамандар мен өңірлік федерация басшылары қазақ боксының 85 жылдығына орай шығарылған арнайы төсбелгілермен марапатталды.

Бокстан ҚР Ұлттық құрама командасының капитаны болған Әділбек Ниязымбетов пен Берік Әбдірахмановтарға спорттық мансаптарын аяқтауына байланысты арнайы марапатпен бірге, ақшалай сыйақы берілді.


Тәуелсіздік жылдары 7 Олимпиада жеңімпазы мен ондаған жүлдегерлерін, Әлем чемпиондарын даярладық. Бұл біздің осы кезге дейін қол қусырып отырмай, ерен еңбек атқарғанымызды көрсетсе керек. Бірақ «болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деген халық нақылында айтылғандай, болдым-толдым деуге жол жоқ. Қазақ боксының асығы алшысынан түсуі үшін әлі талай тер төгу қажет. Ең бастысы отандық бокстың жалауын желбіретін жүрген мамандар мен менеджерлер мұны жақсы түсінетініне бүгін көз жеткіздік.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру