Футбол 04 Желтоқсан, 2018 (0) (38)

Бапкерлер не дейді?

Ирландия астанасы Дублинде 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды.

Картинки по запросу european championship 2020

Жеребе қорытындысы бойынша біздің  ұлттық құрама I тобына Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Марино құрамаларымен бірге түсті. Осы орайда, жолдама үшін қарсылас атанған құрамалардың бас бапкерлері не деді екен? Көрейік.


Алекс Маклиш: «Алда тартысқа толы ойындар күтіп тұр»

Шотландия құрамасының бас бапкері Алекс Маклиш әр ойын тартысқа толы болады дейді. Оның ойынша, топтан бірінші орынмен Бельгия құрамасы шығады. Ал екінші орынға өзге құрамалар таласады екен:


- Ұзақ сапарлар, тартысқа толы ойындар күтіп тұр. Әсіресе, Бельгия құрамасына қарсы. Ойындардың арасында демалатын уақыт болады деп ойлаймын. Топтағы қарсыластар мықты. Босаңсуға болмайды. 

Биыл Әлем Чемпионатына қатысқан командалармен ойыннан кейін шабыттана түскеніміз рас. Олар Албания және Ирландия құрамалары. Бельгия бірінші орынмен шығып тұр деуге болады. Қалған құрамалар екінші орынға таласады. Бельгия алдымен Ресейге барады, кейін Глазгоға келеді. Әр ойын сайын тартыс арта түспек. 

Футбол болғандықтан әлемді шарлаймыз. Қазақстан туралы белгілі. Олардың клубы Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде ойнады. Әр құраманың өз қиындығы бар. Жеребенің қорытындысы қанағатттандырады.


Роберто Мартинес: «Қазақстанға алыс сапар күтіп тұр»

I тобының фавориті, ФИФА рейтингінде бірінші сатыға жайғсқан Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес оңай қарсылас жоқ екенін және әр ойын ерекше қызық болатынын атап өтті:


Топтың анықталғанына қуаныштымын. Алты командадан тұратын топқа түстік. Қазақстанға алыс сапар күтіп тұр. Сан-Марино жақынырақ. Ресей құрамасы керемет Әлем чемпионатын өткізіп, Испаниямен жақсы ойнады. Шотландиямен ойын қызық болмақ. Олар УЕФА Ұлттар Лигасының тобында жеңіске жетті. Жанкүйерлер үшін барлық ойын қызықты болады деп үміттенемін. Оңай қарсылас жоқ. Әрбір команда Ұлттар Лигасында дайындықтарын пысықтады. Бельгия әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Алайда, Швейцариямен ойыннан сабақ шығару қажет.


Ран Бен-Шимон: «Біздің топта оңай ойын болмайды»

Топтағы жалғыз арал-мемлекет Кипр құрамасының бас бапкері Ран Бен-Шимон Қазақстан мен «Астана» футбол клубы туралы жақсы білетінін айтып, футболда күтпеген нәтижелер жиі тіркелетінін айтты:


Топтағы әр ойын қиын. Үлкен командалардың үлкен мақсаттары бар. Ал, кішкентай командалардың арманы болады. Сол арманның орындалғанын қалаймыз. Қазақстан мен «Астана» футбол клубының соңғы жылдардағы ойындарынан хабардармын. Бапкер Станимир Стоилов туралы білемін. Біздің топта оңай ойын болмайды. Астана – керемет қала. Ойынды асыға күтеміз. 


Біздің құрама әр ойынға жүз пайыз дайындықпен шығады. Топтың көшбасшысын турнир кестесінен қарауға болады. Алайда, футболда күтпеген нәтижелер жиі тіркеледі.  


Франко Варрелла: «Біз үшін жаңа қарсыластар - жаңа тәжірибе»

Біздің топтың аутсайдері саналатын Сан-Марино құрамасының бас бапкері Франко Варрелла әр командаға өз бағасын берді:


Де Брюйне, Мертенс, Азар және Лукаку сынды жұлдыздары бар Бельгия құрамасымен ойында трибунаға жанкүйерлер көптеп жиналады. Бельгия құрамасы соңғы жылдары керемет ойынымен көзге түсіп жүр. Шотландия, Ресей және Қазақстан құрамаларының дайындықтары мықты. Ұлттар Лигасында Беларусь және Молдова құрамаларымен өткізген ойыннан кейін қай бағытта жұмыс істеу қажет екенін білеміз. Біз үшін жаңа қарсыластар - жаңа тәжірибе. Шотландия тактикалық ойында жақсы. Ал, Ресей құрамасы Еуропаның үздік құрамаларына қарсы тұра алатынын Әлем чемпионатында дәлелдей түсті. Қазақстан мен Кипр құрамалары бізден мықтырақ. Алайда, олардың ойындарына баға беру үшін толық мәлімет жоқ.


Станислав Черчесов: «Стоилов - білікті бапкер, сол себепті Қазақстан жақсы ойнай алады»

Әлем чемпионатын қабылдап, күтпеген нәтижеге жеткен Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов топта Бельгия құрамасын ерекше атап өтті:


Тең дәрежедегі қарсыластар түсті. Олардың арасында Бельгияның ерекшеленетіні айқын. Барлық команданы мұқият зерттеу керек, өйткені соңғы жылдары жолымыз түйіспеді. Әрине, Бельгиядан басқасын.


«Астана» командасы соңғы жылдары еуропалық деңгейде жақсы ойнап жүр. Әсіресе, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне түскен сәтте ерекшеленді. «Қайраттан» барлығы хабардар, әрине. Бірнеше футболшыны білемін. Сонымен қатар, ұлттық құраманы Станимир Стоилов жаттықтырады. Стоилов - білікті бапкер, сол себепті Қазақстан жақсы ойнай алады. 


Станимир Стоилов: «Қазақстан құрамасы топта шу көтеруге тырысады»

Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов топтың ең үздігі Бельгия құрамасы екенін айтып, жолдама үшін таласатынын жеткізді:


- Жеребенің қорытындысына көңілім толады. Біздің топтағы әр қарсыласқа салмақты дайындалу қажет. Іріктеу кезеңінің ойындары қызықты өтеді деп ойлаймын. Бізге өзге де мықты қарсыластар түсуі мүмкін еді. 

 

- Топтың үздігі кім? 


- Біздің топтың ең үздігі – Бельгия құрамасы. Ресей құрамасы да биыл өз үйінде өткен Әлем Чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті. Топтан шығу үшін күрес жүргізетін мықты командалардың бірі. Ресейліктердің бас бапкері Станислав Черчесов білікті маман. Топтағы барлық қатысушыларға лайықты қарсылық көрсете аламыз деп санаймын. 

 

- Қай құрама тосынсый жасауға дайын? 


- Кез келген құрама көпшілік күтпеген нәтижеге қол жеткізуі мүмкін. Ол Қазақстан құрамасы болғанын қалар едім. 

 

- Қазақстан құрамасы қандай орынға үміт арта алады? 


- Әзірге айту қиын. Жаттықтырушылар штабы мен футболшылар биік мақсаттарды алға қойып, оны орындауы міндетті. Мәселен, топтан шығу. Үйде өтетін ойындарда жақсы ойнау маңызды. Қазақстан құрамасы ойын деңгейін көтеріп, бір сатыға жоғарылауы тиіс. Біздің құраманың ойыншылары Ұлттар Лигасында жақсы тәжірибе жинады. Осы тәжірибе Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде көмектеседі деп үміттенемін. Қазақстан құрамасы топта шу көтеруге тырысып, жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға ұмтылады.


Айта кетеійк, 2020 жылғы Еуропа чемпионатына әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар өтеді. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі 2019 жылдың 21 наурызында басталады. 

http://kff.kz/kk


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру