Жекпе-жек 03 Желтоқсан, 2018 (0) (14)

Алматыда Arlan Grip Kids турнирі өтті

Жыл сайын Алматыда 6-17 жастағы балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін джиу-джитсудан Arlan Grip Selection Kids xалықаралық турнирінің биылғы финалына 500-ден астам адам жиналды.

ABB Arena-да біршама қатысушы келіп, өз өнерлерін көрсетті. Аталмыш турнир биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Оның басты мақсаты - елімізде джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау.  

- Осы жылы жарыс Arlan Grip Selection аясында үшінші рет өткізілді. Жалпы бұл шара 2015 жылдың ақпан айынан басталған болатын. Жылдан жылға оның деңгейі өсіп келеді, жас спортшылардың биылғы саны өте көп, ол бізді, әрине, қуантады, - деді жарыстың бас төрешісі Олжас Досжанов.  

Жергілікті джитсерлерден бөлек, бұл сайысқа еліміздің әр өңірі мен көрші Қырғызстан мемлекетінен келген жас спортшылар да қатысты. Сайыс IBJJF халықаралық федерация ережесіне сәйкес әр түрлі салмақ және жас дәрежелері бойынша ұйымдастырылды.  

Турнирге қатысқан қыздар мен ұлдар арасында көптеген жүлделерге ие болған оқушылар көрермендердің көздеріне түсіп, керемет көңіл-күй сыйлады. Мәселен, танымал жас әлем чемпионы Жібек Құлымбетова бұл жолы да бірінші орынға табан тіресе, оның командаласы талай жарыстардың жүлде жинап жүрген Ернар Қадырбек тағы да қарсыластарынан басым түсті.  

- Бүгін менің жолым болып, бірінші орын иелендім. Қарсыластарым сары белбеу иегерлері болды, жеңіс оңайлықпен келмеді. Бұл менің алғашқы алтыным емес. Осындай жеңістер алда көп болады деп сенемін, - деді 44 келі салмақ жеңімпазы Ернар Қадырбек.  

 - Мен алтын медаль алып, қуанып отырмын. QTT клубында екі жылдай айналысып келемін, маған бұл спорт өте ұнайды. Бұл менің 10 рет ұтып алған алтын жүлдем. Болашақта чемпион болғым келеді, - дейді өз ойын жеткізген 7 жасар Айсұлтан Жұмағали.  

Тартысқа толы болған барлық кездесулердің  жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік медальдар мен дипломдар, сонымен қатар, бағалы сыйлықтар табысталды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру