Желідегі жазбалар 03 Желтоқсан, 2018 (0) (582)

Сырымбек Тау, спорт жанашыры, Daco motors ЖШС басшысы: «Күресті әлемдегі нөмірі бірінші спорт түріне айналдырсам деген арманы бар енді Арманның»

Ә дегенше «Әлем барысының» кезекті жарысы өтті де кетті. 20 миллион теңгенің жүлдесіне боз кілемде 30-дай елдің балуаны белдескен. Қазақтың намысын бес бірдей апайтөсіміз қорғап, былтыр жеңген Айбек Нұғымаровымыз да тағы да жеңісті қолдан бермеді.


Айтайын дегенім, «Әлем Барысы» бүгінде қазақ күресінің абсолютті әлем чемпионатына айналды. Айналмақ түгілі, Норвегиядай бақуатты мемлекеттің өзі алғаш рет ұлттық күресімізде бағын сынайтындай өте беделді жарыс болды. Енді осының бәрі неден басталды дегенде, есімнен сол бір сапар шықпайды.
Қателеспесем, 2010 жылы Моңғолияға бардық. Арман Шораев ағамыз да ере шықты.  
Сегіз қанат киіз үйде жатып, сары қымызды сапырып ішіп, атқа мініп, күрес тамашалап дегендей, керемет сапар болған. Сондай бір салтанатты рәуіште, жақсы көңіл-күйде жүрген ағамыз «Қазақ күресін неге қолға алмасқа, әй, осыны ары қарап, бері қарап, менен басқа ешкім жауапкершілігін мойнына алмайды-ау»,  деп бекіп қайтқан.
Небір ой келіп, ойын айтып, айтқанын істемеген талай жанды көріп жүрміз ғой. Ал Арманның сондағы ойының жемісін көріп келесіздер – міне, жетінші жыл «Қазақстан барысы» турнирі ұйымдастырылып жүр.
Одан  бөлек «Еуразия барысы», «Халық барысы», «Әлем барысы» секілді түрлері өз беттерінше қанат қағып келеді. Демеуші тапты. Мемлекеттің мойнын бері бұрғызды. Қарасаңыз, бір ой осындай керемет бастамаға айналады деп кім ойлаған?!
Ал Арман армандады – күрестің деңгейі көтерілді, мәртебесі артты, өз қаһармандарымыз пайда болды. Үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт те, алғаш Барыс атанған Ұлан да, биылғы Қазақстан барысы Ержан да, екі дүркін "Әлем барысы" Айбек те – күрестің кілемінен шыққан мақтаныштарымыз кіл!
Осыларға қарап лек-лек болып жастар да күрес үйірмесіне ағылды. Мұның бәрі қолына алған іске жүрегін салып кірісетін Армандай азаматтың қажыр-қайратының арқасы деп білеміз. Күресті әлемдегі нөмірі бірінші спорт түріне айналдырсам деген арманы бар енді Арманның. Орындалса екен! Әумин дейсіздер ме?!



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру