Күрес 02 Желтоқсан, 2018 (0) (59)

Айбек Нұғымаров «Әлем барысы» атанды

Бүгін Балуан Шолақ спорт сарайында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған, Қазақстанды қосқанда 29 елдің өрендері бас қосқан қазақ күресінен «Әлем барысы»турнирі дүбірлеп өтті.


Орта Азияның бес командасына қоса, іргедегі Ресей, арырақтағы Армения, тіпті мұхит асып АҚШ, Куба, мына жақтан Жаңа Зеландия өкілдері келіп жетті. Біздің елден бес балуан, атап айтсақ, Ерсұлтан Мұзаппаров, Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов және Айбат Сейтендер ел намысын қорғау үшін білек сыбанды.

Биыл ерекше назар аударуға тұратын спортшылар жаңазеландиялық  Чико Реремоана Пемберто мен грузиялық Гурам Тушишвили болды десек артық айтқанымыз емес. Пемберто аса ірі денесімен көзге түсті, ол осы бәсекедегі 161 келі салмақтағы ең ауыр спортшы еді. Гурам болса, қарсыластарының біразынан басым түсіп, жартылай финалда Айбек Нұғымаровтан жеңілді. Белдесу барысында ол алда болатын, дегенмен Айбек тәжірибесіне сүйене білді. Аңысын аңдып жүріп, қарсыласын жамбасқа лақтырып, қапы қалдырды. Осы тұста Тушишвили наразы болды, оның айтуынша, әдіс қос балуан кілем сыртына шығып кеткенде жасалған. Ашуланғаны сонша кездесуден кейінгі жеңімпазды анықтау рәсімін тастай кетті. Жартылай финалдың тағы бір белдесуі шардаралық Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ресей дзюдошысы Роман Бобиков арасында өтті Бобиков қарсыласынан 5 жас үлкен, әрі  31 келіге ауыр болатын. Бірақ Мұзаппаров шалт қимылдап, ресейлікке дес бермеді. Сөйтіп финалға шықты. Ақтық белдесуде оны Айбек күтіп тұрған еді. Одан бұрын жартылай финалда жеңілген қос жампоз Тушишвили мен Бобиков үшінші орынға таласуы тиіс болатын. Алайда грузиялық тіпті кілемге шықпай қойды. Осы тұста диктордың  «Гурам кілемге шыққанда сөзсіз үшінші орыннан көрінер еді» деген сыңайда хабарландыру жасағаны құлаққа түрпідей тигені рас. Бұл енді спорттық этикаға да жатпайтын қылық деп ойлаймыз. Ол ол ма?! «Жарыстың ұйымдастырушысы - Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, жеңімпазы Нұғымаров Айбек болса» деп ұйқастырғаны да Ерсұлтанның шымбайына батар ма екен, егер ол естісе?!

Финалда қарсыласынан 53 келіге артық Айбек Нұғымаров Ерсұлтанды мыжғылап-ақ тастағандай көрінді. Дегенмен Мұзаппаров оңай беріле салмады. Айбек айласын асырып жүріп, жеңіп шықты.

Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.

1 миллион теңге – қазақ күресін лайықты деңгейде насихаттап жүрген тәжік балуаны Дадахон Курбоналиевке табысталды.

3 миллион теңгенің сертификаты – үшінші орынға ие болғаны үшін Роман Бобиковқа берілді.

6 миллион теңге – екінші орын алған Ерсұлтан Мұзаппаровқа бұйырды.

10 миллион теңге – «Әлем барысы» Айбек Нұғымаровтың қанжығасында кетті.

Сондай-ақ 3000 теңгенің билетімен кірген жанкүйерлер арасында «Рено Логан» автокөлігі ойнатылды.   

Жұмәділ Сарқытбай


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру