Сұхбат 30 Қараша, 2018 (0) (25)

Мейіржан ШЕРМАХАНБЕТ, әлем чемпионатының қола жүлдегері: «Қола жүлде үшін белдесуде жеңілуге хақым болмады»

Кеше ғана төрткүл дүние көз тіккен күрестен әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің ең үздік балуандары сайысқа түскен дүрмекте Қазақстан құрамасы үш медальға ие болды. Еркін күрестен 57 келі салмақта Нұрислам Санаев төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің құрбаны болып, алтын жүлдеден қағылды. Ал грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет қола жүлдегер атанды.

60 келіде белдескен Айдос ширек финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Жакартадағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Шинобу Отаны сан соқтырса, Мейіржан 67 келіде қарсыластарын қоғадай жапырды. Ол қарсыластарының барлығын уақытынан бұрын ұтып, ширек финалда Олимпиада және әлем чемпионы, атақты Исмаэль Борреро Молинаны тас талқан етті. Өкінішке қарай, жартылай финалда ресейлік Артем Сурковқа есе жіберіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Жасындай жарқыраған Мейіржан ерекше күресімен талайды тамсандырды. Спортшының өзімен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Мейіржан, жеңіс құтты болсын! Жарыстан алған әсерің қандай?

– Рақмет! Бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді. Шыны керек, жасөспірімдер арасында да, жастар арасында да әлем чемпионатында күреспегенмін. Әлем чемпионатын екі жылда бір өткізетін Венгрия бұл жолы да жақсы дайындалыпты. Жарыстың ашылу салтанаты, бәрі жоғары деңгейде өтті. Балуандардың да дайындығы өте мықты, бәрінің мақсаты – чемпион атану. Қола жүлдені жеңгенде қуанышымда шек болмады деп айта алмаймын. Бәлкім «чемпион атанам» деген мақсатпен барғаннан кейін шығар. Дегенмен қола жүлде де жаман нәтиже емес, артқан сенімді ақтай алдық. Өкініштісі, қола жүлдегерлер тумен бозкілемді айналып жүгіре алмайды екен. Мен жүгірерде төрешілер рұқсат бермей, жолымды бөгеді. Сонда да туымызды жамылып, залды айналып шықтым. Алла қаласа, елордамыздың төрінде өтетін әлем чемпионатында топ жарып, көк туды желбіретеміз деген ойдамын.

Қарсыластарыңның бәрін уақытынан бұрын ұттың. Ақтық сынға шығуға не жетпей қалды?

– Менің тобымда кіл мықты балуан жиналды. Алғашқы белдесуім 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Атакан Юкселге қарсы болды. Түрік балуанының қалай күресетінін тек ғаламтордан көргенмін. Тактиканы дұрыс қойып, Атаканды уақытынан бұрын ұттым. Ал ширек финалда Олимпиада чемпионы Исмаэль Борреромен жолым түйісті. Психологиялық тұрғыдан ешқандай қобалжу болған жоқ. Бозкілемге соңғы күшім сарқыл-ғанша күресуге бел байлап шықтым. Еркін күрестен де Олимпиада, әлем чемпиондары жеңіліп жатыр. Сондықтан бәрі өзіме байланысты және кімнің мықты екенін бозкілем шешетінін білдім. Кубалық балуан физикалық тұрғыдан өте мықты, мені аса менсіне қоймаған сияқты. Аллаға шүкір, белдесу ойдағыдай өтіп, қарсыласымның жауырынын жер иіскеттім. Үшінші айналымда Азия ойындарының қола жүлдегері, ирандық Мұхаммед Гераимен күрестім. Онымен осы уақытқа дейін екі рет кездесіп, екеуінде де жеңгенмін. Бұл белдесуде де тасым өрге домалап, ирандық балуанды сан соқтырдым. Жартылай финалда өзім күрескім келетін балуандардың бірі, Артем Сурковпен жолықтым. Белдесу барысында қателіктер жасап, болмайтын жерден ұпай беріп қойдым. Екінші айналымда физикалық тұрғыдан да әлеуетім жетпей, төрттағандағы мүмкіндікті пайдалана алмадым. Әлемдік деңгейдегі додаларда бір қателік бүкіл белдесудің тағдырын шешеді. Маған қателіктермен көп жұмыс істеп, физикалық тұрғыдан да еңбектену керек. Алдағы жарыстарда Сурковпен жолымыз түйіссе, кеткен есемді қайтаруға барымды саламын. Қола жүлдеге таласар алдында кубалық Боррероның бапкері маған: «Жарайсың, жақсы күреседі екенсің», – деді. Сондай-ақ түрік бапкерлері де жасымды сұрап, қолдау көрсетті. Қырғыз ағайындар да қола медаль үшін сайыста жанкүйер болып, жылы лебіздерін білдірді. Алтын жүлдеден қағылғаннан кейін, қола жүлде үшін белдесуде жеңілуге хақым жоқ екенін түсіндім.

– Күреске келуіңе кім себепкер болды? Спорттағы жүріп өткен жолың қандай?

– Бала күнімнен күреске икемім болды. Ауладағы күрескен балалардың барлығын жеңетінмін. 5-сыныпта күреске қатысып жүрген сыныптастарыммен бірге мен де еріп бардым. Алғашқы жаттығуда-ақ бапкердің көзіне түсіп, тәжірибелі балалармен күрестірді. Ағай күрестірген балалардың бәрін ұтып, негізгі құрамдағы жігіттермен жаттығатын болдым. Күрестің қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкерім – Оразбек Медеубеков. Әлі де сол кісінің қоластында жаттығамын. 2008 жылы Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатына оқуға түсіп, күреспен кәсіби түрде айналыса бастадым. Жасөспірімдер арасындағы ішкі турнирлердің біразында жеңімпаз атандым. 2012 жылы Бақтияр Байсейітов ағамыздың жүлдесіне арналған республикалық турнирде топ жардым. Ал жастар арасында жақсы нәтиже көрсете алмай, барлық турнирде жартылай финалда жеңіліске ұшырадым. Күресім жүрмей, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінуім сағымды сындыра бастады. Ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында да, Мардан Сапарбаев атындағы халықаралық турнирде де жеңілген соң, күресті қою туралы шешім қабылдадым. Бәрін тастап, бірге оқыған курстасыммен Қостанайға жұмыс істеуге кеттім. Қостанайда бір ай қара жұмыс істедім. Бірақ «бұлай қара жұмыс істегенімше, күрескенім артық еді» деп, күніге күресті ойлап жүрдім. Ақыры спорт өмірімнің бір бөлшегі екенін түсініп, екі айдан кейін қайта оралдым. Бапкерім де ересектер арасында қалай күресу керектігін, тактиканы да өзгерту керек екенін айтты. Чемпион болудың оңай еместігін, төзімділік пен табандылық танытқандар ғана биік шыңға жете алатынын санама құйды. Шымкент құрамасымен әртүрлі оқу-жаттығу жиындарына барып, қайтадан күреске деген құлшынысым екі есе артты. 2017 жылғы әлем чемпионатын көгілдір экранның артында көріп: «Шіркін-ай, біздің де осылай әлемдік додада күресетін күніміз туа ма екен? Бізде көк туымызды желбіретсек екен», – деп армандағанмын. Демеу Жадыраев пен Мейрамбек Айнағұловтың күміс жүлдесі арманымызға қанат бітірді. Сөйтіп Қарағанды қаласында өткен Нүркен Әбдіровті еске алуға арналған турнирге қатысып, финалға шықтым. Ақтық белдесуде Алмат ағамызға 7:8 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болдым. Осы жарыстан кейін бірден Ұлттық құрамаға шақырту алдым. Жастар арасында негізгі құрамға ілінбегендіктен, Ұлттық құрама қатарына қосылу кішігірім арманым болатын.

– Көптеген мамандар күресу мәнеріңнің ерекше екенін атап өтті. Өзіңнің үлгі тұтатын балуаның бар ма?

– Ғаламтордан атақты балуандардың белдесуін көріп, солардың жасаған әдісін қайталайтынмын. Әлі де солай істеймін. Белдесу барысында сол әдісті шығаруға тырысып, қарсыластарымды әдіс-айламен жеңгенді қалаймын. Өйткені әдіс жасағаннан айызым қанып, рахаттанамын. Бокс тілімен айтқанда ашық айқасты жақсы көремін. Жанкүйерлерге де іш пыстырарлық күрес ұнамайды. Нақты бір балуанды кумирім деп айта алмаймын. Мықты балуандардан үйренеріміз, аларымыз көп. Қайбір жылдары әзербайжандық балуан, әлем чемпионы Расул Чунаевтың күресіне қатты қызықтым. Оның тік тұрып күрескендегі «жамбас» әдісі, төрттағандағы «боковой» әдісіне сүйсінетінмін. Сондай-ақ өзіміздің Алмат ағамыздан да үйренеріміз көп. Ол кісінің де күресі ерекше, қарсы шабуылды өте жақсы жасайды. Төрттағандағы «питон» әдісіне Олимпиада чемпиондарының өзі төтеп бере алмайды. Жалпы екеуміздің күресу мәнереміз ұқсайтын сияқты.

– 2019 жылы елімізде күрес түрлерінен тұңғыш рет әлем чемпионаты өтеді. Ішкі біріншіліктегі басты қарсыласың ретінде кімді көресің?

– Әрине, тұңғыш рет Қазақстанда өтетін әлем чемпионатында кез келген балуан ел намысын қорғап қана қоймай, чемпион атануды армандайды. Елімізде 67 келі салмақта бәсекелестіктің қандай екенін барша жұрт біледі. Осал қарсылас жоқ, бәрі ішкі біріншілікте топ жарып, әлем чемпионатында күресуді мақсат тұтады. Менің де мақсатым – ішкі біріншіліктен сүрінбей өтіп, Астанада өтетін әлем чемпионатында өнер көрсету. Әлбетте, басты қарсыласым Алмат Кебіспаев екенін бәріңіз білесіздер. Алмат ағамыз әлемнің ең үздік балуандарының көшін бастап тұр. Ол кісіге екі рет есе жіберіп, бір рет жеңдім. Одан бөлек, Ашхабадтағы жабық Азия ойындарының чемпионы Данияр Қаленов те мықты балуан. 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының финалында кездескен Абылайхан Амзеев те оңай шағылатын жаңғақ емес. Ешбір қарсылас осал, ешбір белдесу оңай болмайды. Алла қаласа, Астанадағы дүрмекке дейін аянбай тер төгіп, елордамыздың төрінде көк туды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқым келеді.

– Демек, Токио Олимпиадасында күресу жоспарыңда бар ғой…

– Әрине, кез келген спортшының арманы – олимп шыңын бағындыру. Жаңа айтқанымдай, ішкі біріншілікте топ жарып, сосын Олимпиада ойындарына жолдамаға ие болу керек. Жолдама алып қана қоймай, Токио төрінде топ жаруды көздеймін. Оған әлеуетім де жетеді, мүмкіндігім де мол деп айта аламын. Тек сол уақытқа дейін жарақатсыз жетіп, күн-түн демей еңбектену керек Келесі меже Астанада өтетін әлем чемпионаты мен Токио Олимпиадасы.

– Отбасың туралы айтып кетсең….

– Мен 1996 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келдім. 2006 жылы Шымкент қаласына қоныс аударып, қазір сол жақта тұрамыз. Әкемнің аты-жөні Анарбай Тұрсынбаев, анам Гүлмира Ниязбаева. Отбасында алты ағайындымыз. Мен үйдің ортаншысымын, алдымда екі әпкем бар. Менен кейін інім және екі қарындасым бар. Атам Шермаханбет спортқа жақын адам еді. Қартайған шағында күніге екі-үш шақырым жүгіріп тұрған. Өзі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Жас жігіттермен кір көтеруден жарысып, салауатты өмір салтын ұстанған.

Айтпақшы, Мейіржанның әлем чемпионатында кішігірім жарақатпен өнер көрсеткенін білдік. Бірақ бұл туралы айтып, ақталғысы келмеді. Енді ол жастар арасында Румынияда өтетін әлем чемпионатында бағын сынайды. Ел намысы сынға түсетін додада Мейіржанға және барлық балуандарға жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз.


Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Дереккөз: zhasorken.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру