Футбол 23 Қараша, 2018 (0) (265)

Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен

Бүгін қазақ футболындағы аса талантты ойыншылардың бірі, Олег Литвиненконың туған күні екен. Тірі болғанда 45 жасқа толар еді.


Тек футболдағы ғұмыры ғана емес, қара жердің үстіндегі өмірі де қысқа болды.

Олег қарашада дүниеге келді, қарашада кетті. Бұл жаратқанның жазулы өміріне осындайда таң қалмасқа шара жоқ.

Олег Литвиненко - Қазақстан чемпионатында 148 гол соққан мерген шабуылшы. Туған жері Тараз қаласынының «Химик» командасынан бастап, еліміздің бірнеше клубында өнер көрсетті. 1994 жылы «Тараз» сапында 20 гол соғып, Қазақстан чемпионатының бас мергені атанды. Бұл жетістігін 1998 жылы «Елімайда» жүрген қайталады. Семейлік клуб сапында ол 23 ойында 23 гол соққан еді.
Оның өмірінде тәтті күндермен қатар, қиындықтар да көп болды. Екі бірдей клубпен келісімшарт жасасқанын біліп қойған Азия футбол қауымдастығы 1999 жылы бір жылға футолдан аластқаны бар. Осы оқиға оның өміріне қатты әсер еткені соншалық, көп уақытын ащы сумен өткізіп жүрді. 
Айып уақыты аяқталып, футболға қайта оралған «Литва», алматылық «Қайратпен» келісімшартқа отырады. Өзінің басты жұмысы гол салу екенін бұл жерде де ұмыт қалдырған жоқ. Жаңа ғасырдың басында 23 кездесуге қатысып, 13 мәрте көзге түсті. Сол жылы 6 шілде күні «Қайрат» Астанада Қазақстан Кубогында финалында «Аксесс-Голден-Грейнмен» кездесіп 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында ол екі голмен көзге түсті.
Литвиненко сондай-ақ Қазақстанда ғана емес, Кипрдің «Эрмис» командасында да өнер көрсеткен. Бірақ ол жақта жолы болды деп айту қиын. Бар жоғы тоғыз ойын өткізіп, бір гол соқпағаны мерген шабуылшының жанына батқаны ақиқат. 2002 жылы елге оралып, «Елімай» мен «Жеңісте» өнер көрсетті. Ал 2004 жылы «Ақтөбе-Ленто» өз қатарына шақырады. Бес ойында жалғыз гол соғып, ол жерде де өз бақытын таппады. Батыс командасы келісімшартты бұзып, трансферге қояды. Бірнеше ай доп теппеген ол талантты жастардан жасақталған «Алматы» командасымен ортақ келісімге келеді. Бір маусымда 22 ойын өткізіп, 7 мәрте мергендік танытып, қайта спорттық бабына ене бастағандай көрінген. Футболға қайта оралған шабуылшыны ұлттық құраманың сол кездегі бас бапкері Сергей Тимофеев Еуропаның азулы құрамаларымен болған әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне шақырып жүрді. Тұңғыш рет Еуропа аймағы бойынша сынға түскен еліміздің бас командасы сапында Дания, Грекия, Албания, Түркия құрамаларына қарсы өнер көрсетті.
Ал 2006 жылы бірінші лигадағы «Семей» командасынан (бұрыңғы «Елімай) шақырту алады. Олегті шақырған бір кезде осы команданың шабуылында бірге ойқастаған досы Андрей Мирошниченко болатын. Бірақ Мирошинченконың қол астында да көп тұрақтап қалмады. Жарты маусым өткізіп, тағы да жасыл алаңнан алыстап кетті.
Көптеген футболшылар үлкен спорттағы карьерасын аяқтайтын тұста, өзі туған жеріне оралып жатады ғой. Литва да өмірінің соңғы күндерін өзін тәрбилеген «Тараз» сапында өткізді.
2007 жылы 18 қараша күні оның өлі денесі табылды. Ресми мәлімметтер бойынша, футболшы өз-өзіне қол салғаны анықталды. Бірақ, шын ақиқат бір аллаға ғана аян. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын шығар. Бір анығы, футболсүйер қауым таланатты шабуылшыдан ерте айырылып қалды.


Олег Литвиненконың жетістіктері:
Қазақстанның 2 дүркін чемпионы (1995, 1998 жылдары)
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (1996 жылы)
Қазақстан Кубогының иегері (1995, 2000, 2002 жылдары)
Қазақстан чемпионатының бас мергені (1994, 1998 жылдары)
Қазақстан құрамасы сапында 28 ойын өткізіп, 6 гол салды. Ел чемпионатында 148 голдың авторы атанды. Жалпы Қазақстан чемпионатын, ұлттық құрама, Қазақстан кубогында соққан голдарының барлығын есепке алғанда – 183.


Бек Төлеуов


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру