Күрес 22 Қараша, 2018 (0) (35)

Елдос Сметов: Азия ойындарында алған жарақаттан толық айықтым

23-25 қараша күндері Жапонияның Осака қаласында дзюдодан жылдың соңғы «GrandSlam» кезеңі өтеді. Әлемдік «Grand Slam» жарысына Қазақстан құрамасынан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те қатыстады.


Естеріңізге сала кетсек, Елдос Азия ойындарында жарақат алғаннан кейін Абу-Дабиде өткен «Grand Slam турниріне қатысқан болатын. Ол кезде жұбаныш финалында қола медаль үшін белдесуде өзбекстандық балуан Шарафуддин Лутфиллаевқа есе жіберіп, жарысты 5-орынмен аяқтаған еді. Жарақатынан айыққан спортшымыздың жағдайын біліп, жарысқа дайындығы туралы өзінен сұрған болатынбыз.

- Елдос, денсаулығыңыз қалай? Жарақаттан толық айықтыңыз ба?

- Денсаулығым жақсы. Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында жарақат алғаннан кейін бір ай жаттығу жасамай, ем алып жүрдім. Қазір толық айықтым десем де болады. Жарақатым қазір жаттығуыма кедергісін келтіріп жатқан жоқ.

- Абу-Дабиде өткен "Gramd Slam" жарысы туралы не айтасыз?

- Азия ойындарынан кейін қатысқан алғашқы жарысым Абу-Дабидегі «Grand Slam» жарысы болды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жарақатыма байланысты бір ай көлемінде жаттығу жасамадым. Жаттығу аз болғандықтан көрсеткіш төмен болды деп ойлаймын. Жарыс барысында аз жаттығудың кесірінен шаршап қалатынымды сездім. Қазір бәрі жақсы. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатырмыз.

- Жанкүйерлер сізді енді татамиде қашан көреді? Жыл соңына дейін қандай жарысқа қатысасыз?

- Жыл соңына дейін екі жарысқа қатысамын. Біріншісі Жапонияның Осака қаласында өтетін әлемдік «Gramd Slam» турнирі болса, екіншісі әлем үздіктері бас қосатын «Masters» турнирі. 15-16 желтоқсан күндері Қытайдың Гунджоу қаласында өтетін «Masters» турнирі Әлем чемпионаты іспетті. Бұған әлем рейтінгінде көш бастаған тек ТОП-16 мықты спортшылар ғана қатысады. Ал 23 қараша күні Осака қаласында күресемін. Оған дайындығым жақсы. Аталмыш жарыста жоғары дәрежеде күрес көрсетеміз деп сенемін. Барлық жағдайда үнемі қолдау көрсететін жанкүйерлерге алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында үлкен жетістіктерге бірге жетеміз деп сенемін!

- 2018 жылды қорытындыласаңыз: Сіз үшін қалай өтті?

- 2018 жыл мен үшін әлі аяқталған жоқ. Жоғарыда айтқан жарыстардан кейін қорытынды жасап, келесі жылға жоспар құрамыз деп ойлаймын.


Дереккөз: olympic.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру