Бокс 21 Қараша, 2018 (0) (43)

Абылайхан Жүсіпов: Ел айтып жүретіндей бокс көрсеттік

2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жұлдызы Абылайхан Жүсіпов қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде еліміздің жаңа чемпионы атанды.

Жастар арасынан ересектер қатарына өтіп, буын ауыстыру кезеңін бастан өткерген боксшы Ақтаудағы біріншіліктен кейін өз пікірімен бөлісті деп хабарлайды Olympic.kz



 - Абылайхан, сізді Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! 69 келідегі финалдық бәсеке әлі күнге дейін жанкүйерлер аузынан түсер емес...

 - Көп рахмет! Әрине, көпшілік айтып жүретіндей кездесу болды деп ойлаймын. Асланбек Шымбергеновпен бұрын жолым түйіспеген еді. Міне, осы жолы кездесіп, екеуара кім мықты екенін шешіп алдық. Жекпе-жек өте тарысты өтті. Себебі, қарсыласым қарымды боксшы. Бүкіләлемдік бокс сериясында шыңдалып, Азия ойындарында күміске қол жеткізген. Осындай қарсыласты финалда жеңгенім үшін қуаныштымын. 

 - Асланбек секілді азулы боксшыдан басым болудың құпиясы неде?

 - Ешқандай құпиясы жоқ. Бар болғаны – бапкерлерім құрған тактикалық жоспарды орындап шықтым. 

- Сіз көптен бері ресми жарыстарға қатыспадыңыз. Сол аралықта Азия ойындары да өтіп кетті. Құрлық додасынан сырт қалуыңыздың себебі неде?

 - Азия ойындарының алдында Президент кубогі бәсекесі өтті. Тап сол турнирде Азиадаға кімдердің аттанатыны анықталған еді. Сол жолы біздің салмақтағы финалда Асланбек екеуміз кездесуге тиіс едік. Алайда, жарақатыма байланысты ақтық сынға шығудан бас тарттым. Сөйтіп, жеңіс Шымбергеновке берілді де, Джакартадағы додаға Асланбек қатысты. 

 - Қазақстан біріншілігіне дайындығыңыз қалай өтті?

 - Азия ойындарына қатыспасам да, дайындығым еш толастаған жоқ. Ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Азиадаға баратын командалас жігіттерге көмектестім. Яғни, бабымда болдым деп айтуға толық негіз бар. 


 - Ақтаудағы ел чемпионатының деңгейі туралы не айтасыз?

 - Біріншіліктің ұйымдастырылуы да, Ақтау қаласы мен оның тұрғындары да көңілімнен шықты. Чемпионатқа кіл мықты спортшылар қатысып, ең соңына дейін күрескенін көрдік. Демек, өсу бар. 

 - Өз салмағыңызда жұдырықтасу стилі көңіліңізден шыққан боксшылар бар ма?

 - Әрине, бар. Мәселен, Қанағат Маралов атты астаналық боксшының шеберлігіне риза болдым. Маңғыстау облысында Мәулен Өскенбек есімді жақсы спортшы өсіп келеді. Негізі, біздің салмақта «сен тұр, мен атайын» деген боксшылар көп. Бәсекелестіктің жоғары болғаны тек қуантады. 

- 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 64 келіде бақ сынадыңыз. Дегенмен, Олимпиада сіз үшін медальсіз аяқталды. Ал көпшілік ерекше үміт күтетін, қазақтың әйгілі боксшылары жүлде салған 69 келіде жұдырықтасу артық жауапкершілік жүктей ме?

 - Негізі, қай салмақта жүрсең де жауапкершіліктен қашып құтылмайсың. Өйткені, ойыңда тек бір мақсат тұрады. Ол – еліңнің намысын абыроймен қорғау. Рио Олимпиадасында маған тәжірибе де жетіспеді, денсаулығыма қатысты кедергілер де болды. Сондықтан, төртжылдық додасынан құр қол қайттым. Сол сында мені жастығыма қарамай, тәжірибелі ағаларымның соңынан ерткен бас бапкер Мырзағали Айтжановқа алғысым зор. 

 - Биылғы маусым аяқталды. Ендігі мақсат – әлем чемпионаты, лицензиялық турнирлер мен Олимпиада шығар?

 - Алдын-ала кесіп айтқым келмейді. Барлығын бапкерлер шешеді. Біздің міндетіміз – толассыз дайындалу ғана...


ФОТО: Данияр Майлыбаев, ҰОК.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру