Күрес 18 Қараша, 2018 (0) (92)

Сән-салтанаты келіскен «Болат Тұрлыханов кубогы» турнирі аяқталды

Алматыда екі күн бойы дәстүрлі халықаралық ХХІV «Болат Тұрлыханов кубогы турнирі» өтті. Оннан аса елден 150 спортшы келген аталмыш жарыс көрермен көзайымына айналды.

Грек-рим күресі десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер үшін керемет тойға айналған мемориалдің Әлемдік күрес кеңесінің күнтізбесіне кіргенін ескерсек, мәртебесін айтып жатудың өзі артық.

Жер-жерден кіл мықтылар да келді. Мәселен, құрметті қонақтардың арасында үш дүркін олимпиада, тоғыз дүркін әлем чемпионы Александр Карелин, олимпиада чемпионы Командор Меджидов сынды аңыздарға қоса, Армения спорт министрлігінің өкілі, Украинадан келген тұлғалар да бар. Грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров, Туризм және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды лауазымды тұлғалар да төбе көрсетті. Оның үстіне Азия күрес кеңесінің төрағасы, Қазақстан күрес түрлері федерациясының вице-президенті, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем, Еуропа чемпионы, КСРО-ның жеті мәрте жеңімпазы Дәулет Тұрлыханов дәл бүгін 55 жасқа толып отыр.

Турнирдің ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Қазақтың тұрмыс-салтын бейнелеген театрландырған көрініс ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Ұлттық нақышта киінген әнші-бишілер мен айтыскер ақындар, батырлар, найзагерлер мен мергендер керемет көріністер көрсетсе, сәйгүлік мінген көшбасы ер жігіт қазақтың өмірі, әдеп-ғұрпы туралы баяндап тұрды. Құмай тазы ерткен аңшыларды, қыран бүркіт баптаған құсбегілер қопаштап, бүркіттің аң аулауын көрсетті. Акробаттар тамаша өнерлерін ортаға салса, әншілердің шырқаған әні шартарапқа тарағандай әсер қалдырып, жүректі тебіренткені рас. Армения спорты өкілі мен Украинадан келген қонақтар Дәулет Болатұлының спортқа сіңірген еңбегін жоғары бағалап, кеудесіне қос алтын медалді қадады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары да Дәулет Тұрлыхановты мерейтойымен құттықтап, Қазақстан спортына қалдырған ізін ерекше бағалады. Күміс көмей әнші Медеу Арынбаев құлақ құрышын қандырды.

Турнирдің салтанатты шарасы тәмамдалған тұста, балуандар белдесуіне куә болдық.

67 келі салмақта қос бірдей оғланымыз Данияр Қаленов пен Алмат Кебісбаев турнирдің қола жүлдегерлері атанса, ресейлік Заур Кабалоевті 10:7 есебімен ұтқан Әділхан Сатоев жарыс жеңімпазы атанды.

77 келіде Жасұлан Маратов та қола жүлдені қанжығасына басты. Бұл салмақта тағы бір қоланы Ресей спортшысы Ираклий Каландия жеңіп алса, Оңтүстік Корея өкілі Ким Хен Ву чемпион атанып, ресейлік Д. Петайкин күміспен күптелді.

Қазақ балуандары ішінен тағы да жүлде алған спортшымыз 97 келідегі Әлімхан Сыздықов болды. Ресейден келген Хантемир Магомадов та үшінші орыннан көрінді. Финалда көршілес елдің балуандары Никита Мельников пен Данил Сотников белдесіп, алғашқысы чемпион атанды.

6 салмақ бойынша Өзбекстандық спортшылар екі алтын, Ресей өкілдері екі алтынды қанжығалады. Оңтүстік Корея балуаны мен кілем иелері Қазақстан спортшыларында бір-бір алтыннан бар.

Турнир аяқталғаннан соң, жанкүйерлер мәртебелі меймандармен естелік суреттерге түсті.

Әйгерім Тоқсанбек


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру